1995 жылы 7 сәуір күні болған оқиға. Тәжікстан аумағындағы Пшихарв шатқалында Ішкі әскерге қарасты жетінші рота жауынгерлері тұтқиылдан жасалған шабуылға тап болып, от пен оқтың құрсауына түсіп қалды. Шабуылдаушы содырлардың күші басым болған ұрыста 17 жауынгер оққа ұшып, 33 адам жараланған еді.
Осы қанды оқиға болған күн қазір Ұлттық ұлан қызметінде «Ерлік күні» ретінде бекітілген. Биыл да Пшихарв шатқалындағы шайқастың 27 жылдығы аталып өтті. Ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу іс-шарасы ұйымдастырылды. Біз аты аңызға айналған жетінші ротаның сардарлары мен сарбаздарын сөзге тартып, естеліктерімен бөлісуді жөн көрдік. «Оқ аспаннан жаңбырша жауды. Айналада көздеріне құм толған жауынгерлер жатты. Бәрі де жантәсілім еткен еді. Бұл көріністі ұмыту мүмкін емес». Бұл – тәжік-ауған оқиғасының ардагері Қайрат Сәтбаевтың жадында мәңгі қалған жаңғырық.
– Бастапқыда не болғанын аңғармай қалған біздің бойымызда қорқыныш пен үрейдің ұялағаны анық. Бірақ ажалмен бетпе-бет келген сайын қайратқа мінеді екенсің. Моджахедтер әу дегенде-ақ көліктерді гранатометпен атып, күлін көкке ұшырып үлгерді. Көк түтін, суылдаған оқ. Әп-сәтте жанымдағы взвод жігіттерін жинап, автокөліктің дөңгелектерін қалқан қылып тығылдық. Жауынгерлерге «Мен бағытты айқындайтын оқтармен атамын, сол жерлерді нысанаға алып, сендер де солай қарай оқ жаудырыңдар», деп бұйрық бердім. Ізі ұшқындап анық көрінген оқпен жауды нысанаға алып атып жатырмын. Артынан сол бағытта сарбаздарым да оқ жаудырды. Қия дүздің бір тұсынан шыққан оқтың үні өшсе, ендігі кезекте автоматтың үні басқа жақтан сақылдап қоя береді. Міне, осылай ұрыс жалғасып жатты. Минуттар сағаттай, сағаттар бейнебір тәуліктей жылжыған сын кез еді ол бір. Жаралыларды жинап, жақын маңдағы БТР-дың қалтарысына жеткіздік. Он екі жарымдарда басталған сойқаннан кейін де біраз уақыт өтіп, сағат тілі үшке тақапты. Бастапқыда сескеніп қалсақ та, міндетті атқарудан артық парыз жоқ екенін барлығымыз бір адамдай түсіндік, – дейді Қайрат Сәтбаев.
Келесі кейіпкеріміз, запастағы полковник Берік Омаров та естелігімен бөлісті.
– Боздақтардың өлімін өз көзіммен көргендіктен, бұл оқиға жаныма қатты батады. Олардың бар көретін қызықтары әлі алда еді. Жау осал болмады. Моджахедтер соғыс өнеріне әбден машықтанып, ұрыстың айла-тәсілдерін жетік меңгерген. Сұрапыл шайқаста бізді құтқарған 40-50 метрдей жерде тұрған көпір болды. Біз осы тауды тесіп өтетін көпірге бекініп алып, жауға тойтарыс бермегенде, аман қалуымыз екіталай еді, – дейді Берік Ілесбекұлы.
Прапорщик Динар Сибагатуллин болса, әлі күнге дейін Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарады. Әскери қызметін қатардағы жауынгерден бастаған ол да шатқалдағы шайқасқа қатысқан. Содан бергі өмірін құқықтық тәртіп әскерімен байланыстырды.
– Ол күн әлі есімде. «Ұрысқа!» деген бұйрықты ести салысымен, бәріміз көліктен секіріп түсе бастадық. Бір жағы – жартас, екінші жағы құз жолдың оңтайлы тұсын әдейі таңдап алған жау ес жиғызар емес. Олардың алдын ала бәрін ойластырғанын, ең алдымен пулеметшілер мен зениттік-минометтік қондырғыны бірден жойғанынан білуге болатын еді. Бірнеше қарулас досым көліктен түскен бетте жер жастанды. Есімізді тез жинап, жаудың қай жақтан атқылап жатқанын бағдарлай бастадық. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде 100 метрдей қашықтықтағы «Көпірге бекініңдер!» деген бұйрықты естісімен жанұшыра атыса жүріп, солай қарай қарай жүгіргенімде тізе тұсымның тыз ете қалғанын сездім. Аяғыма граната жарқыншағы тигенін ертеңінде бір-ақ білдім, – дейді Динар Маратұлы.
Шайқастан аман-есен үйіне оралған бұрынғы сарбаздың бірі Дәурен Жақыпбековтің де айтары бар. Бүгінде қырықтың қырқасынан асқан Дәурен Асқарұлы тіптен жас өрен кезінде әскерге аттанған еді. 1993 жылы Алматы қаласында, П.Чайковский атындағы музыкалық училищеде оқып жүргенде академиялық демалысқа шығып, ізін ала Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады.
– Сол күні көлікке отырып, колоннамен жолға шыққан едік. Екі айдан кейін әскердің мерзімі аяқталады. Ойда ештеңе жоқ. Барлығымыз көлікте отырып, қалжыңдасып, әңгімемізді айтып келе жаттық. Енді сәл шыдасақ, «дембел» болып үйімізге қайтамыз деген көңіл күйде едік. Шатқалдағы көпірге келгеніміз сол еді, алдыңғы көлік пен соңғы көлікті атып жарып жіберді. Қозғалыс тоқтады. Оқ бұршақша жауды. Қасымда отырған сарбаздың басына оқ тиіп, басы қақ айырылып түсті. Менің арқама оқ тиді. Орнымда жатып қалдым. Барлығы абыр-сабыр болып кетті. Қансырап, көліктің ішінде қалдым. Қасымнан оқтар зуылдап өтіп жатыр. Әр сәт мәңгілік секілді. Кез келген секундта өмірмен қош айтысуым мүмкін еді. Сонда мына өмірдің мәнін түсіндім. Адам өміріне жететін құндылық жоқ екен. Қаруластарыма айтар алғысым мол. Мені тастамай, қауіпсіз жерге жеткізді. Бұл оқиғаны жастар білсе, Отанның да, өмірдің де мәнін жетік түсінетін еді, – дейді 7-рота жауынгері Д.Жақыпбеков.
Әрине, ерлік ұмытылмайды. Осы ұрыста қаза тапқан 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екісіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі қаза болған соң берілді. Ал тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін қазақ жауынгерінің құрметіне Душанбеде монумент тұрғызылды. Астана қаласындағы «Отан-Ана» монументі қасынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған аллея ашылып, ескерткіш бағана орнатылған. Сонымен қатар Шымкент, Петропавл және басқа қалаларда батырларға ескерткіш қойылған. Мұнан бөлек, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының қолдауымен шынайы оқиғаның желісімен түсірілген «Қазбат» фильмі жарыққа шықты. Осы оқиға тарихта қалсын, өскелең ұрпақ батырларымыздың ерлігін ұмытпасын деген ниетпен таспаланған кинокартина – жауынгерлерге Ұлттық ұлан тарапынан көрсетілген құрмет.