Еліміздің тәуелсіздігі талай тұғырлы тұлғалардың өмірбаяндық, ерлік дерекнамаларын тың деректермен толықтыруға кең мүмкіндік ашқаны белгілі. Жасыратыны жоқ, тарих көмбесінде көлегейленген кейбір баһадүр батырлардың көмескіленген бейнелері әртүрлі негізсіз дақпыртпен бүгінгі күнге толыққанды күйінде жетпей жүргені де мәлім. Осындай жадыға түскен селкеулік тіні бірте-бірте шындықпен ширатылып, елдің ерен тұлғаларының тасада қалған батырлық баяндары назарға нақты ұсыныла бастағаны көңіл қуантады.
Міне, сондай тарих ақтаңдақтарының келелі сыры түбірімен бүтінделе бастауының бір мысалын Жәнібек Бердәулетұлының – Ер Жәнібектің туғанына 300 жыл толуы тұсында айқын аңғарып отырмыз. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестің хас батыры әрі ел мұңын жоқтаған шешен тілді біртуары ортамызға қайта оралып келгендей әсерге бөлейді. Қаз дауысты Қазыбек би нағашысы боп келетін Ер Жәнібек көмекейі бүлкіл қаққан, от ауызды, орақ тілді шешен болмағанда қайтсін. Батырдың жоңғар қалмақтарына қарсы атойлаған күресі «Ер Жәнібек» тарихи жырында келісті суреттелген. Сондай-ақ, тарихшы Құрбанғали Хамидтің «Тауарих хамса» кітабында да Ер Жәнібектің Абылай сенімін иеленген батыр болғаны, сонымен бірге теңдессіз шешен екендігі сипатталады. Сонда егеулі найза мен тіл шоқпары қолдасса, жүрегі түкті батырдың жауға шапқан кесек келбетін көзге елестету еш қиындық туғызбаса керек-ті!
... Міне, Жарма ауданының Қалбатау кентінен он бес шақырымдай жердегі Ортабұлақ қыратында мәңгілік тыныстап жатқан Ер Жәнібек бабамыздың зиратына тәу етіп, құран бағыштаған қалың халық, біразы Қытай мен Моңғолиядан арнайы келген ұрпақтары, сауапты парыздарын атқарған соң, сексенге жуық киіз үй тігілген алаңқайға жиылып той мезіретін бастап кетті. Кешкілік Мәдениет үйінде «Ел қорғаны Ер Жәнібек» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Кіріспе сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев Ер Жәнібектің ұлтты ұйыстырудағы ерен өнегесін тілге тиек етті.
Баһадүр Ер Жәнібек ерен батырлар Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, т.б. дарабоздармен тізе қоса отырып, жоңғар соғысының аяғына дейін кескілескен ұрыс салады. 1731 жылы Әбілқайыр Ресей империясының бодандығын қабылдаған кезде Ер Жәнібек керей тайпасын бастап, Сыр бойынан үдере көшіп, Қалба тауына келіп қоныстанады. Осы арадан Алтайдың Ақтау төңірегіндегі бір асуынан жол салып асып барып, Өр Алтайды шолып қайтады. Бұл асу кейін «Жәнібек асуы» деп аталып кеткен. 1760 жылы Жәнібек батыр абақ керей руын Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырады.
Ер Жәнібектің Шіңгіл ауданында тұратын он бірінші ұрпағы Зардықанның үйінде сақталған қасиетті туын 1940 жылы Оспан батыр Қытай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі кезінде көтеріп шығады. Міне, осындай мәңгілік рух көтерер ерлік иесі туралы тәуелсіз елімізде тың да тосын ізденістер жүргізіліп, түрлі ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, ас беріліп жатқаны ұлтымыздың ертеңіне қызмет ететін өнегелі іс болмақшы.
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов «Қазақтардың жоңғарға қарсы азаттық соғысы» деген тақырыпта баяндама жасады. Кеңінен толғай келген атақты жазушы бабаларымыздың мирас етіп кеткен ұлан-ғайыр жерінің ұлтарақтай телімін қастерлеп ұстауымыз қажеттігін баса ескертті. Расында да тарих әрдайым шыншылдығымен салтанат құрғаны қандай жақсы. Осы ретте ойға әралуан ерлік сипаттары орала түседі екен.
