Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңесте кітапханалардың тым аз екенін атап өткен. Сондай-ақ әр ауданда заман талабына сай кітапхана ашуды тапсырған еді. «Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында кітап оқу мәдениеті жайлы айттым. Алайда қалада кітапханалар желісі дамымай тұр. Астанада небәрі 18 кітапхана бар. Оның кейбіреуі 40 шаршы метрден аспайтын бөлмеде отыр. Кітапханалар заман талабына бейімделіп, коворкинг орталығы сияқты жұмыс істеуі керек. Бұл салада ақпараттық технологияны кеңінен қолданған жөн. Әр ауданда заман талабына сай кітапхана ашу қажет», деді Президент.
Берілген тапсырма бұл күнде қалай орындалып жатыр? Еңсесін енді тіктеген елордада рухани шаңырақ – кітапханалардың саны көбейе ме? Жалпы, заманауи кітапхана қандай болуы керек? Осы сұрақтардың ізімен астанадағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне (ОКЖ) барып қайттық.
20 мың адамға – бір кітапхана
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде барлығы 3 920 кітапхана бар. Оның ішінде 3 877 әмбебап (көпшілік), 19 ғылыми, 20 арнайы кітапхана тіркелген. Ал 253-і балаларға арналған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда, әрине аз көрсеткіш. Өйткені кейінгі уақытта бір жылдың өзінде 66 ауылдық кітапхана жабылған. Оның сыры рухани ошақтарға ортақ мәселе: жеке мекеменің жоқтығы, жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуі, айлық аз, маман тапшы.
Еске салсақ, Президент Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес былтыр кітапханашылардың жалақысы 20 пайызға өскен болатын. Әрине, бұл әлеуметтік қолдау сала қызметкерлері үшін қуанышты жаңалық, дегенмен еліміздегі кітапханалар төңірегіндегі қордаланып қалған көп мәселені толық шеше алмайтыны белгілі. Әлқисса.
Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне» барлығы 18 кітапхана – 11 көпшілік, 6 балалар кітапханасы мен көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған бір арнайы кітапхана кіреді.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлбадан Мәдібаеваның айтуынша, тұрғындар тарапынан қалалық кітапханаларға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Себебі қаланың барлық аудандары кітапхана қызметімен толық қамтылмаған.
«Осы себептен ССК-1 (спорттық сауықтыру кешені) жанынан әдебиеттерді беру үшін 2 пункт ашылды – Көктал 2 және Өндіріс ауылдарынан. Бұдан бөлек 5 мамыр мен 31 қазан аралығында Байқоңыр ауданындағы «Ашық аспан астындағы кітапхана» атты жазғы оқу залы тұрғындарға қызмет көрсетті. Елордамызда білім ошақтары, балабақшалар, мектеп-лицейлер көбейіп жатқанда, 18 кітапхана, әрине жеткіліксіз. Оған қоса жұмыс істеп тұрған кітапханалардың қызмет көрсету аймақтары үнемі ұлғайып, ал оқырмандар саны күннен-күнге артып жатқаны тағы бар. Мәселен, Алматы, Сарыарқа, Есіл және Байқоңыр аудандарының аумақтарында халықтың тығыздығы бойынша қалалық кітапханалар желісінің орналасуы қазіргі заман талабына сай емес. Тұрғындарына ақпараттық қолдау көрсетілмеген бірқатар аудан болса, Есіл ауданының аумағында бүгінде бір ғана қалалық көпшілік кітапхана бар», деді ОКЖ басшысы.
Иә, қаланың іргелес ауылдары мен салынып жатқан жаңа аудандарын алсақ, Есіл ауданы – «Достар» ТК, «Жағалау» ТК, Қосшы ауданы, Пригородный ауданы, Алматы ауданы – №12, №13 магистралі, Сарыарқа ауданы – Сарыарқа даңғылының басы – Сейфуллин – Кенесары көшелерінің басы – Абай даңғылы, 187-188-189 қоса алғанда, Көктал-2 аудандарында кітапханалар ашу қажеттігі туралы өткір мәселе туындап жүргенін ел біледі.
