Ақын-жазушыларымен әлемге мәшһүр, тарихы терең парсы әдебиеті орта ғасырлардан бастап саяхатшылар мен ирантанушылардың көмегімен еуропалық тілдерге аударыла бастады. Парсы әдебиетінде әлемдік деңгейдегі ақын-тұлғалардың ішінде қазақ қоғамына «Шығыстың жеті жұлдызы» ретінде танылған Рудаки, Фердоуси, Низами, Хайям, Сағди, Руми, Хафизді атауға болады. Қазақ әдебиетіне парсы ақын-жазушыларының ықпалы болғаны сөзсіз. Әсіресе ұлы Абай мен Шәкәрім шығармашылығынан осы әсерді нақты аңғарамыз. Сондай-ақ Тұрмағанбет Ізтілеуұлының Фердоусидің «Шахнаме» туындысынан Рүстем дастанын қазақ тілінде жырлауы да – Қазақ елінің Иран әдебиетімен таныстығының жалғасуына себепші. Парсы әдебиетінің алтын дәуірін жасаған ортағасырлық ақын-жазушылар Иран әдебиетін күллі әлемге танымал етті. Әсіресе XII-ХІІІ ғасырлардағы парсы әдебиетінің жарық жұлдыздарының қатарынан осы ел әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан Сағди Ширази, Руми мен Низамиді атап өткен жөн. Осындай кіл жүйріктердің замандасы – Аттар Нишапури.
Нишапуридің ниязды жолы
Ақын, сопылық әдебиет өкілі Фарид ад-Дин Әбу Хамид Мұхаммед Аттар Нишапури шамамен 1146 жылы өмірге келіп, 1230 жылы дүниеден озған. Ол Мәулана Джалаледдин Румиден кейінгі ең терең ақын саналады. Аттар шығармаларының негізгі жанры – мәснәуи (парсының қос тармақты өлең жолы). Барлық шығармасының негізгі арқауы – сөз бен ұғымдағы қарапайымдылығы оны халық арасында танымал етті. Оның «Құстардың сұхбаты» («Мәнтеқ әт-Тейр») және «Тәзкире әл-әулия» атты екі кітабы иран-ислам мистицизміндегі аса маңызды поэтикалық және прозалық шығармалар. Тимуридтер дәуірінде салынған қабірі ақын дүниеге келген Нишапур қаласының батысында, Омар Хайямның зираты жанында тұр.
Бұрынғы парсы тілді ақындардың арасында патшалар мен билік иелерінің алдында шындықты ашық немесе астарлы тілмен жеткізе алған ақындар кемде-кем. Осы арада кейбір сопы ақындар мәңгілік махаббаттың шексіз құдіретіне сүйене отырып, өзінің немесе қоғамның төменгі жігінің сөйлеу мәнерімен не ақыл-есі дұрыс диуаналардың тілімен билік иелерін сынайды. Осындай ақындардың бірі – хақтан басқаны сұлтан деп танымаған Аттар Нишапури екені даусыз.
Аттар дәрі-дәрмек сатып, ауру-сырқауды емдеп күн көреді. Сол себепті патша сарайына барып, басшыларды дәріптеп, ризық сұрамаған, осылайша өмірінің соңына дейін ар-намысын сақтап қалған. Ол дәрі жасау ілімін әкесінен үйренген. Ал сопылықта белгілі бір шейхтің немесе ағымның шәкірті болмаған. Емшілік пен дәріхана басқарудағы табысты кәсібі біреуге мұқтаж болуының алдын алған.
«Ақын ислам мазхабтарынан сүннитік бағытты ұстанды» деп айтылады, алайда қазіргі заманда кейбір өлеңіне сілтеме жасай отырып, «кейін шиизмді қабылдаған немесе Әһл-Бәйт жақтастарының бірі болған» деп есептейді. «Мәнтеқ әт-Тейрдің (Құстардың сұхбаты) кіріспесінде бірбеткейлерді айыптап, оларға Әһл-Бәйттің, әділ халифтардың жолына түсіңдер деп кеңес берген.
Аттар ақынның сөзі қарапайым, аса тартымды. Ол сопылық ұғымдарды жеткізу үшін еш астарсыз, қарапайым сөздерді қолданады. Жалындаған жүректі оқырманды түсінікті тілмен, астарсыз бейнелермен, дәстүрлі дастан-хикаялардағы оқиғалармен баурап алады. Аттар – ұстаз ақын. Ол өзінен кейінгі әйгілі Мәулана мен Жәми сияқты сопы ақындарға үлгі бола білді.
Мұрасының мәні
Тарихта көптеген шығарманың авторлығы Аттарға беріледі. Мұның себебі, оған дейін де, одан кейін де Аттар лақап атын алғандар көп болған деседі. Дегенмен олардың біразы стиль мен мазмұн жағынан бір-бірінен айырмасы байқалады. Алайда Мұхаммедреза Шафии Кадкани мен Абдул Хоссейн Заринкубтың зерттеулеріне сүйеніп, оның нақты еңбектерін атап өтейік.
