• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Сәуір, 2023

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мерейі

403 рет
көрсетілді

Талдықорғанда аутизм және бас­қа да пси­хикалық ауытқуы бар бала­ларға арналған күндізгі орта­лық ашылады. Тіпті алдағы аптада жұ­мысын бастамақ ниетте. Атал­ған нысан 125 орынға есептелген. Мамандар бірінші кезеңде 70 баланы қабылдауды жоспарлап отыр. Осы орайда өңір басшысы Бейбіт Исабаев орталыққа арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.

Ғимараттың іші-сырты талапқа сай жабдықталған. Негізінде ғимарат жер­гілікті бюджет есебінен сатып алынып, оған жалпы сомасы 200 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Қажетті жабдықтарды «Қамқорлық» корпоративтік қоры сатып әперіпті. Директоры Марат Бакиевтің айтуынша, ыңғайлы болу үшін оңалту орталығындағы екі ауысымда – түске дейін және түстен кейін 4,5 сағаттан әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәлі­метінше, орталықта сенсорлық, музы­калық, процедуралық кабинеттер, емдік денешынықтыру, физиотерапия, массаж, роботтехника, еңбекке баулу, жеке және топтық жұмыс кабинеттері, сондай-ақ логопед, психолог, дефектолог кабинеттері, қыш шеберханасы бар. Басты міндеті – туындаған әлеуметтік проблемаларды ең­се­руге және қоғам өміріне араласудың тең мүмкіндіктеріне жағдай жасауға бағыт­талған қызметтер кешенін ұсыну. Бұл облыстағы осындай алғашқы орталық болмақ.

Дұрыс қоғам ешкімді алаламайды. Қазақ обал, сауап деген түсінікке ерекше көңіл бөлген. Ендеше өзіміздің айырылмас бір бөлшегіміз, әртүрлі жағдайға байла­ныс­ты қимыл-қозғалысы шектеліп қалған бауырларымызға жәрдем беру, қолдау – азаматтық парызымыз. Кейінгі уақытта экологиялық жағдайға байланысты ма, ішкен астан ба, қолданған дәрі-дәрмектен бе, ешкім себебін тап басып айта алмай­тын кеселдер көбейді. Соның бірі – балалар арасында психикалық бұзылыстары бар, аутист дертіне шалдыққандар санының кө­бейгені. Ерекше балаларға өз деңгейінде қамқорлық керек.

Мәселен, «Қамқорлық» арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсету орталығы» ком­му­налдық мемлекеттік мекемесі мүмкін­дігі шектеулі балаларға әлеуметтік-меди­циналық қызмет көрсетеді. Психикалық бұзылыспен дүниеге келген балалардың толыққанды өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Жатын орын, ойын алаңы та­лапқа сай жабдықталған. Ішім-жемнен таршылық жоқ. Мейірім үйінде жылыжай бар. Онда гүлдің сан алуан түрі өсіріледі. Қыстың күні балалар еркіндікті қалап, өзімен-өзі болғысы келетін кездері болады екен. Сонда осы жылыжайға келіп, топырақпен ойнап, гүлдерге сүйсініп, өсімдіктерді суарып, табиғатты тамашалап, көңіл күйі көтерілетін көрінеді.

«Бүгінгі жаһандық ақпараттық өзге­рістер жағдайында қазіргі ата-аналардың бала тәрбиесіне қарауына уақыты жетпейді. Сондықтан балаларымызды смартфон, виртуалды әлем тәрбиелеп жатыр. Осы орайда ата-әжелердің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі ерекше. Сіздердің тәрбиелеріңіз арқылы балалар жанашырлыққа, түсіністікке, өзара бір-бірін қолдауға үйренеді. Сондық­тан өскелең ұрпақты, қазіргі жастарды тәрбиелеуде сіздердің көмектеріңіз аса қажет», деді Б.Исабаев.