Бүгінгі таңда жүйедегі кітапханаларда 126 адам жұмыс істейді. Оның 102-сі шығармашылық, 90-ы кітапхана қызметкері және 24-і техникалық қызметкер. ОКЖ басшысы саладағы ең бірінші мәселе – кітапхана ісі мамандарының жетіспеушілігі екенін айтады.
«Бүгінде жас мамандарды даярлайтын оқу орындарының аздығы өзекті болып отыр. Сондай-ақ кітапханашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да алаңдатады. Еңбек табысының аздығынан мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды. Кітапханашылардың баспанамен қамтылуы да өзінше бір тақырып. Ал кітапханалар санын арттыру, жаңа кітапханалар ашу мәселесіне келсек, ол кітапхана ашу нормаларына сәйкес жүргізілуге тиіс. Яғни 20 мың тұрғыны бар ауданда 1 кітапхана ашу қажет. Бұл жұмыстар Мәдениет басқармасымен бірлесіп, кітапханаларға бейімделген ғимараттарды қарастыру бағытында жүргізіліп отыр. Астанада әзірге кітапханалар үшін арнайы салынып жатқан ғимараттар жоқ», дейді ОКЖ басшысы.
Зерттесек, елордадағы кей кітапханалар ғимараттарының көлемі небәрі 53-80 шаршы метрден аспайды екен. Бұл мыңдаған кітап ұсынатын рухани орда үшін өте аз кеңістік. Тіпті шындап ойлансақ, ақылға қонбайды.
«Кітапханалар санын көбейту үшін тұрғын үйлер немесе бизнес орталықтарын салатын кезде бірінші қабатынан кітапханаларға кем дегенде 350 шаршы метр орын алып қалуға болады. Қазіргі таңда салынып болған үй-жайлардан да қарастыруға мүмкіндік бар. Қала әкімдігі тарапынан сол үйлердің бірінші қабатынан кітапханаларға 200-ден 1 000 шаршы метрге дейін бөлмелер сатып алып, кітапхана балансына берілсе деген ұсыныс бар», дейді Гүлбадан Мәдібаева.
Сондай-ақ ол штат кестесіне қажетті мамандарды қарастыра отырып, оның жиһаздық және кітап қорына қаражат бөлу, яғни материалдық және штаттық ресурсын қамтамасыз ету керек екенін атап өтті.
«Жалпы, кітапханалар санын көбейту мәселесін Астана қаласы кітапхана жүйесі, Ұлттық академиялық кітапхана, Астана қаласы кәсіподақ федерациясы тарапынан 2004 жылдардан бері көтеріліп келеді. Қазір де үнсіз емеспіз. 2013 жылдардан бері қала тұрғындары елорда әкіміне, кітапхана жүйесіне хат арқылы, «ikomek» арқылы 12-13 магистраль, Тұран, Ақмешіт, Сығанақ, Мәңгілік ел көшелерінде, Көктал 2 аудандарында кітапхана ашуды сұрап отыр», деді ОКЖ басшысы.
Әкімдік: әр ауданнан бір кітапхана ашылады
Аталған мәселенің қалай шешіліп жатқанын білмекке Астана қаласының әкімдігіне сұрау салған едік. Мәдениет басқармасы өкілінің айтуынша, биыл төрт кітапхананың ғимаратына жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.
«Биыл 4 кітапхананың ғимаратына жөндеу, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат бөлінді. Атап айтсақ, №4 балалар кітапханасы, Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы, №3 балалар кітапханасы, Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана. Сондай-ақ сәуір айында мемлекеттік сатып алу жоспары бойынша тағы төрт кітапхананы жаңғырту бойынша конкурс жарияланады. Алдағы уақытта елорданың әр ауданынан бір ғимарат сатып алу жұмыстары жүргізіледі. Аяқтау мерзімі – 2023 жылдың желтоқсан айы», дейді Мәдениет басқармасының өкілі.
Бүгінде аталған кітапханалардағы кітап қоры 700 мыңнан асыпты. 18 кітапхананың шеңберінде бұл орташа көрсеткіш. ОКЖ басшысының айтуынша, өткен жылдарға қарағанда қазір қазақша кітаптардың саны артып келеді.
