Дәл қазір қымбатшылық «темасы» қазанда шыжғырылған майдай қызып-ақ тұр. Барған жерде баға айтылмаса, бас ауыратын болды. «Қос бүйірден қысқан қымбатшылық» деп бастамасаң, әңгімең де шоқалақтап әріге баспайды. Құрығырдан қашып құтыла алмай қалдық қой... Қызылкеңірдек болып жатқан жиналыста да, құж-құж қайнаған автобуста да, дүкеннің кезегінде де, тер моншақтаған моншада да, үйдің кіреберісінде де, астың үстінде де айтылып жатқаны – осы әңгіме. Жарасқан ағам жазғандай, «Теледидарды ашып қалсаң да.., радионы басып қалсаң да.., журналдарды парақтасаң да.., газеттерді қарап қалсаң да... сопаң етіп сол жарықтық шыға келеді...
Басына бұғалық түспеген асаудай бұлқынған баға шіркіннің біз түгілі жер-жаһанның билеуші мемлекеттеріне де бой беретін түрі жоқ. Қысқан үстіне қысып барады. Ұшқан үстіне ұшып барады. Кешегі баға – бүгін жоқ. Ал арзандады деген әңгіме атымен жоқ. Қалай болғанда да қалтаңа қарай «көсілетін» заман келді ғой. Қызыл бағалардың тұсына келгенде шыбындай құжынап кететініміз де сондықтан шығар. Акцияны айтам да...
«Акция деген – тауар иесінің оны өткізу үшін ойлап тапқан амалы», дейді маркетолог маман Алмагүл Серікқалиқызы. – Қанша акция жарияласа да дүкен иесі ұтылмайды. Өйткені көп жағдайларда тауардың толық құны сол бағаның ішіне кіріп кеткен де болуы мүмкін. Аңғал алушы оны аңғара да бермейді. Не болмаса дүкен иесі сол тауарды сатып алған ақшасын шығарып, енді қойманы жаңа тауарларға босату үшін де осындай қадамдарға баруы бек мүмкін. Жарамдылық мерзімі жақындап қалған өнімдерді де тезірек өткізіп жіберу үшін таптырмас тәсіл. Қалай болғанда да, бұл – саудадағы керемет маркетингтік қадам», дейді біз пікірлескен маман.
Ақыр айтқан соң арғы бастауын америкалық Фрэнк есімді азаматтан алатын акция жайлы да әңгімелей кетейін. Байдың дүкенінде жалданып жұмыс істейтін 21 жастағы жігіт қожайынына аса жағыңқырамай жүреді. Бірде, тіпті, «Осы айда түсетін табысты көтермесең, бұл жұмыстан табаныңды жалтыратасың!», деген ескерту де естиді. Сол заманда әр тауардың нақты белгіленген бағасы болмапты. Жөні осы-ау деп жобаға келетін бағаны қойып сата беріпті. Тағдыры таразыға түскен жас жігіт әрі ойланып, бері ойланып дүкен ішінде ауыс-түйіс жасап, қоймада қалған тауарларды бәрін топтап бір қорапқа салады да, төбесіне «Барлығы бір бағада – 5 цент» деп маңдайша жазып, дүкеннің қақ ортасына орналастырады. Сол күнгі табыс бұған дейінгі апталарда түскен пайдадан әлдеқайда асып кетеді. Еселенген табыстан есі шыққан қожайынның қуанышында шек болмайды. Фрэнкті жұмсаған үстіне жұмсай түседі. Кейіннен ақылды жігіт өзінің жеке саудасын ашып, бүгінде бүкіл әлемді жаулаған «Вулворт» дүкендер желісінің негізін қалайды.
Азды-кем тарихтың айтары – осы. Сонымен акция бізді қалай арбайды? Оның да түрі көп екен. Былайғы күнде біз көп мән бере бермейді екенбіз. Алдыңғысы тауардың төмендетілген бағасын сары не қызыл түсті баға көрсеткіштерімен «жеңілдік» деп таңбалау тәсілі. Өздері мұны «Керемет! не сұмдық! болмаса күлкілі бағалар» деп айдарлайды. «1+1=3» деген формулалары да тапқырлық. «Ескі үтігіңді тапсыр да, жаңа үтікке 50 пайызға дейін жеңілдік алып қал!» дейді енді бір жапсырмалар. «Ырысың ортаймасын десең, отбасыңмен түгел келіп сауда жаса!» дейді тағы тақтайшада. «Досыңды ертіп келіп, достық жеңілдігін пайдалан!» депті мына бір шақыртуларда. Бонус пен кэшбектің де өмірімізге енгеніне көп бола қойған жоқ. Бұл да – бір өз аяғымен келген клиенттен айырылмаудың таптырмас амалы. Туған күніңізде таныс-туғандарыңызбен жарысып хабарлама жіберетін дүкендер бар. «Туған күн құрметіңізге орай, тек сіз үшін бір ай бойы кез келген тауарымызға 20 пайыздық арнайы жеңілдік!» деп қармақ лақтырып қоятындарын қайтерсіз? «Алдын ала тапсырыс жасағандарға құлаққап сыйлыққа беріледі!» деп келетін жарнамалардан да аяқ алып жүре алмай қалдық. «Аккаунтқа тіркеліп, лайк басып, 3 досыңды белгілеп, осыншама жеңілдік ал!» дейтін желі қолданушылары да жеткілікті. Арнайылап әр аптаға, айға, күнге бөлек-бөлек акция жасайтындары да табылады. «Подробнее» батырмасын бастыртуға құмарлар да қаптап кетті...
Тергіштей берсең, толып жатыр. Ал бір айтарымыз: алдыңыздан ақсия күлген акция шыға қалса, асықпаңыз, абдырамаңыз! Пайызын шағыңыз! Бағасын қайта бағамдаңыз! Жарамдылық мерзіміне де көз жүгірте салыңыз!
P.S. Есіме түскен мына бір әңгімені де айта салайын. «Әке, енді мен акционермін!» деді бірде үлкен ұлым маған. «О, құтты болсын, балам! Әкеңнен өте туған ұл болдың!» деп әкетіп бара жатсам, ұлым кеңк-кеңк күледі. «Өй, әке, дүкендердегі арзан акцияларды жинап жүрмін. Солардың акционерімін!» деп...
Мұны қалай бағамдасаңыздар да өз еріктеріңіз...