• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 04 Сәуір, 2023

Науқаннан сүрінбей өтеміз бе?

367 рет
көрсетілді

Күн қызып, әне-міне дегенше дала төсінде қызу еңбектің қазаны қайнағалы тұр. «Жылда арманда қалатын» диқан қауымның биылғы үміті ақтала ма?» «Сындарлы науқан өз деңгейінде өте ме?» деген сауалдардың жауабын осы саланың жілік майын шағып, зерттеп-зерделеп жүрген сарапшы Алмасбек Садырбай мырзадан төмендегідей жауап­тар алдық.

Көктемгі дала жұмыстарына мемлекет биыл 140 млрд теңге көлемінде қаражат бөледі. Бұған қоса шаруаларға жеңілдетілген бағамен 413 мың тонна дизель отыны да даяр­лануда. Алайда фермерлердің айтуынша, оңтүстік өңірлерде егіс науқаны басталып, басқа аймақтар әне-міне кіріскелі тұрса да, бөлінген қаржы діттеген жеріне – диқанға әлі жетіп үлгермеген көрінеді. Ол ол ма, елдегі еңбекқор ағайын бұл көлем әлі де жеткіліксіз деп шыр-пыр болады.

«Жыл сайын жеңілдетілген дизель отынының тапшылығы туындап, фермерлер оны қайта-қайта мәселе қылып көтеру­мен келеді. Бөлінген көлем жеткіліксіз, өйткені Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығына деген қажеттіліктің бір бөлігін ғана ескереді. Бірақ егінді егу мен жинаудан басқа қар тоқтату, өсіру, тыңайтқыштар енгізу, булап өңдеу қажет. Сонымен қатар ведомство мал өсірушілердің қажеттіліктерін, ауылдағы ағайынды әлеуметтік қолдау үшін қажетті отын-суды мүлдем ескермейді – бұл тұрғындарға отын, жем, қар тазалау, қоқыс шығару» дейді Ұлттық агроқозғалыстың төрағасы Алмасбек Садырбай.

Оның айтуынша, көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген 140 млрд теңгенің аз мөлшері ғана шағын фермерлерге беріледі екен, өйткені қаражаттың негізгі көлемі – ірі агрохолдингтердің «сыбағасы». Олардың кепілмен қамтама­сыз етілуіне байланысты алдын ала бөлініп қойылады. Сондықтан сарапшының пікірінше, шағын фермерлер үшін несие алу кезінде талаптарды қайта қарау және жеңілдету қа­жет. Мысалы, өндірістегі бес жылдық тарихын ескере отырып, шағын фермерлерге кепілдікпен несие беру жайы ұсынылады.

«Тағы бір маңызды мәселе – минералды тыңайтқыштар бойынша норматив тек 26%-ға орындалады. Біздің еліміз өзін тек 60-70% деңгейінде тыңайтқыштармен қамтамасыз етеді, қалғанын – сырттан «арбалаймыз». Ал бұл дегеніміз, артын­ша-ақ тасымалданған тыңайтқыштардың бағасы өседі дегенді білдіреді. Жер учаскелерінің деградациясы орын алуда, өнімділік жыл сайын төмендейді», деп атап өтті агросарапшы.

Алмасбек Садырбайдың айтуынша, егіс науқанын сәтті жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникасының 80%-дан астам тозуы да айтарлықтай кедергі келтіруі мүмкін.

«Бүгінде елімізде 150 мыңға жуық трактор, 38,5 мың комбайн бар. Олардың көпшілігі ескірген техникалар. Амал жоқ, фермерлер осы ескі техниканы құрап-сұрап, жамап-жасқап жұмыс істеуге мәжбүр. Тіпті біразының тозу шегіне жеткені де арагідік айтылып қалып жатады. Жыл сайын ауыл шаруашылық парктері тек 3%-ға жаңартылады. Осыған байланысты фермерлер оны жөндеуге ақша жұмсайды, бұл өнімнің өзіндік құнына, сапасына және көлеміне тікелей әсер етеді. Әрине, мұның бәрі елдегі аграрлық саланың дамуына кедергі келтіреді. Жалпы, мұндай тәсілмен егіс науқанын сәтті өткеру қиындау», дейді Ұлттық агроқозғалыстың төрағасы.

Сарапшы қосымша салық деп саналатын кәдеге жарату алымының арқасында ауыл шаруашылығы техникасы шағын фермерлер үшін мүлдем қолжетімді болмағанын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанда жергілікті машина жасау өндірісі жоқ, елге ауыл шаруашылығы техникасы бөлшектелген түрде импортталады, мұнда ірі тораптық құрастыру жүргізіледі.

«Салыстыру үшін, Ресей Федерациясында ауыл шаруашылық техникасының өндірісі – 50%-ды, Беларусьте – 90%-ды, Өзбекстанда 80%-ды құрайды. Осыған қарамастан, Ресей мен Өзбекстан аграрлық техникаға қатысты кәдеге жарату алымдары мен кедендік баждардан бас тартты. Неліктен елімізде мұндай кедергілер мен ауыл шаруашылығы техникасына баж салығы әлі күнге дейін алынып тасталмағаны түсініксіз», деп атап өтті Алмасбек Садырбай.

Ащылау айтылса да, сарапшы сөзінде жан бар. «Егін – елдің несібесі» дейді дана халқымыз. Несібемізге немкеттілеу қарау түбінде нанға зарықтырып қоймасын деп қауіптенгеннен де айтылып отырған болар. Бірақ «бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз» деп, өткен күндерді өкпеге қимай, бүгінге үлгі қы­латын кездеріміз көп болушы еді ғой. Ол жылдарға қара­ғанда, жер тырмалаған қауымды қолдау жылдан-жылға жақса­­рып келеді емес пе? Ештеңеге қарамай биылғы ел ырыздығын да жайқалта өсіріп, төкпей-шашпай жинап алуға қауқарымыз жетеді деп алақан ысқылап отырған «дала жауынгерлері» жеткілікті. Қалай десек те, биыл да диқанның қамбасы қызыл дәнге толып, шаңырағы әуелеген әннен босамасын деп тілек қосамыз.