Қазақстан билігі елдегі жанар-жағармай бағасын көтеруге мәжбүр. Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан ішкі нарықты тұрақтандыру үшін жанар-жағармай бағасын қымбаттауға мәжбүр.
«Қазақстанда дизель тапшылығының басты себебі - бағадағы диспропорция. Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Қазақстан әлем бойынша жанармайы ең арзан 10 елдің қатарына кіретінін айта кету керек. Мәселен, Ресейде дизель бағасы (1 литрі) - 345 теңге. Бұл біздегі нарықтан 45 пайызға қымбат. Қырғызстандағы баға 64 пайызға жоғары: 1 литрі – 390 теңге. Өзбекстандағы баға Қазақстанмен салыстырғанда 2 есе жоғары: 1 литрі – 480 теңге», деді Болат Ақшолақов.
Оның айтуынша, бұл бұйырыққа қатысты тиісті жоба 3 сәуірде жарияланып, 12 сәуірде күшіне енетінін айта кетті.
«Жанар-жағармай нарығын тұрақтандыру үшін Қазақстан мен көрші елдер арасындағы баға айырмасын төмендету қажет. Сондықтан біз күрделі, алайда тиісті қадамға баруымыз керек: шекті бөлшек сауда бағасын көтерген жөн», деді Болат Ақшолақов.
Ақшолақовтың айтуынша, бұдан кейін бензин өндірісі 70 пайызға, дизель 30 пайызға артады. Ал экспорттан түсетін табыс 50 пайыздан 120 пайызға дейін көтеріледі.
«Бүгінде баға айырмашылығын қысқартпасақ, жақын арада жанармай тапшылығына тап болуымыз мүмкін. Бұл қадамға бармасақ, саланы одан әрі дамыту жолдарын жауып, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіреміз», деді Болат Ақшолақов.