• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 10 Сәуір, 2023

Ғылым өзгеріспен құнды

412 рет
көрсетілді

Ғылым деген шынымен де «инемен құдық қазғандай». Ғылым жолы – ауыр әрі қауіп-қатерлі жол. Ерінбей, жалықпай жұмыс істеу керек. Ғылым деген – еңбек. Бірақ ғылымға деген адамның ең бастысы табиғатынан, болмысынан ынтаcы болуы керек.

Қазір елімізде ұлттық зерттеу университеттерін құруға жол ашылды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті зерттеу университеті мәртебесін алды. Ұлттық университет алдағы уақытта қалай дамуы тиіс? Арнайы мақсатты бағдарлама бойынша дамуы керек? Өте жоғары деңгейде ғылыми-зерттеу жүргізуі және олардың нәтижесін практикаға енгізуді қамтамасыз етуі қажет.

Жоғары оқу орындары жұмы­сының тиімділігі олардың талапкер тартуымен ғана сипатталмайды, оқу үдерісінің сапалылығы, әдістемелік, ғылыми, халықаралық, жаңашыл және бизнес саласына қатысуы да білім ордасына сын. Білім ордаларының инновациялық деңгейін арттыруы, олардың өндірістік кәсіпорындармен байланысын күшейтуі, еңбек ресурстарын басқару саясатын жетілдіруі оның менеджментіне заманауи көзқарасты талап етеді. Ғылымды, инновацияны, кәсіпкерлікті дамыту ел экономикасын арттырудың те­гершігі десек, бұл барыста Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетінің алар орны ерекше.

Қазақстандағы ұлттық зерт­теу университеттері қазір жо­ға­ры оқу орындары базасында қа­лып­тастырылады. Студенттерді ин­но­вациялық жобалауға, ашыл­ған ғы­лыми жаңалықтарды ком­мер­ция­ландыруға үйрету, алға қойған мақ­саттарға сәйкес басқаруды ұйым­дас­тырудың жаңа жүйесін құру әр зерт­теу университеттерінің негізгі мақ­саттары мен міндеттеріне жатады.

Ұлттық зерттеу университетінің түлегі талдауды, жобалауды және оны жүзеге асыруды қажет ететін кәсіби жағдайларда жүйелі іс-әрекетке дайын бола алатын, креа­тивті, шығармашылықпен жұмыс істеуге қабілетті, бойында ойлау шапшаңдығы бар, қажет болғанда тез шешім қабылдауға тиіс.

Халықаралық тәжірибелер көрсеткендей, қазір зерттеу қыз­­меттерінің коммерциялық бағыт алуы жоғары оқу орындарының кәсіпкерлік қызметтерін жүзеге асырудың кең таралған тетігі. Технологиялардың коммерция­лан­ды­рылуы деп ғылыми-зерттеудің нәти­желерін пайдаланып, табыс табу­ға бағытталған кез келген қызмет түрі айтылады. Бүгінде инновациялық кәсіпкерлік қызметті жоғары оқу орындарының уақыт ағымына ілесуі ғана емес, оны адам ресурс­тары – ғалымдар мен кәсіпкерлер деп түсінгеніміз абзал.

Сондай-ақ қазақстандық жо­­ға­ры­ оқу орындарын инс­ти­тут­тық­ ав­­то­номия алуының бола­шағы тұр­ғысынан алғанда, олар­дың ин­но­вациялық кәсіпкерлік қыз­­мет­ті­ жүзеге асыру, эндаумент-қор­­лар,­ орталықтар құру мен дамы­ту­ арқылы тапқан табысты әр­та­рап­­­­­­тандыруға деген құлшынысы байқалады.

Университет пен бизнес арасында нәтижелі байланысты дамытуға күш салу, технология трансферінің дамуына, қосымша білім беруге, жоғары сұранысты түлектерді даярлауға ерекше назар аудару ұлттық зерттеу университеттерінің стратегиялық мақсаты болуға тиіс. Болашақта белсенді инновациялық маман-зерттеушілерді оқытып, теория­ мен практиканың өзара қарым-қатынасына орта қалыптастыру ұлттық зерттеу университеттерінің басқа жоғары оқу орындарынан ба­­сымдығын анықтайды. Ұлттық зерт­теу университеттері ғылымның кадр­лық әлеуетінің, оқу үдерісі мен ғылыми қызметтің, жоғары тех­­но­ло­гиялар мен кәсіби білім бе­ру­дің дамуы мен қорғалуына де­ген жауапкершілікті өзіне алуға қа­бі­лет­ті болады. Бұл олардың қыз­ме­ті­­нің барлық негізгі параметр­лері­не­ жо­ғары талаптар қоюды қажет етеді .

Еуразия ұлттық университетінде жақсы ғалымдар жұмыс істеді және бүгін де істеп келе жатыр. Содан кейін бізде мықты жастар бар, бака­лавр, магистр, докторант дегендей. Оларды қазақ елінің болашағы, келешегі деп есептеймін.

 

Ғарифолла ЕСІМ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик