Тәкен Әлімқұловтың «Сейтек сарыны» атты кітабы қолға түскелі, күйшілер әлемі ұйықтай қойнауына тартқан. Жазушының қазақы қалың мәнері мен ұлттық қанық бояуы бірден елітеді. Әсіресе күйшілер жайлы көсіп-көсіп жазғанда қазақ болып туғаныңызға қуанасыз. Осынау ұлы халықтың тектілігіне, әзіз жанына бас иесіз.
«Телқоңыр» – Тәкен Әлімқұловтың іргелі туындысы. Онда «келін болмай кесір болып келген» отаршылдық заманның зобалаңы, күйшінің «ат басындай шер өскен» жан дүниесі бар. Кесік томардай жуан сөздер мен атан жіліктей салмақты теңеулер шығарманың бәсін биіктетіп, шерді қозғайды.
«Күйші атаулыда басыр түйсік болмақ. Сол түйсік Сүгірдің кеудесінде оқыс оянды. Оның сезімтал саусақтары домбыраның сағасына шоршып түсті де тың дыбыстар шығара бастады. Енді шертіс те, шымшыс та өзгерді. Өкініштің орнын қуаныш басты. Домбыра аңырамай, еркелеп шыға келді. Бейне қу шанақтан қызыл құлын кісінегендей болды. Жіңішке, әсем әуез төгілді. «Тәйри-тәйри-тәйри-тай» деген нәзік те ерке дыбыстар сағалықтан бұғалыққа қарай өрлеп, бара-бара құлшына кісінеп кетті. Жансыз ағашқа жан бітіп, ыңқылдады. Пернелер иіп, екі ішек еңірегенде көк бие қоса еңіреді. Артынша осқырынып, еміренді. Қоңыр құлынды иіскегенде жәудір көзі жасқа толып кетті.
Бие иіді...
Күйші бусана балқыды…»
Күйші түйсігін сөз еткен жазушы санасы өзіндегі қаяуды ақтарғандай, күйшімен біте қайнасқандай. Сүгір күйшінің сырбаз әлемі шығармаға ауғандай.
Әлқисса, 1958 жылдың көктемінде Мұхтар Әуезов пен Тәкен Әлімқұлов жаймашуақ оңтүстік алқабын аралайды. Сол сапарында олар шертпе күйдің шебері атанған созақтық Сүгір күйшіге арнайы ат басын бұрып, сәлем беруге барады. Күйші қаламгерлердің алдында шабыттанып, ерекше көңілмен шешіле, нақышына келтіре домбырамен толғай-толғай күй тартады. Мұхтар Әуезов Сүгір тартқан «Телқожа», «Бозінгеннің бүлкілі» және басқа күйлерін зейін қоя, ынта-ықыласпен тыңдап, орындалу шеберлігіне ерекше ризалық білдіреді. Күйдің әрқайсысының шығу тарихын егжей-тегжей сұрап, қағазға түртіп отырады. Шаттықтан масайраған заңғар жазушы «Созақтан бір Тәттімбетті таптым. Тәкенжан, Сүкеңді Алматыға алдырып, күйлерін өз орындауында таспаға жаздырса қандай керемет болар еді. Мына кереметті тез жеткіз елге, тез жазғайсың! Тәкен-ау, мына өлке тұнып тұрған мұрты бұзылмаған тарих, толық ашылмаған көмбе екен ғой, біле-білгенге бұл бір жұмбаққа толы, өнері мол, сырлы да шежірелі сахара екен. Жазыңдар, айналайын, халыққа жеткізіңдер мұны. Ертең кеш болып, ұмыт қалып, өкініп жүрмейік... Жазыңдар! Көбірек жазыңдар!.. Қаратаудың теріскейі сендерге, қаламы жүйрік суреткерлерге, үлкен азық, сеңі ыдырамаған тұңғиық қазына емес пе?!» деп тебірене, толқи сөйлейді.
Күйші Сүгір – қанды заманға қарсы қара домбырасын қару еткен, рухын төсеген жанкешті майдангер. Ұлттың жанын кешеден бүгінге тасыған алтын көпір. Сол жанмен, қазынаға толы күй рухымен болашақтың керегесін қалыптастыруға қызмет етері сөзсіз.
Айта кетейік, қазақтың атақты күйші сазгері Сүгір Әліұлының алғашқы ұстаздарының бірі – Ықылас Дүкенұлы. «Сүгірдің шерту әдістері мен күй сарынында Сарыарқаның шертпе күйлеріне ұқсамайтын айрықша интонация бар. Ол домбыра үнін қобыз үніне жақындатып, Ықыластың көптеген күйлерін домбыраға түсірген. Сондықтан күйлерінде қобыз үні басым. Сүгір күйлері 1964 жылы тұңғыш рет халық аспаптар оркестрінде орындалып, 1968-1969 жылдары нотаға түсірілді. Сүгір шығармаларының басым көпшілігі «шертпе күй» дәстүрінде жазылған. Қаратау күйшілік мектебіндегі негізгі тұлға саналатын Сүгірдің күйлері мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекше», дейді зертеушілер.
Шертпе күйлерімен исі қазаққа мәлім дарабоз күйші Сүгір Әліұлы туралы жазылып та, айтылып та келеді. Атақты күйші туралы Тәкен Әлімқұлов бастаған белгілі қаламгерлер әңгіме, поэма, роман жазған.