• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Сәуір, 2023

Киберчемпиондар қоғамдастығы

145 рет
көрсетілді

Орталық Азия мен АҚШ елдерінің мемлекеттік органдары, азаматтық қоғам мен жеке сектор өкілдері цифрлық сауда және киберқауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін Алматыға жиналды.

Конференцияда Қазақстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбек­стан елдерінің сауда, цифрлық даму және ақпараттық қауіпсіздік министрліктерінің өкілдері бизнес үшін киберқауіпсіздік мүмкіндіктерін талқылады. Бұл бизнестегі бәсекелес­тіктің артықшылықтарының бірі ретінде қарастырылып отыр.

АҚШ ішкі қауіпсіздік департаменті халықаралық кибер саясат жөніндегі директорының орынбасары Ян Хансен, заңгер кеңесші Кристен Бауэр АҚШ сауда министрлігінің бағдарламасы туралы айтты. «CLDP бағдарламасы 2021 жылдың қарашасында АҚШ пен Орталық Азияның цифрлық сауда жөніндегі жұмыс тобын іске қосты. Бұл бағдарлама Орталық Азия елдерінде және әлемнің бас­қа елдерімен әрі өңірлерімен сауда және эко­номикалық байланыстарды ілгері­ле­ту үшін құрылған», деді Кристен Бауэр.

Жұмыс тобы озық халықаралық тәжірибені ілгерілетумен, цифрлық сауда үшін кедергілерді жою, өңірде цифрлық сауданың дамуы мен өр­кен­деуіне мүмкіндік беретін қажетті нормативтік-құқықтық базаны құрумен айналысады. Жұмыс тобы электронды төлемдер, қолтаңбалар, транзакциялар саласындағы нормативтік-құқықтық реформалармен, трансшекаралық деректер ағындарымен, ақпараттық қауіпсіздікпен, деректерді қорғау және құпиялылықпен, тұтынушыларды қор­ғау және цифрлық салықтармен айналысады.

АҚШ пен Орталық Азияның цифрлық сауда жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Алматы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ақеркін Ералиева өңірлік интеграция шеңберіндегі ақпараттық қауіпсіздіктің маңыздылығына тоқталды. «Біз CLDP бағдарламасын екі жылдан бері жүргізіп келеміз. Биыл шағын және орта кәсіпкерлік пен IT өкілдеріне арналған «Cyber Readiness Institute» оқу бағдарламасын іске қосамыз. Сонымен қатар CLDP бағдарламасы Киберқауіпсіздік бойынша өңірлік оқу семинарын ұйымдастырды», деді Ақеркін Ералиева.

Спикерлер сенімді жеткізу тізбегін құру және цифрлық сауданың ұлттық/өңірлік мақсаттарын ілгерілету жолдарын қарастырды. Satu.kz бас директоры Максим Мельник елдегі цифрлық сауданы жай-жапсарын жеткізді.

Ал бөлек сессиялар кибер­қауіп­сіздіктің тиімді әдістерін әзірлеу және цифрлық сауданың өсуін қолдау үшін қажетті құқықтық реформаны енгізуге арналды. Негізгі пленарлық отырыс­та киберқауіпсіздіктің негіздері мен негіздемелік қағидаттарына шолу жасалып, бизнес, тұтынушылармен, инвес­торлармен сенімді нығайту мәселелері, цифрлық сауда мен инвестициялардағы кедергілер, киберқауіпсіздікті бизнес үшін бәсекелестік артықшылық ретінде пайдалану және жаһандық жеткізу тізбектерімен байланысты мәселелері қаралды.

– Ақпараттық жүйелер мүмкін­діктерінің артуымен қатар киберқауіп­сіздік мәселелері де өзекті болып отыр. Біз киберқауіпсіздік туралы хабар­дарлықты арттыру мәселелерін және оның сауда мен инвестицияға қалай әсер ететінін, стратегиялық маңызды жүйелер мен құпия ақпаратты киберқауіптерден қалай қорғауға болатынын талқыладық. Ақпараттық қауіпсіздікті күшейту арқылы цифрлық технологияларды пайдаланудың жаңа деңгейіне өтуге болады, – деді Ақеркін Ералиева.

Конференция соңында CLDP бағдар­ламасының өкілдері «cyber Champions» аймақтық желісінің іске қосылғанын және Орталық Азия өңірі үшін «cyber Readiness» институтының киберқауіпсіздік бойынша тегін оқу бағдарламасы іске қосылғанын хабарлады. Сонымен қатар Алматыда кибер чемпиондар қоғамдастығының құрылғаны мәлім болды.

 

АЛМАТЫ