Экономиканың шикізаттық бейініне қарамастан, Үкімет мұнай химиясы мен металлургияның аралас салаларындағы өндірістік желіні белсенді түрде кеңейтуде. Қазіргі әлемдік ахуал елімізде өңдеу саласын дамытуға көбірек көңіл бөлу қажеттігін көрсетеді. Әсіресе ОПЕК+ бірлескен мониторинг комитетінің 48-ші отырысында қабылданған шешім бойынша Қазақстан мұнай өндіруді тәулігіне 78 мың баррельге қысқартуға мәжбүр. Осы орайда Үкіметтің өнеркәсіп құрылымын түбегейлі өзгертуге арналған тұжырымдамасында өңдеу секторы негізгі орын алатынын атап өткен жөн.
Өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы орта және жоғары қайта бөлу өнімдерін шығаратын технологиялық прогрессивті өнеркәсіпті құруға бағытталған. Саланы дамытудың жүйелі шараларының ішінде өндірісті шикізатпен қамтамасыз ету, жаңа кен орындарын игеру, өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту және ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру қарастырылған. Осы мақсатта 500 млрд теңгеден астам сомаға өңдеуші өнеркәсіп жобаларын қаржыландыру көзделеді. Белгіленген жылдар ішінде жалпы сомасы 33,1 трлн теңгеге 868 жаңа жоба іске қосылып, 147 мың жұмыс орны ашылады деп болжануда. Жоспарланған іс-шараларды жүзеге асырудан өндірістің нақты өсуі 2029 жылы 1,5 есе, негізгі капиталға инвестициялар 19,8 трлн теңгеге дейін өсетіні күтілуде.
Әзірге Қазақстан экономикасы ІЖӨ-нің шамамен 19 пайызын алатын мұнай секторындағы жағдайға айтарлықтай тәуелді. Ресейлік АКРА рейтингтік агенттігінің сараптамалық есебі осыған саяды. Агенттік сарапшылары 2004 жылы елдегі мұнай серпілісі басталғаннан кейін шикізат өндіру іс жүзінде ел өнеркәсібінің даму динамикасы тұрғысынан негізгі және тренд құраушы элементке айналғанын атап өтеді. 2011 жылға қарай мұнай-газ өнеркәсіптік өндірісте 54 пайыз шыңына жетті.
Десе де кейіннен жоспарлы әртараптандыру жүріп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, егер 2011 жылдан 2020 жылға дейін өнеркәсіптік өндіріс құрылымында өндіруші бағыттар басым болса, соңғы екі жылда бұл үрдіс аяқталды. Сонымен 2020 жылы рецессия аясында өңдеу көлемі бойынша өндірістен асып түсті, ал 2021 жылы бұл сегменттер 46 пайыз және 48 пайыз пропорционалды үлестерге ие болған.
Өнеркәсіптік өндіріс құрылымындағы сипатталған өзгерістерді өндіруші және өңдеуші салалардың құрылымы мен дамуындағы үш негізгі айырмашылықпен түсіндіруге болады. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсуді көрсетті. 2012 жылдан 2022 жылға дейін өңдеудегі орташа жылдық номиналды өсім өндіру сегментінен бір жарым есе жоғары болды. Егер өндіруші салаларда 2009, 2015 және 2020 жылдары номиналды түрде құлдырау кезеңдері байқалса, онда өңдеу 2009 және 2015 жылдары айтарлықтай төмендеді. 2020 жылы экономикада рецессия болған кезде өсу аймағында қалды. Тиісінше, өңдеу өнеркәсібінде өсу қарқыны айтарлықтай тұрақты, ал өндіруші бағыттардың динамикасы құбылмалы.
Екінші сәт. Мұнай мен газды өндіру (70-80 пайыз) өндіруші өнеркәсіптің өзегі болып қала береді, бұл сегментті іс жүзінде біртекті етеді. Өңдеу өнеркәсібінің құрылымы гетерогенді, оның металлургия, тамақ өндірісі, химия өнеркәсібі сынды бірнеше маңызды және белсенді дамып келе жатқан бағыттары бар.
Үшінші мәселе – тау-кен өнеркәсібінде 2022 жылы негізгі капиталға инвестициялар 2010 жылға қатысты нақты мәнде төмендеді, ал қайта өңдеудің кейбір сегментінде анағұрлым маңызды болып саналатын қалыпты өсу байқалды. Нақты көріністегі инвестициялардың ең көп ағыны негізінен өңдеу салаларына әсер етті. Ал фармацевтика, кокс, мұнай өнімдері, резеңке және пластмасса бұйымдары, дайын металл бұйымдары өндірісі, сондай-ақ жиһаз, химия және целлюлоза-қағаз өнеркәсібі рекордшылар болды.
Жалпы, АКРА атап өткендей, бірқатар өңдеуші салаларға неғұрлым белсенді инвестициялау кезінде шығарылымның тұрақты өсуі аясында Қазақстан өнеркәсібі мұнай мен газ өндіруге аз шоғырлана отырып, барынша әртараптандырылып жатыр.