«Тең қоғам» деп аталатын орталық мүге­дектігі бар адамдарға жан-жақты кө­мек көр­сетуге арналған. Олардың құжат­тарын ресімдеп, интернет арқылы керек-жарағын сұратуына жәрдем беріледі. Ор­та­лықта Санжар Жақсылықовтың шаш қию, тырнақ бояу әмбебап орталығы таныс­тырылды. Жас кәсіпкерлер «Jas project» жобасы аясында бизнесін қалай жүргізіп жатқанын айтып берді. Мысалы, Санжар 1 млн теңге сомасына грант алып, поли­техникалық колледж базасында шаштараз, маникюрлік косметологиялық қыз­меттер көрсетілетін шағын сұлулық салонын ашқан. Бастапқыда Санжар мен жанындағы тағы 2 жас шебер көрсеткен қызметтері үшін ақы алмаған, осылайша біраз тәжірибе жинақтап барып, кейін табыс таба бастаған. Ал Назерке болса, грант қаражаты есебінен өзінің аспаздық ісін қолға алыпты.

Шынында, рухани және материал­дық көмекті сезінген адамның шаттан­ған сәтін көрудің өзі – бір бақыт. «Жігер» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі, «Алпа­мыс» ҚБ, Талдықорған саңыраулар қоға­мының Оқу-білім беру кәсіпорны және бірқатар жеке кәсіпкер де өз өнімде­рін, атап айтқанда, өздері тіккен былғары аяқкиім, төсек-орын, арнайы киім, салған суреттерін, түрлі декор мен тұрмыстық заттарын көрсетті. Өнімдердің көпші­лі­гі әлеуметтік желілер арқылы сатылады. Де­генмен заманауи тігін машинасын сатып алуға қолдау қажет, аяқкиім жасау цехы мен сауда базарындағы орын үшін тегін бөлме бөлу, цех үй-жайын жөндеу, медициналық көмек көрсетуде де проблемалар бар. Бұл ретте облыс әкімі барлық айтылған мәселе бойынша, ең алдымен сауықтыру мәселелерінде тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.

Әлеуметтік қызмет көрсету нысандарын аралаған соң Бейбіт Исабаев кәсіпкер Ердос Баялышбаев ашқан «Асар» жаңа спорттық-оңалту кешенінде болды. Заман талаптарын ескере отырып салын­ған орта­лықта тірек-қимыл аппаратында бұзылысы бар адамдарды оңалтуға бар­лық қажетті жағдай жасалған. Дәрігер, лого­пед, психолог кабинеті, үлкен трена­жер залы, кине­зотерапия және ЛФК залы, мас­саж, емдеу кабинеттері, физиотерапия жүр­гізуге арналған кабинет, буфет, ыңғайлы дәретхана бөлмелері қарас­тырылған.

Орталықтың директоры Елдос Баялыш­баевтың сөзіне сүйенсек, орталықты ресми түрде маусым айының басында ашу жоспарланып отыр, ал қазіргі техникалық ашылуы барысында жабдықтар тексеріліп, іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

«Біздің орталықтың құрылып баста­ғанына 4 жылға жуық уақыт болды. 2015 жылы орталық ашу туралы ой келіп, оны кезең-кезеңімен сала бастадық. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, соның арқасында гранттар ұтып, өз биз­несімді дамытып, жеңілдікті шарттармен несие алдық. Жапония елшілігінің қолдауымен екі рет грант жеңіп алдым. Сол арқылы Италиядан, Польшадан заманауи жабдықтар сатып алдық. Енді бізге оңай басқарылатын, көпфункциялы экзоскелеттер Испаниядан әкелінетін болды. Сонымен қатар физиоаппараттар, магнитотерапия, электростимуляция, оңалтуға арналған аспалы жүйелер және тағы бас­қа да жабдықтар келушілерді оңалтуға сеп­тігін тигізеді. Мемлекеттік әлеуметтік тап­сырыстың нәтижесінде орталықтағы бар­лық қызмет тегін көрсетіледі», деді Елдос.

Оның айтуынша, орталық 400 адамға арналған, онда 27 маман жұмыс істейді. Бұл ретте «Қаратал» шағын ауданында орналасқан «Асар» бірінші орталығы балаларды оңалту орталығы ретінде қай­та жабдықталмақ, осыған байланысты онда тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізу жос­парланған.

Қасиетті Рамазан айындағы мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесу ерекше өтті. Дәл осы күні қаладағы жүріп-тұруы қиын адамдарды тасымалдауға жаңадан 3 инватакси берілді. Заманауи үлгідегі такси пайдаланушылардың көңілінен шықты. Жылы жүздесу көп жанның үмітін ұштады.

 

Жетісу облысы