Түркітілдес халықтардың мәдениеті мен өнерін дамыту халықаралық ұйымы 2023 жылды «Темірбек Жүргенов жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған сәйкес, есімі мен еңбегі қазақ халқына ғана емес, Орталық Азия халықтарына ортақ бірегей тұлғаны ұлт болып ұлықтау іс-шараларын республикалық, халықаралық деңгейде ұйымдастыру қолға алынып, жыл көлемінде Темірбек Жүргеновтің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттаудың жобалары бекітілді.
Ұлт қайраткерінің 125 жылдық мерейтойын республика көлемінде атап өтудің алғашқы салтанатты шарасы Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрынан бастау алды. Ұлтын ұлы биіктерге көтерген тарихи тұлғаның тағылымға толы өнегелі өмірін кейінгі ұрпақ жадында жаңғыртуға арналған салтанатты кешке қатысқан құрметті қонақтар арасында Мәдениет және спорт министрі міндетін атқарушы Асхат Оралов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, халықаралық ТҮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы болды.
Ұлттық өнер мен мәдениеттің қалыптасуы жолында іргелі істің ұйытқысы болған бірегей тұлғаны еске алу мақсатында Ұлттық опера және балет театрының сахнасында «Темірқазық» атты әртүрлі шығармашылық бірлестіктердің жас таланттарының концерті ұйымдастырылды. Концерт А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің шәкірттері дайындаған «Жұлдыздардың ағуы» композициясымен ашылды. 1930 жылдардағы Т.Жүргеновтің басындағы қиын-қыстау күндердің бір үзігін баяндаған Ұлттық опера және балет театрының әртістері сол бір суық кезеңнің сұмдығы мен азабын шын сезіндірді. М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртістері ұсынған сахналық қойылым Жүргеновтің тұлғалық болмысын таныта түсті.
Б.Байқадамов атындағы Қазақ мемлекеттік хор капелласымен иық тіресе аты қатар аталатын талантты шәкірттер ұстаханасы А.Жұбанов атындағы музыка мектебі оқушыларының хоры Ескендір Хасанғалиевтің айбынды «Атамекен» әнін орындағанда, кешегі Алаш арысының арманы бүгінгі уақыт екпінімен үйлесім тапқандай, дүйім елді орнынан дүркіретіп тік тұрғызды. Т.Жүргенов атындағы ұлттық Өнер академиясының «Дәстүрлі өнер» кафедрасының студенттері «Ойламаңдар жігіттер» термесін орындап, «1936 жыл декадасы», «Шежіре», «Алаш ұлы», «Жұлдыз бала» атты бейнероликтер көрсетті.
Қазақ мәдениеті мен білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан Темірбек Қараұлының қайраткерлігі мен өлшеусіз еңбегін еске алуға арналған мазмұнды шара концертпен ғана шектелмей, белгілі жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» атты кітабының тұсаукесерімен жалғасын тапты. 3 мың дана тиражбен жарық көрген кітаптың жібекбауын қию рәсіміне Түркітілдес халықтардың мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымы бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Аңсат, өнертану кандидаты Амангелді Мұқан қатысты. Билал Чакыджы: «Орта Азия халықтарының мүддесіне қашан да қамқор ТҮРКСОЙ бұдан әрі де Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік болмысын дәріптей беру үшін оның құрметіне әртүрлі тілдегі кітаптарды жарыққа шығарып, ауқымды салтанатты жиындар өткізуге даяр», деді. Ал Мәдениет және спорт министрі міндетін атқарушы Асхат Оралов Алматыда басталған гала-концерттердің алдағы уақытта Ақтөбе және Қызылорда облыстарында да жалғасын табатынын жеткізді. «Басты мақсатымыз – Темірбек Жүргенов секілді ұлы тұлғалардың есімі мен шығармашылығын мәңгілік есте қалдыру. Сол себепті ауқымды іс-шаралар Қазақстанда ғана емес, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан және басқа да түркітілдес елдерде де ұйымдастырылды», деді министр.
Сондай-ақ бұл күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында ТҮРКСОЙ аясында Түркі елдерінің шығармашылық жоғары оқу орындарының қауымдастықтары арасындағы меморандумға қол қойылды. Атап айтсақ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, Әзербайжан Мемлекеттік мәдениет және өнер университеті, Б.Бейшеналиева атындағы Қырғызстан мәдениет және өнер университеті, Өзбекстанның мемлекеттік өнер және мәдениет институты, Анкара музыка және бейнелеу өнері университетінің ректорлары мәдени-рухани маңызы зор құжатты қабылдап, бекіткеніне ризашылық білдірді. Меморандум мақсаты – болашақта түркі елдері шығармашылық жоғары оқу орындарының қауымдастығын құру. Қауымдастықтың құрылуы түркі елдерінің шығармашылық жоғары оқу орындары арасында кластерлік академиялық білім беру, ғылыми зерттеулер және ұлттар арасындағы ынтымақтастықты тең құқықты негізде және ортақ мүдделерде нығайтуға мүмкіндік береді.
АЛМАТЫ