«Асрарнаме» – 22 бөлімге бөлінген 3 305 бәйіттен тұратын мәснауилердің бірі Шығарманың тақырыбы – таухид, Пайғамбар мен әділ халифтердің қасиеттерін мадақтау, сопылық ілімнің түрлі мәселе, махаббаттың маңызы мен оның хикметтен артықшылығы.
Ол өмірінің соңында жазған «Құсраунама» немесе «Илаһинама» аталған еңбегі бір негізгі сюжетке құрылған қызықты қысқа және ұзақ әңгімелерден тұрады. Басқа еңбектері сияқты бұл кітапта да Алла Тағаланы дәріптеумен және ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен төрт халифаны мадақтаумен басталып, одан кейін адам рухымен сұхбат жүргізіп, оған алты перзент яки нәпсі, шайтан, ақыл, кедейлік, білім, бірқұдайлылық туралы айтады.
«Мәнтеқ әт-Тейр» еңбегінде құстардың Самұрық есігіне дейінгі сапарын сипаттайды. Олардың сапары ұзақ болады. Бірақ соңында Самұрықтың өз болмыстарынан көрініс тапқанын түсінеді. Санан есімді қарт дәруіштің қорқақ қызға деген махаббаты мен сезімін баяндайтын кітаптағы ең ұзын хикая шамамен 408 бәйіттен тұрады.
«Мусибатнама» рухани ізденушінің қиыншылықтарын баяндаған қызықты хикаялардан құралған. Бұл шығарма – оның «Мәнтеқ әт-Тейрден» кейінгі ең маңызды поэмасы.
«Мұхтарнаме» рубаят жинағы түрлі тақырыптағы елу баптан құралып, Жаратқан мен адам арасындағы рухани мәселелерді байыптайды.
«Тәзкире әл-әулия» – сопылық ілімнің тоқсан жеті әулиесі мен шейхінің өмірбаянын қамтыған мұра. Туындының жетпіс екі тарауында автор жетпіс екі адамның өмірін, көзқарасы мен қасиетін суреттейді. «Тәзкире әл-әулия» – тілі қарапайым, әсерлі шығарма. Бұл парсы тарихындағы ең елеулі прозалық шығарма қатарына енеді.
«Аттардың қиссалары мен ғазалдарының жинағы» – басым бөлігі сопылық дүниетанымды жырлаған шығармаларының топтамасы.
Аттар Нишапури және Еуропа
Нишапуридің ойлы туындылары әлем әдебиетіне де ықпал етті. Бұл әсерді Ираннан тыс жерлердегі «Панднаманың» көптеген қолжазбасынан, баспа көшірмелерінен, аудармаларынан, түсіндірмелерінен көруге болады. Сондай-ақ бұрын Аттардың тұлғалық қасиетінен гөрі, шығармасының мазмұнына көбірек көңіл бөлінгенін байқаймыз. Бұл қызығушылыққа ықпал еткен фактор – оның қарапайым стилі мен ахлақ туралы терең мазмұны. Бұл еуропалықтарды «Панднамаға» көбірек тартылуына себеп болды. Мәулананың «Мәснауиінен» кейін сопылық әдебиеттің ешбір шығармасы «Мәнтеқ әт-Тейр» деңгейіне жеткен жоқ. Бұл туындының рәміздік сипаты әлемдік символизмнің талай шығармасына әсер етті. Сонымен қатар «Тәзкире әл-әулия» прозалық шығармасы да мистикалық бағыттағы әлем жазушыларының назарын өзіне аудара білді.
XVIII ғасырдың 2-жартысынан бастап Еуропа шығыстанушылары Аттар шығармаларын аудара бастағаны мәлім. Оны алғаш неміс аудармашылары Батысқа жеткізді. Фон Стомердің 1775 жылы Венада басып шығарған қос тілді антологиясында «Панднама» поэмасының үзіндісі жарияланған. 1818 жылы фон Хамер Поргесталь «Мәнтеқ әт-Тейр» туындысын аударып, үзінді түрінде басып шығарды.
Аттар шығармаларын алғаш аударған немістер болса да, оны Батысқа кеңінен таныстырған француздар еді. 1787 жылы Сильвестр де Саси француз тілінде «Панднаманы» тәржімеледі. «Құстардың сұхбаты» аудармасы еуропалықтар арасында өте танымал.
Сәуір айының 16-сы немесе шамси жыл санағы бойынша фәрвәрдин айының 25-і – Иран күнтізбесінде Аттар Нишапуриді еске алуға арналған ұлттық күн.
Иран мен Қазақстан арасындағы рухани-мәдени байланыстың тамыры өте тереңде. Ал жаңа жағдайда дипломатиялық ресми қарым-қатынас 1992 жылы басталады. Екі ел халқына ортақ құндылықтар аз емес, соның ішінде, қазақ және парсы тілдерінде бірдей қолданылатын 3 000-нан астам сөздің болуы, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып ұқсастықтары, көне Иран мәдениетінен бастау алатын Наурыз мейрамы, т.б. мақтаныштарымыз бізді жақындата түседі. Алдағы уақытта екіжақты байланыс жаңа деңгейге көтеріліп, кеңейе түседі деп нық сеніммен айта аламыз.
Әли Акбар Талеби Матин,
Иран Ислам Республикасы
елшілігінің мәдени кеңесшісі