• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Ғалым 05 Сәуір, 2023

Теңіздегі тіршіліктің тамыршысы

402 рет
көрсетілді

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, жас ғалым Алтынай Қайдарова – электроника және компьютерлік инженерия бойынша PhD, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының аға ғылыми қызметкері. Ол қазір әріптестерімен бірге теңіз жануарларын бақылауға арналған арнайы көпфункциялы сенсорлар әзірлеумен айналысады. Құрылғы жануарлардың дене температурасын, тіпті олардың қоршаған ортадағы күйзеліс деңгейі мен жылдамдығын қадағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аталған әзірлеменің көмегімен сирек кездесетін сүтқоректілердің қоныс аударуы туралы мәліметтер жиналады.

Кейінгі жүз жылда Каспий итбалықтары 90 пайызға азайған. Алтынай Арыстанқызы Каспий итбалықтарының мінез-құлқын, қозғалысын және орналасуын бақылай алатын, cонымен қатар Каспий теңізінің температурасы, қысымы және тұздылығы жайлы құнды ақпарат бере алатын сенсорларды зерттеп, әзірлеуде. Оның осы зерттеу жүйесі болашақта жануарлардың күйзелістері мен гормон деңгейлерін де бақылай алады

 

– Сенсорлар графеннен жасалған. Графен – нанотехнологиялар әлеміндегі ең сұранысқа ие наноматериал. Бұл – қалыңдығы бір атом көміртегінің қабатын құрайтын әлемдегі ең жіңішке материал. Тіпті қағаздан 100 миллион есе жіңішке. Алайда көп мөлшерде қолжетімді емес. Себебі оны жасау күрделі әрі өндірісі қымбатқа түседі, сондай-ақ энергияны көп қажет етеді. Жұмыс барысында біз лазер-индукцияланған графенді пайдаланамыз. Бұл жылдам, сенімді және арзан графен өндірісіне арналған тиімді, бір сатылы үдеріс болып саналады. Сенсорлар теңіз жануарларының жүрек жиырылу жиілігін, қимыл белсенділігін, температурасын, жылдамдығын және қоршаған ортасының параметрлерін өлшеуге мүмкіндік береді, – дейді Алтынай.

Сондай-ақ жас ғалым теңіз био­алуантүрлілігі саласындағы жетекші әлемдік ғалымдарды Каспий итбалығы популяциясының азаюын зерттеу үшін орталықтың ғылыми кеңесіне жұмылдырып отырады. Ол «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның зерттеу бағытындағы мемлекеттік жоғары оқу орны – Ливерпуль университетінде білім алған. Шынын айтқанда, Алтынай зерттеп жүрген сала біздің ел үшін ғылымның жаңа саласы деуге болады. Кейіпкеріміз Сингапур, Ұлыбритания, Сауд Арабиясы елдерінде білімін жетілдіріп, электроника және компьютерлік инженерия бойынша PhD атанды. 13 жыл ішінде әлемнің жиырмадан астам елінде болып, жер-жаһанның жетекші ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеп, тәжірибесімен бөлісті. Оның қазіргі зерттеу бағыты киюге болатын электроника мен икемді наносенсорларды дамытуға бағытталған. Ол адамдар мен жануарлардың денсаулық көрсеткіштерін, Қызыл және Каспий теңіздерінің параметрлерін, сондай-ақ Формула-1 додасына қатысатын жаңа «Mclaren» жарыс көлігінің параметрлерін бақылау үшін қолданылады.

– Мұның бәрі бала кездегі арманым еді. Мен 1991 жылы Павлодар облысының Ақсу деген шағын қаласында дүниеге келдім. Әкем Арыстан Қайдаров ел ішінде беделді кісі еді. Екі жасымда өмірден өтті. Анам Айгүл Резоллақызы бізді адал еңбегімен әлпештеп өсірді. Ұлттық тарихымызды, салт-дәстүрімізді, ана тілімізді құрметтеуді үйреткен алғашқы ұстазым – әжем. Ол кісінің қасында жүріп табиғатымыздың таңғажайып сұлулығын, ерекшелігін сезіндім. Адам мен табиғаттың арасындағы өзара байланысын, қоршаған ортаны қорғауда обал мен сауап ұғымдарын ұғынып өстім. Анамның, aта-әжелерімнің, туған-туыстарымның ыстық ықыласы мен үздіксіз сенімінің арқасында алдыма биік мақсаттар қоюдан ешқашан тайсалмадым, – дейді жас ғалым.

Жастайынан гуманитарлық, техни­калық ғылым салаларына да қызыққан екен. 2010 жылы «электрондық коммуни­кациялар» мамандығын таңдап, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Наньянг технологиялық университетіне (Сингапур) оқуға түседі.

– Бала күнімде іргедегі Павлодар қаласына жалғыз немесе достарыммен бірге жіберуге қорқатын анам Сингапурдағы оқу орны болашағыма үлкен мүмкіндік екенін түсінгенде, ақ батасын беріп, ақ жол тіледі. Осылайша, арманымды жүзеге асыру үшін салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі мүлде басқа алыс елге сапар шегуге тура келді. Сол кезде жоғары жылдамдықты интернет пайда болып, анаммен күнде хабарласа алатын болдым. Шынында да, Сингапур маған басқа әлемдей болып көрінді. Қала пейзаждары, ерекше заманауи ғимараттар бірден таң­ғалдырды. Ол жақтан адамдардың мейірімділігін, еңбекқорлығын және бәсекеге қабілеттілігін байқадым, – дейді Алтынай Қайдарова.

Білімін одан әрі шыңдауды мақсат еткен ол Ұлыбританиядағы Ливерпуль университетіндегі «электрондық коммуникациялар» мамандығын таңдап, оқуын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алды. Бірден көп мәдениетті қоғаммен бетпе-бет келген әр адам алғашында абдырап қалары сөзсіз. Қоғамдағы білімнің жоғары мәртебесі мен білім алуға деген ерекше ынтасы оны үздіксіз алға жетелейді. Елге оралған соң Nazarbayev University-інде екі жылдай ғылыми және оқу жөніндегі көмекші болып жұмыс істеді. Әріптестерінің кеңесімен өз мамандығы бойынша магистр және PhD дәрежесін алу мүмкіндігін іздейді. Осылайша, Сауд Арабиясының Қызыл теңіздің жағасында орналасқан Король Абдулла атындағы ғылым және технология университетіне оқуға қабылданады.

– Бұл оқу орны маған ғылыми әлемнің есіктерін ашатын кілтін берді деп санаймын. Біріншіден, аталған білім ордасының өзіндік ерекшелігі, жоғары жаһандық зерттеу белсенділігі мен зама­науи технологияларға қолжетімділігі бірден қызықтырды. Екіншіден, ғылым мен техника саласындағы көптеген әлемдік ой көшбасшыларымен, про­фес­­­­­сорларымен бірлесіп жұмыс істедік. Сонымен қатар жайлы өмір сүру үшін барлық жағдайды, лайықты еңбекақы, шәкіртақы мен медициналық сақтандыруды ұсынып, толықтай ғылыми жұмыстарға назар аудару үшін тамаша мүмкіндік берді. Мұнда 2018 жылы магистр дәрежесін, 2022 жылы электроника және компьютерлік инженерия бойынша PhD дәрежесін алдым. Одан кейінгі белес постдокторантура еді. Жақында Бельгияның KU Leuven университетінде пост-доктор болып жұмыс істеуді жос­арлап отырмын. Ол жақтан осындай ұсыныс түсті, – деп ағынан жарылды Алтынай.

Ғылым жолы ұзақ әрі ауыр жол екені белгілі. Ғылыми-оқу үдерісін кәдеге жарату да маңызды. Нақты үдерістердің қатарына жоғары сапалы ғылыми мақалалар шығаруға ұмтылу, халықаралық конференцияларға қатысу, түрлі ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеу, патент алуға өтініш беру және жаңа идеялардан шабыт алу бәрі-бәрі жаңа замандағы жас ғалымдардың жоспарында қамтылған десек те болады.

Алтынайдың қазіргі зерттеу саласы – қызықты әрі сирек кездесетін мамандық түрі. Адамзат тозып бара жатқан теңіз экожүйелеріне тәуелді. Бұл құлдырауды тоқтату үшін теңіз ортасының күйі мен ортасын анықтаудың жаңа әдістері қажет. Алтынайдың технологиясы Каспий теңізіндегі тіршілікті бақылау үшін сенімді және тиімді жүйені қамтамасыз ете алады.

Экологтердің айтуынша, кейінгі жүз жылда Каспий итбалықтары 90 пайызға азайған. Алтынай Арыстанқызы Каспий итбалықтарының мінез-құлқын, қозғалысын және орналасуын бақылай алатын, cонымен қатар Каспий теңізінің температурасы, қысымы және тұздылығы жайлы құнды ақпарат бере алатын сенсорларды зерттеп, әзірлеуде. Оның осы зерттеу жүйесі болашақта жануарлардың күйзелістері мен гормон деңгейлерін де бақылай алады. Бұл сенсорлар қарапайым және арзан үдерісті қолдана отырып, бір атомды қалың графеннен жасалған.

Қазір Алтынай Ақтау қаласындағы Каспий итбалықтарын зерттеу және оңалту мекемесінде бас ғылыми жетекші болып жұмыс істейді. Аталған мекеме Әсел Тасмағамбетованың бастамасымен Алматыдағы Орталық Азия Экологиялық зерттеулер институты және «Сәби» қорының қолдауымен салынған. Жақында олар Каспий итбалықтарын сақтауға арналған екі халықаралық ғылыми грантты жеңіп алды. Жас та болса, ғылымда бас болып, өзі айтқандай адам мен табиғаттың өзара байланысын зерттеумен айналысып жүрген Алтынай біз үшін, қазіргі қазақ ғылымы үшін мақтаныш.