«Кітап қоры мемлекеттік сатып алу жолымен толықтырылады. Сонымен бірге сыйға тарту, мемлекеттік тапсырыс бағдарламасы бойынша кітаптар түсіп отырады. Бұрындағы кітап қорын толықтыруға мемлекеттік бюджеттен 3-5 миллион теңге бөлінсе, кейінгі жылдары 15-20 миллион қарастырылады. Дегенмен қорда балалар әдебиеті мен жасөспірімдерге арналған қазақ тіліндегі көркем әдебиет, салалық әдебиеттер аз. Сонымен бірге көзі көрмейтін, нашар көретін азаматтарға арналған аудиокітаптар жоқтың қасы. Елімізде Брайль қарпіндегі кітаптар тіптен шығарылмайды. Бұл да – үлкен мәселе», дейді Г.Мәдібаева.
Қазір әр салада цифрландыру үрдісі жүріп жатыр. Десек те осы бір заманауи тәсіл кітапхана сөрелеріне толық жетті ме екен? Ең бастысы, оқырманға қолжетімді ме? Мұны да сұрап білдік.
«Кітап қорын цифрландыру жұмыстары 2019 жылдан бастап іске асырылып келеді. Оған арнайы сканерлер алынды. Цифрландырудан өткен кітаптар КазНЭБ келісімшарты бойынша жүргізіледі, яғни кітап қорымыздағы өлкетану шығармалары және сирек кітаптар цифрландырылып, осы электронды кітапхана порталына енгізіледі. Сонымен бірге кітапхананың ресми сайтында «Электрондық каталог» орналастырылған. Мысалы, оқырман электронды каталог арқылы іздеген кітабының кітапхана қорында бар не жоқ екенін анықтай алады. ОКЖ кітапханаларын танымал ету, беделін көтеру, кітапханалардың қызметін насихаттауда барлық 18 кітапхананың Facebook, Instagram, YouTube платформаларында парақшалары жұмыс істейді», дейді жауапты өкіл.
Мыңдаған кітаптың арасында жүргенде оқырман туралы еріксіз ойланасың. Осы кітаптарды іздеп, сұрап жүріп оқитын жан көп пе екен? ОКЖ басшысы әр кітапхананың тұрақты оқырманы аз емес дейді. Оған қоса жыл сайын қосылатын жаңа келушілер тағы бар.
«Оқырман саны жылдан-жылға артып келеді. Қашанда кітапты іздейтін адамдар болады. Өйткені бірі бос уақытын қамту үшін оқыса, бірі рухани байлық алу үшін, енді бірі білім алу үшін, өзін өзі дамыту үшін кітапқа ұмтылады. Оқырман арасында қазір отбасымен оқу үрдісі белең алып келеді. Әсіресе әкелер балаларын кітапханаға ертіп әкеліп, оқырман залында бірге кітап оқып отырады. Бұл – өте әсерлі көрініс. 2021 жылы 78 мыңнан астам оқырманымыз болса, 2022 жылы 85 мыңнан асты. Яғни бұл кітапхананың оқырманға ұсынар мүмкіндігінің барын білдіреді. Одан бөлек кітапхананың әлеуметтік желілердегі оқырмандарының саны да артып келеді. Онда оқырмандарға кітаптарды насихаттау, аудиокітаптар оқу, ертегі оқу сияқты түрлі іс-шаралармен бірге сайыстар, акциялар, конкурстар, челлендждер өткізіліп тұрады», деді ол.
Сондай-ақ «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру мақсатында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы, «Әдеби өлкетану», «Нағыз оқитын кез» іс-шаралар кешені ұйымдастырылып келеді. Мәселен, былтыр «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай ғалымның шығармашылығына арналған болса, биыл оқырмандар жазушы Төлен Әбдіктің туындыларын оқып жатыр. Ал «Әдеби өлкетану» жобасы аясында жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын кеңінен насихаттау һәм шығармашыл жандарды қолдау мақсатында «Менің қолтаңбам», «Тірі кітап», «Авторлық бағдарлама» сынды іс-шаралар өтіп жүр. «Нағыз оқитын кез» бағытында букроссинг, букдейтинг, акциялар, кітап фестивальдары, квест, интеллектуалды ойындар, сайыстар ұйымдастырылады.