Мен – өнер адамымын, салқын ақылға салып, сылтың көпшіксіз, сылдыр саясатсыз, екі шоқып бір қарайтын сақ көңілмен емес, жүрекпен сөйлейтін шермендемін. Ойларым жүрегімнен шыққанын дәлелдеп жатпай-ақ қояйын, өзінен сөзі ұзын қазақтың қайсысына уәж айтып, ақталайын...
Шектен шығып, шідер үзбегенмен, ел қамы мен ертеңім үшін үндемей де қала алмайтын мінезім бары әмбеге аян. Шер сөзі тек мұң арқалау, уайым шегу ғана емес, армандау, ертеңгі жақсы өмірді аңсау деген сияқты тәтті тілектерден де тұрады емес пе?! Бұл жерде Байронның Чайлдь Гарольд сынды кейіпкеріндей қара шекпен жамылып, елден аулақ шығып, шеткері төбеден төмендегі өмірге сын айтып, ал өзі оған араласпай, еш атсалыспай, «күл болмасаң бұл бол» деп шет қалу – елін сүйген адамға тән емес қасиет. Керек десеңіз, бұл – өзің өмір кешіп отырған заманға сатқындық, айналаңа, қоғамға қастандық, ертеңіңе немқұрайдылық. Осындай қорқынышты күй елімізді Қаңтар қасіретіне әкелгенін ой орманына салып, мойындағанымыз абзал. Жалғандық пен ұрлық жайлаған отыз жыл бойы мыңқ демедік, үндемедік. «Үндемеген үйдей бәледен құтыладының» керімен, ұры-қарыларға көпе-көрнеу құлдық ұрдық. Заманында Абылайдай апайтөс ханның көзіне тура қарап:
«Ей, Абылай, Абылай!..
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің,
Үйсін Төле бидің түйесін
баққан құл едің!
Әкең – күмән әуелден...
Оны да мен білемін!..
Орыспенен қағынба,
Жұртыңа жаулық сағынба», деген Бұхар жырауымыз болмады...
Хош, былтыр қасиетті Ұлытаудың етегінде, Жошы хан жатқан жотаның баурайында жақсы мен жайсаңымыз түгенделген Құрылтай өтті. Аталы сөздер айтылды, баталы шешімдерге бастау болған ізгі ниеттер межеленді. Ғасырлар бойы ғадауат күй кешкен, үш бірдей қасиеті артық қазақ деген қамырықты елдің қаны сіңген өңірдің аты аталып, түсі түстелді. Ұлытау, Абай, Жетісу болып еңсесі көтерілді. Естияр қазақтың ескі заманнан бері еш ұмытылмай есінде жүрген үш облыс болып белдері көтерілді.
Ата заңға қатысты орынды өзгертулер жасаған Референдум өтті. Ештен кеш жақсы деген, басшымыз һәм бастаушымыз батыл жарлық шығарды. Американың екі жүз жылдан астам уақыттан бері бір өзгермеген конституциясындай болмаса да, әжептәуір жөнге келді емес пе? Қазақ қоғамының жегіқұртына айналып, қылмыскерге емес, қаймана халқына қарсы шабатын әдетті қалыпты күйге келтірген, осы заманның бақтығұлдарын тудыра бастаған, жоғарыдан төменге дейін ауыз жаласып, әбден былыққан, қылмыстық баптың өзін бедеу белдеріне байлап, ыңғайлап алған, парадан басқаға дес бермейтін, сот, прокурор, бисымақтарды да ауыздықтайтын Конституциялық сот атқа мінді. Басшымыздың батыл да, баршаның базына зарына айналып, айызын қандырған бірегей жарлығының бірі осы ғой.
Өзінің жалаулы сөзден ада, нақты һәм нұсқалы Жолдауында жұртқа жария еткен бастамаларын бүгіндері түгелдей іске асырылып жатқанын көріп отырғанымыз жалған ба? Бұйрықты, қисынды Президенттік тағын мәңгілік меншік етпей, жалқы мәрте ғана, жеті жылға шегендеуі – нағыз мемлекетшілдік! Қазақы ұғымға да жөнімен үйлесіп тұрған, қасиетті жеті сан, халқына қалтқысыз қызмет етудің жеті жылы! Тот баса бастаған Сенатты жаңартуы, Мәжіліс сайлауын тек партияларға телімей, аралас болуына бастау салғаны, ел қамын күйттейтін депутаттардың үштен бірі партиялардан тыс, ерікті, еркін ойлы белсенді азаматтардың келуі де, әлі талай демократиялық өзгерістердің бастауы екені айдан анық. Осы батыл өзгерістерді елжандылықтан кетіп, таққұмарлыққа апарып алжассақ, дау-дамайға ерік беріп, әлімсақтағы ауруымызды қоздырсақ, өз обалымыз өзімізде болады.
Президент орнатып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» сенгендік, ертеңіміздің еңселі болуына мүдделілік деп, жақсыға жориық. Жаңа Қазақстанды орнату құр сөзбен іске аспасы белгілі. Соның орнайтыны жайындағы сенімнің өзі өрге сүйрерін біріміз біліп-білмей, біріміз күмән келтіреріміз – әлі де батпандап кірген дерттен арыла алмай жүргеніміздің дәлелі. Орыс халқының белгілі мәтелі бар «Мәскеу бірден салынған жоқ» деген. Қазақ ол жайды төтелеп айтады. «Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте!» дейді. Рас, саяси трансформация жоғарыдан басталды, төменде де жалғассын...
Топқа түсіп, депутаттыққа бақтарын сынаған үміткерлерді көрсеқызарлық немесе билікқұмарлық деп айыптап, тон пішуден аулақпын, әйтсе де мен осы қадамды жақсыға жоримын. Ғасырлар қойнауындағы көмескілене бастаған есемізді түгендеп, еңсемізді тездетіп көтеріп, елдігімізді жеделдетіп жөндеп алуға деген жаныққан ынта деп ұққым келеді. Бұл, меніңше, ең алдымен елшілдік, отаншылдық, мемлекетшілдік сезімдер екені даусыз.
Президенттің «Қазақстанның халық әртісі» атағын қалпына келтіргені көңілімізге қуаныш ұялатты. Бұл орынды шешім болды. Осыған қатысты айта кететін мәселе – енді «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағын да қайтару керек. «Халық әртісіне» барар жолда осы атақ тұрса, қисынды болады. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы өнер төңірегінде еңбек ететін ұйымдастырушы, директор, басқа да мәдениет қызметкерлеріне лайықты. Сахнада өнер көрсететін тұлғаларға, театр, кино актерлеріне, музыканттарға жоғарыда аталған екі атақты берсе, жарасымды болмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жүргізіп отырған саясатына, тіпті жеке басының ел ішінде құрметтің арта түскені – тұлғалық қасиетінен, перзенттік сүйкімі мен қаңтардағы қиын тұста өр мінез бен табандылық көрсете алғандығынан екені анық. Осы баға Күлтегіннің «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым» деген аманат сөздерімен сәйкес келеді.
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ,
халық әртісі