Тарихта Ер Жәнібектің елдің тұтастығы мен бірлігін сақтау жолындағы тындырған іс-қимылы ерекше аталады. Соның бір мысалы мынандай. Және де бұдан Қаракерей Қабанбай мен оның керемет достығын, ел тағдыры жолындағы мақсаттастығының жарқын үлгісін ұғынғандай боламыз. Соның бір көрінісін айтып көрелік. Жоңғарлардың тегеурінді тепкісіне шыдамаған Алтай керейлері амалсыз ауып, Сыр бойына баруға мәжбүр болған еді. Жоңғарлардың негізгі күші жеңілгеннен кейін, қайтадан атамекеніне оралады. Бірақ жоңғарлардың қалдық күштері Абақ елін қоршауға алып, қырғыншылық жүргізеді. Осындай қысылтаяң кезде Жәнібек батыр Қабанбайдан көмек сұраған. Қабанбай қалың қол бастап келіп, Абақ елін апаттан құтқарып, жауын жайратып, қалған жоңғарларды Қобдаға асырып тастаған. Осы бір жағдай Ақыт Үлімжіұлының «Абақ шежіресі» деген жырында тамаша суреттелген.
Абылай ханның дәуірінде батыр және әскербасы болып келген – Қаракерей Қабанбай, Алтыбай батыр, Ақтанберді батыр, Матай Шөңкей батыр, Бура Ақбантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай, Бәсентиін Малайсары және басқа батырлардың қатарында Керей Жәнібек батырдың аталуы да оның еңбегіне берілген жоғары баға іспеттес.
Жазушы, Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Тәукейұлы Ер Жәнібектің көркемдік тұлғасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы Ер Жәнібектің ел есінде сақталу феномені, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай Ер Жәнібектің Алаш ұранына айналудағы мысы мен киесі төңірегінде кеңінен әңгімеледі. Сонымен бірге М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабай «Ер Жәнібек туралы тарихи жырлар», осы институттың бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Нұрдәулет Ақыш «Қазақ прозасындағы Ер Жәнібек бейнесі» туралы баяндама жасап, тыңдармандарға терең мәлімет берді.
Расында да Ер Жәнібектің өшпес ерлігі қазақ әдебиетінде де алуан қырынан әңгіме өзегіне айналғаны белгілі. Ол туралы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында маңызды деректер бар. Ал заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» деген зерттеу еңбегінде былай деп жазды: «Ежелгі ер түріктің бесігі болған, соңғы заманда жарымы ойратқа, жарымы моңғолға қараған, қазақтардың өзі неше барып қайырылған, ақыры Жоңғар иелігіне айналған бүкіл Шығыс атырап сол өңірдің ежелгі иесіне қайтып оралды. Әуелде Керей Жәнібек батырдың, одан соң Қотырақ батырдың туы астында, 1760 жылдардан бастап ерулей қонған, тынымсыз жылжыған алаш ұлы бүкіл Жоңғар жерін қайта толтырады». Осы мысалдан-ақ, Керей Жәнібек батырдың елдің ертеңі, яғни бүгіні үшін кескілесіп күрескені айқын көрініп тұр емес пе!
Халық жадында Жәнібек батырдың ерлігі әрдайым жаңғырып, тың деректермен толыға түсетініне куә болып отырмыз. Қазірдің өзінде ол туралы 8 тарихи жыр, 43 әңгіме кеңінен таралған. Моңғолияда тұратын қазақ жазушысы Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» романы жарыққа шықты. Қытайдағы жазушы Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романы да мол мағлұматымен құнды болса керек. Ақыт Үлімжіұлының «Ер Жәнібек» атты дастаны да баһадүрдің бейнесін сомдаудағы нағыз деректік үлгіні сапаландыра түскен шығарма екеніне тұшынамыз. Ауыз әдебиетінің небір шоқтықты абыздарының жырларына арқау болған Керей Жәнібек Бердәулетұлының аңызға бергісіз ерлігі тарих көшімен алғы ғасырларға аманаттала беретініне бек сенімдіміз.
Аруаққа арнап құран-хатым түсіру рәсімін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің өзі жасады. Бұған қоса ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, концерттік бағдарламалар кең тынысты болып, көркемдікпен өрілді. Сондай-ақ, тойда Мұхаметқазы Мұхамедиұлының «Ердің ері – Ер Жәнібек» атты кітабының тұсаукесері болды. Кітаптың жарық көруіне демеушілік жасаған рухы биік азаматтар Мерей Сіләмұлы мен Қайролла Мамытанұлына шынайы алғыс білдірілді.
Атамекен іргесінің беріктігі мен ел бірлігін нығайту жолында жанын пида етіп күресіп өткен Ер Жәнібектің бұл тойы – бүкіл қазақ елінің, ұрпақтарының батыр аманатына деген адалдығының жарқын көрінісі ретінде тарихта бедерленбекші.
Қайсар ӘЛІМ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы.
Суретте: жазушы Нұрдәулет АҚЫШ пен автор.