• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Наурыз, 2023

Екі елдің өзара тиімді әріптестігі

159 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайылов елімізге алғаш рет сапармен келген ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы, 20-шақырылымдағы ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі Ма Синжуймен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Премьер-министр Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті, оның жалпы тауар айналымы құры­лымындағы үлесі 18%-ды құрайды. Мәселен, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 34%-ға өсіп,  24 млрд АҚШ долларынан асты, бұл 30 жыл ішінде қол жеткізілген жаңа рекордтық көрсеткіш болды. Сонымен қатар ол өзара сауда көлемінің 40%-дан астамы ШҰАА-ға тиесілі екенін айтты.

«Екі мемлекет басшыларының 2030 жылға қарай тауар айналымын 35 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі міндетін ескеретін болсақ, Қазақстанның Шыңжаңмен өзара саудасы бұдан да зор маңызға ие болады. Біз қытайлық әріптестерімізбен бірге осынау биік мақсаттарға жету үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз»,  деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта өз­ара сауда-саттық қарқыны, оның ішінде ши­кі­заттық емес, тауарлық позициялармен ны­ғая түсуде. Осыған байланысты Премьер-ми­нистр Қытайға 135 тауар түрі бойын­ша отан­дық өнім экспортын  1 млрд долларға ұл­ғайта отырып, оң үрдісті қолдауды ұсынды.

Өзара іс-қимылдың маңызды бағыты инвестициялық ынтымақтастық, атап айтқанда, құны 21 млрд доллардан асатын 52 бірлескен жобаны іске асыру болып отыр. Жалпы, Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция салған елдердің ТОП-5 қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда ҚХР-дан инвестициялардың жалпы ағыны 23 млрд долларға  жетті.

«ШҰАА инвестициялық қоғамдастығын бірлескен жобаларға қатысуын кеңейтуге шақырамыз»,  деді Премьер-министр.

Әлихан Смайылов екіжақты байланыстарды дамытуда шекара маңындағы өңірлердің өзара іс-қимылы ерекше екенін айтты. Осыған байланысты ол Алматыда бірқатар өңіраралық келісімдер мен коммерциялық құжаттарға қол қою жоспарланып отырған шекара маңы ынтымақтастығының 2-ші Достық диалогін өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Ма Синжуй Қазақстан мен Қытай­ды тығыз экономикалық қарым-қаты­нас­тар байланыстыратынын атап өтіп, ШҰАА ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энер­ге­тика, логистика, білім беру, инновация жә­не т.б. бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақ­тас­тықты жандандыруға дайын екенін мәлімдеді.

«Қытай мен Қазақстанға таулар мен өзендер ортақ, біз – тату көрші әрі серіктес елдерміз. Осы 30 жыл ішінде біздің елдеріміз екіжақты қарым-қатынасты өзара сенім рухында дамыта білді. Екі мемлекет басшылары бірлесіп ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жоспарларын белгіледі. Біз түрлі салаларда қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруымыз керек»,  деді Ма Синжуй.

Кездесу барысында шекарадағы кедергі­лерді жою жөніндегі іс-қимылдарды үйлес­тіру мәселелері жан-жақты қозғалды. Бірлес­кен күш-жігердің арқасында шекара­лық автомобиль бекеттерінің өткізу қабіле­тінің артуы байқалады, бұл екі елдің де эко­номикалық дамуына тиімді болып отыр.

Премьер-министр бес пункттің екеуін­де ауыл шаруашылығы өнімдерін жедел­детіп өткізу үшін «жасыл дәліздер» іске қосыл­ғанына назар аударып, қалған үшеуін­де, яғни: «Достық – Алашанькоу», «Май­қапшағай – Зимунай» және «Қалжат – Дулаты» бекеттерінде оларды іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Әлихан Смайылов қазақстандық жүк тасымалдаушыларға ҚХР-ға кіру үшін виза беру рәсімдерін жеделдету мәселесін көтерді, бұл жалпы тауар айналымының қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы ынтымақтастықты тереңдету перспективалары, «Қорғас» ШЫХО (Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы) қызметін қалпына келтіру, бақылау-өткізу бекеттерін жаңғырту жөніндегі жоспар­лар, трансшекаралық өзендерді пайдалану және басқа да бірқатар мәселе талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің өзара тиімді әріптестігін одан әрі дамыту үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмсауға дайын екендерін растады.