Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру мақсатында ұсынып жүрген батыл бастамалары мен маңызды бағдарламалары көпшіліктің көңіліне үміт ұялатып, шынайы әрі кең қолдауға ие болып келе жатқанын сезіп те, көріп те жүрміз. Ал осы межеге абыроймен жеткіміз келсе, Президенттің күрделі кезеңнен шығу жолындағы шұғыл іс-шараларды сапалы іске асыруды талап етіп отырған ұсыныстарына тек жауапты мемлекеттік органдар ғана емес, қоғамның саналы әрбір мүшесінің бейжай қарамай, қолынан келгенше өзіндік үлесін қосып, дер кезінде қолдау көрсеткені абзал.
Сонымен қатар бұл жауапты үрдісті жандандыруда ортамызда жүрген Республикаға белгілі, айтқан сөзі мен жазған дүниесі өтімді, елге сыйлы ағалар мен замандастарымыздың орны тіпті ерекше деп білемін.
Төрткүл дүние дүрбелеңге түсіп, экономикалық ахуал тұрақсыздануын тоқтатпай тұрған уақытта тек өзіміздің ішкі мүмкіндігіміз бен білімімізге сүйене отырып, әлеуметтік-экономикалық және де басқа салаларды қарқынды дамытуға үлесін қоса алатын ұлттық заңнаманың тиімділігін арттырып, өзгелермен бәсекедегі қабілетін күшейту үшін отандық ғылымды жетілдіру қажеттігі маңызды болып тұр. Президент осыны назарына алып, кейінгі уақытта жиі тапсырма беріп келеді.
Қазіргі күні ел-жұртымызға ауадай қажет болып тұрған Әділетті Қазақстан дегеніміз не, бұл ұғым нені білдіреді және әділетті қоғамға қалай жетеміз, жеріміздің үсті мен астындағы ен байлықты төкпей-шашпай ел игілігіне қалай жаратамыз? Осынау маңызды сұрақтар бәрімізді мазалайды. Ғылымды реформалау кезінде жас ғалымдарға қолдау көрсетіп, жол ашып, ал қалыптасқан ғалымдардың барлық санатының төңірегіндегі тілге тиек болып жүрген проблемалар шешіліп, ғылыммен табиғатынан қатар жүруге мүмкін емес кеңселік бюрократия жойылар еді. Іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер және ғылыми гранттық жобалардың төңірегіндегі орын алып келе жатқан ойдан жасалған кедергілерді шешу бейнет болды. Бір дәлел келтіре кетейін.
Мен жоғарғы заңгерлік және филологиялық білімдері бар 300-ге жуық, оның ішінде есімдері шетелдерге де белгілі заң ғылымдарының 10 докторы, филология ғылымдарының 2 докторы, заң ғылымдарының 25 кандидаты, 8 PhD докторы, заң ғылымдарының 26 магистрі, «Болашақ» бағдарламасымен білімін жетілдірген 10 маманы бар, Әділет министрлігіне бағыныстағы «Заңнама және құқықтық ақпарат институтын» басқарып келемін. Ұлттық заңнаманы жетілдіруге тікелей атсалысатын бірден-бір мемлекеттік ғылыми мекеме болғандықтан, басқа жұмыстардан тыс жыл сайын төрт-бес тақырыпта іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізіп, нәтижесі бойынша бірнеше монография, түсініктемелер, оқу әдістемелік құралдар және көптеген ғылыми мақала жариялап келеміз. Мұның сыртында соңғы үш жыл қатарынан үш-төрт тақырыптағы зерттеу жобалары бойынша міндетті талаптарды орындай отырып, мемлекеттік грантқа құжаттар тапсырғанымызбен, нәтижесінде жобаларымыздың бірде біреуі өтпеді. Зерттеу тақырыптары әртүрлі болғанына қарамастан, барлығының дәлелді негіздемелері көрсетілмей, шаблонды түрде біркелкі жауап қайтарумен аяқталады. Өтпеу себебіне көз жеткізу мақсатында жіберілген хаттар формальды түрде қараумен шектеледі.
Осыдан он үш жыл бұрын Батыс Еуропа мен Қазақстанда қалыптасқан кәсіби білім деңгейін біркелкі «бакалавр-магистр-PhD» формуласымен теңестіріп, еліміздің жоғары білім құжаттарының Еуропада жол ашылуына мүмкіндік беретін және басқа да ерекшеліктер бар деген негізбен, елде Болон үдерісі енгізілді. Пайдасы бар озық тәжірибені енгізуге ешқандай қарсылық жоқ. Бірақ сол кездің өзінде-ақ көпшіліктің әртүрлі қиындықтарға душар боламыз деген көңілге қонымды ескертулері назарға алынбады. Әлі есімде, Мәжілісте «Ғылым туралы» заң жобасын талқылау барысында, ғылыми дәрежені қорғау жолында Болон жүйесіне сәйкес PhD тәртібімен қатар, Ресей және басқа да көршілес мемлекеттердегі сияқты дәстүрлі кандидаттық және докторлық қорғау жүйесін баламалы түрде қалдыруды ұсынған біраз депутаттар мен ғалымдардың ұсыныстары да қолдау таппай, үкімет пен уәкілетті орган қарсылық білдіріп, заң қабылданған болатын. Қателеспесем, заң күшіне енген сәтте кандидаттық және докторлық қорғау жолында жүрген 3,5 мыңнан аса ізденушінің диссертациялық еңбегі тоқтатылды. Ал бүгінгі өмір көрсетіп отырғандай, «Scoups» және «Web of Science»-ке шыққан мақалаң болмаса, ешқандай еңбегің есептелмейді. Бұл мақалалардың әзірленуі мен жариялануында көптеген сұрақ бар. Елдегі жүздеген ресми түрде жарық көрген ғылыми еңбектер, монография мен оқу құралдарының маңыздылығы мен құны шетелдерде ақша төленіп шығатын 12 мақаладан төмен болып тұрғаны ақиқат.
Оның үстіне ізденуші үлкен көлемде қаржы төлейді. Тіпті кейде бірнеше ай, жылдар бойы күтіп, алдауға түсіп қалғандары да кездесіп жүр. Ақиқаты озық интеллектуалды ғылыми еңбектерді шетелдерде мәжбүрлеп жариялағаннан ешқандай пайда жоқ. Отандық ғалымдардың ғылыми саладағы тың ойлары, жаңалықтары мен ұсыныстары ең алдымен өз елімізде жарық көруге тиіс. Осы мәселеде де академиктің аталған кедергілерді еңсерудің бейнетінен көптеген ғалымның шетел асып, әуреге түсіп жүргенін тоқтату үшін бұл қолдау таппаған тәртіпті доғаруды ұсынған пікірді мен ғана емес, көптеген әріптесіміз қолдайтынына сенімдімін.
Мемлекет басшысы ғылым саласын жандандыруға үлкен сенім білдіріп, үміт артып, нәтижесін күтіп отырған уақытта мүдделі мемлекет органдарының лауазым иелері осындай және басқа да мәселелерді бақылауға алып, жедел әрі нақты іске кірісуге тиіс деп санаймын. Сонда ғана отандық ғылымның барлық саласы толайым нәтижелерге қол жеткізіп, ғылым ғалымдарымен мықты болар еді.
Рамазан СӘРПЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты