• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 07 Сәуір, 2023

Ауыл және агломерациялық ахуал

326 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында елдің дамуына қатысты біраз мәселені қамтып, маңызды бағыттарды тағы бір нақтылады. Оның ішінде ауылды жерлердің әлеуетін арттыруға баса назар аударды. Осы орайда ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы мен тірек ауылдардың тіршілігі туралы толғанып көрген едік.

Аталған алқалы жиында Президент ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды екенін айтты. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1 мыңнан аса ауылдағы 3 703 әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысан жаңғыртылғанын әрі бұл жұмыс бұдан ары да жалғасатынын жеткізді. Әрине, бұл жаңғыртылған нысандардың басым бөлігі тірек ауылдарға тиесілі екені сөзсіз. Өйткені басқа елді мекендерден гөрі тірек ауылдар мемлекет тарапынан жасалатын қолдауға бірінші болып қол жеткізуге мүмкіндігі мол. Яғни тірек ауылға бағытталған игілікті тек сол ауыл ғана емес, іргелес орналасқан ауылдар бірге көреді. Бір сөзбен айтқанда, бұл – орталықтан шалғай орналасқан, урбаницазияға ұшыраған, жан саны азайып деградация жағдайында тұрған ауылдардың бір-бірімен қауымдасып, үйемел-сүйемелдесе өмір сүру тәсілі. Соған сай тірек елді мекендердің тұрғындарын жұмыспен қамту және әл-әуқатын жақсарту, сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту мақсатында өндіріс орындары ашылуы керек.

Соған сай тірек елді мекендердің тұрғындарын жұмыспен қамту және әл-әуқатын жақсарту, сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту мақсатында өндіріс орындары ашылуы керек.

Шағын елді мекендердегі ауыл тұрғын­дары алысқа бармай-ақ тірек ауылдан қажетін табады. Міне, мұны әр аймақ өз аумағындағы ауылдардың жағдайына қарай отырып, тірек ауылдарын бекітеді. Алайда тірек ауылдардың тиісті өлшем-шарттары бар. Мәселен, кластерді қалып­тас­тыру бойынша халық тығыз шоғыр­ланған аумақ үшін 10 шақырым, ал халық орташа қоныстанған аумақ үшін 15 шақырым болуға тиіс. Сондай-ақ ол жиы­ны 15 көрсеткішті қамтитын демог­рафиялық, инфрақұрылымдық, экономи­калық, геокеңістік болып 4 блокқа бөлінеді.

Деректерге сүйенсек, қазір ауылды жерлерде 8 миллиондай адам тұрады. Демек, ауылда қойын құрттап, айранын ұрттап жатқан халықтың үлесі 42% болып отыр. Ал еліміздегі 6 454 ауылдың 3 477-сінің ғана даму әлеуеті бар екен. Оның ішінде 1 150-і тірек ауыл болса, қал­ған 2 327-сі серіктес ауылдар немесе шекаралас елді мекендер болып есептеледі.

Тірек ауылдарды дамыту үшін облыс­тық, аудандық бюджет қаражатымен бірге инвесторлар да тартылады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік қарас­тырылады. Жолдары жөнделіп, инфра­құрылымы жетіле түседі. Ескісі жаңғырып, кемі түгенделеді. Сөйтіп, бірінші тірек ауылдың тіршілігі бүлк-бүлк қайнаса, жан-жағындағы шағын ауылдар да жайнамақ. Әуелде жобаның жоспары солай болған...

Бұған дейін Мемлекет басшысы ауыл халқының 85%-ы тұратын келешегі бар тірек елді мекендерді дамытуға тап­сыр­­ма берген. Тапсырма бойынша тірек елді мекендер жол, интернет, байланыс жүйесі, білім беру, денсаулық сақ­тау нысандары, мәдениет пен спорт кешен­дері сияқты инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілуге тиіс-ті. Президент ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту үшін 3 жыл ішінде 100 дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін салуды тапсырған еді. Бұл ретте ауылды және ауыл шаруашылық саласын зерттеп жүрген білікті маман, «Асар» қоғамдық бiрлестiгiнің төрағасы, экономика ғылым­дарының кандидаты, С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық универ­ситетінің профессоры Қайрат Бодаухан Мемлекет басшысының бұл тапсырмаларын Үкімет әлі де түбегейлі орындай алмай отырғанын айтады.

– Кезінде Ауыл жылын жарияладық, «Дипломмен ауылға», «Серпін» секілді бағдарламалар мен жобалар жасалып, мемлекет тарапынан тау-тау қаржы бө­лінді. Әйткенмен оның нәтижесі көңіл көншітпей отырғаны рас. Өйткені ауылдың ахуалына белгілі бір министрлік жауапты емес. Мысалы, ауылға Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі, Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі секілді әртүрлі құзырлы орын­дардың қатысы бар. Сондықтан бұған Президенттің ауылға қатысты тапсыр­маларының орындалуын қадағалап отыратын үйлестіруші мекеме керек. Оның қолында бәрін тексеретін құзыреті болуға тиіс. Әйтпесе ауылға бағытталған игілік­тер жеріне жетіп болғанша, жемқорлар шетін кетіп түгейді, – дейді профессор Қ.Бодаухан.

Рас, ауыл үшін Үкіметтің аянып қалған кезі жоқ, қашан да дамытуды көздейді. Президенттің сөзінше, биыл тағы 1,5 мың­нан аса жобаға бюджеттен 143 млрд теңге бөлінбек. Ол ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы іске асырылады. Осыған орай «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынып, ауыл тұрғындарына 5-7 жыл­дық өсімі 2,5% болатын шағын несие берілмек.

– Қазір елімізде ауыл туралы екі бағыт­ты ұстаным бар. Бірі – болашағы жоқ ауылдарды жабу. Яғни оларды инфрақұ­рылымы бар ауылдарға қосу. Өйткені қазір болашағы жоқ дейтін ауылдарда тек зейнеткерлер тұрады. Ал екінші бағыт – осы тірек ауылдар арқылы шағын елді ме­кендерді сақтап қалу. Бұл жерде объек­тивті, субъективті, тіпті саяси және экономикалық себептер бар. Мысалы, ешкім қалмаған ауылға жол салу, газ тарту – ауылды көркейту ме, әлде артық шығын ба? Және онда кеткен шығынын қайта ақтай ма деген заңды сауал туындайды. Сондықтан бұл салаға сараптамалық және кешенді зерттеу жүргізіліп, соған сай нақты жол картасы жасалуға тиіс. Оған тек ауыл шаруашылық мамандары ғана емес, архитекторлар, экономистер, инженер-геодезисттер, инженер-технологтар араласуы керек, – дейді Б.Қайрат.

Бұған қатысты Мемлекет басшысы: «Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 трлн-ға жуық теңге бөлінеді. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуға тиіс. Топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту маңызды», деген еді.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, ауылды дамыту бағдарла­масы бірнеше бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – функционалды қалаларды жаң­ғырту. Оған Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларының маңайындағы ең үл­кен 4 агломерация кіреді. Сонымен қатар 13 облыс орталығы мен Семей қаласы. Екінші бағыт – моно қалалар. Үшін­ші бағыт – ауылдық елді мекендерді дамыту, соның ішінде тірек ауылдардың инфра­құрылымын, тұрғындардың өмір-салтын жақсарту. Мұндағы басым бағыт – ауыл­дық елді мекендерді дамыту. Соған сай «Ауыл – ел бесігі» ауылдарды дамыту, инфра­құрлымын жақсарту жобасына 2019-2021 жылдары жыл сайын 30 млрд теңге бөлінген. Жергілікті бюджеттен мол қара­жат бөліп жатқан Атырау, Қарағанды, Ал­ма­т­ы, Ақтөбе облыстары екені айтылады.

Мұндай мемлекеттік игіліктердің шарапатын көріп отырған тірек ауылдардың бірі – Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Атамекен ауылдық округі. Ауыл әкімі Қанай Есекеевтің айтуынша, тірек ауыл­дардың әлеуеті мықты болса, шағын ­ауыл­дар дегредацияға ұшырамайды.

– Атамекен ауылдық округіне алты ауыл кіреді. Ол – Жаңажол, Жарқайың, Жа­сыл, Қаражар, Шиелі ауылдары. Тірек ауыл деген мәртебе ғана емес, мол мүмкін­дік. Бұл арқылы көп нәрсеге кедергісіз қол жеткізуге болады. Мәселен, былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Атамекен ауылының көшелері абаттандырылып, жолдары жөнделді. Енді 2025 жылға дейін ауылды таза сумен қамтуды жоспарлап отырмыз. Қазір Атамекен ауылы­на іргелес орналасқан біраз елді мекенде жан саны азайғаны рас. Бірақ болашағы жоқ дей алмаймыз. Өйткені ауылдар жабылған жоқ. Барынша сол шағын ауылдарды сақтап қалуды көздеп отырмыз. Өйткені үлкен адамдар бұрыннан өмір сүріп келе жатқан ауылын тастап кеткісі келмейді, – дейді Қанай Сағындықұлы.

Рас, әкім сөзінің жаны бар, мұндай жағ­дай болашағы жоқ ауылдың біразында бай­қа­лады. Тірек ауылдарға айрықша көңіл бөлі­ніп жатқанымен, кейбір болашағы жоқ деп танылған елді мекеннің тұрғындары бұр­ын­нан мекендеп келе жатқан қонысынан көшкісі келмейді. Өйткені оның да әртүр­лі себептері көп. Бұл да мәселе болып отыр­ғаны рас. Дегенмен тірек ауылдардың шағын елді мекендерге тірек болатын күні алыс емес секілді. Мәселен, Солтүстік Қа­­зақ­­стан облысына тірек ауылдарды да­мы­ту мақсатында ішкі көші-қон солай ба­ғыт­талып отыр. Осылайша Үкімет сол­түс­тік өңірге жас мамандарды тартып, жұ­мыс­­сыздықты азайтуды көздейді. Әсі­ресе, көп балалы отбасыларға және шеттен келген репатриантарға да басымдық берілуде.

– Бұған жанама қатысы бар бір мәселе – демография. Қазір Еуропа елдері қандай күйге түсіп отырғаны түсінікті. Халқы қартайған. Олар қазір біздің жастарды «тегін» әкетіп жатыр. Тіпті 80 млн хал­қы бар дамыған Оңтүстік Кореяның өзі жыл сайын біздің қаншама жастарды өзіне тартады. Қазір әлемдік деңгейде демог­рафиялық дағдарыс бар. Қарт адам­дар­дың саны көп, жастар аз. Ал бізде керісін­ше, жастардың саны көп, келешек бар. Сондықтан демографияны дамыта беру қажет. Халық саны өскен сайын міндетті түрде бос жатқан жерді игере­ді, бұл – табиғи заңдылық, – дейді Қ.Бодаухан.

Қалаға үдере көшу – үзілмейтін үдеріс. Өркениет өзегі қалада екені өтірік емес. Сондықтан кез келген адам жақсы жерде, жайлы өмір сүруді аңсайды. Оны тежеп, тоқтату да мүмкін емес. Ал ауылға жағдай жасалса, тірек ауылдар жанданса, ауылдан шығатын шикізатты өңдейтін жергілікті өндіріс ошақтары ашылса, ауылдардың дамымауға хақысы жоқ. Бұған қоса ел ішінің тепе-теңді­гін сақтау және бос жатқан жерлерді тиімді игеру үшін ауыл мен қаланың өркениеті бірдей дамып нығаюы керек. Естуімізше, дамыған елдерде солай. Қазтуған жыраудың «Жарлысы мен байы тең, жабысы мен тайы тең, жары менен сайы тең» деп жырлағанындай, бізде, ең болмаса, ауыл менен аудан тең деңгейге жетсе деген тілек.