Екібастұзда лық толы автобуста кәмелетке толмаған колледж студентіне ер адам шабуыл жасады. Полицейлер бұл дерекке қатысты тергеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, оқиға 31 наурызда таңертең қалалық автобустардың бірінде болған. Кәмелетке толмаған қыз сыныптастарымен бірге колледжге бара жатқан.
«Сағат 07.40-та «Қазақстан» аялдамасына жақындап қалдық. Автобусқа адам лық толды. Мен шыға беріске жақын тұрдым. Қасымда әже мен кішкентай бала болды. Маған шабуыл жасаған ер адам артымда тұрып, бізді қатты итеріп жіберді. Мен иығынан түртіп, абай болуын өтіндім, ал ол менің тамағымнан ұстап тұншықтыра бастады. Сол кезде қасымызда басқа ер адамдар тұрды, бірақ маған ешкім көмектеспеді. Қашу үшін оның аяғын тебуге тура келді. Автобустың есігі ашылғанда мен қашып кету үшін шыққым келді, ал ол мен шығуыма барынша кедергі келтірді», деді 16 жастағы қыз.Айтуынша, бейтаныс ер адам аялдамаға келгенде тағы да тиіспек болған.
«Мен жүріп бара жатып жылап, айғайлап ұрыстым. Ол бұрылып келіп жұдырығымен ұрғысы келді. Бірақ қасымыздан өтіп бара жатқан әйел көріп, басқаларды көмекке шақырды. Алдымен бір ер адам жүгірді, сосын тағы екеуі келді. Шабуылдаушыны ұстап тұрғанда, сыныптастарым мені үйге алып кетті. Қатты қорыққанымнан полиция шақыруды ойламаппын. Үлкендер маған шабуыл жасаған ер адамды босатып жіберіп өздері автобусқа отырып кетті. Кейінірек куәгерлерден оның автобустың соңынан жүгіріп барып, әйнекті ұрғанын білдік», деп қосты бойжеткен.
Сол күні жәбірленушінің ата-анасы полицияға арызданған.
«Қызымның тамағы ауыра бастады. Қатты күйзелістен ол қазір автобусқа жалғыз отыруға да қорқады», деп түйіндеді кәмелетке толмаған қыздың анасы.
Екібастұз полициясы бұл факт тіркелгенін, тексеріліп жатқанын мәлімдеді.