• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Тарих 17 Сәуір, 2023

«Ана туралы баллада» Бұл әннің алғашқы мәтіні басқаша болған

811 рет
көрсетілді

«Әлі есімде біледі жұрт біледі,

Ел басына қатер төнген жыл еді,

Қимастарын қан майданға ұзатып,

Қарс айырылған аналардың жүрегі.

О, Аналар! Осындайсың бәрің де,

Осындайсың жасың менен кәрің де»

Сыйынатын болса өмірде Құдірет,

Сыйынар ем Ана деген Тәңірге!» –

деп басталатын ән 70-жылдардың орта тұсында күллі қазақ даласына тарады. Жұртшылықты жылатты. Естігендер егілді. Тыңдағандар тебіренді. Ән әлі күнге дейін көпшіліктің көңілінде. Әсіресе Жеңіс мейрамында міндетті түрде шырқалады. Айтыла беретіні де күмәнсіз. Өйткені бұл ән – қатыгез уақытпен бетпе-бет келгенде қиындықты қайсарлықпен жеңе білген қазақтың мыңдаған қарапайым әйелдерінің рухына деген Ұлы тағзым!

Ал ән қалай жазылған еді?

1970 жылы кешегі кеңес өкіметі коммунистер көсемі В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуын кең көлемде атап өтуді ұйғарды. Соның бірі көркемөнерпаздардың концерттерін ұйымдастыру болатын. «Аға» деп айдарланған халықтың түкірігі жерге түспей тұрған шағы ғой. Әртүрлі деңгейдегі іс-шаралардың бәрі дерлік солардың тілінде өтетіні өз алдына, концерттік бағдарламалар да негізінен сол ұлттың әндерінен түзілетін. Әрине, арасына бірлі-жарым қазақша әндер де кіретін. Көсемнің «ұлттардың бәріне тең қарау керек» дейтін өсиеті естеріне түсіп кетті ме екен, шенеуніктер аяқ астынан Жезқазғандағы Кеншілер Мәдениет сарайы­на «облыс орталығында өтетін концертке қазақ өнерпаздары дербес бағдарлама әзірлесін» деген ұйғарым жасап, нұсқау береді. Нұсқау берілген соң орындалу керек. Қазақ жігіттерінен құралған гитаристер квартеті бар еді, негізгі салмақ соларға түсетін болды. Ол кезде Жезқазған Қарағанды облысына қарайтын. Сөйтіп, облыс орталығында өтетін концертке тыңғылықты әзірлену мақсатында көркемөнерпаздар белгіленген уақыттан ертерек келіп, Қарағандыдағы «Заря» мейманханасына орналасады. Кезекті дайындық барысында жігіттердің бірі «Концертке ешқандай атаусыз шығамыз ба, тобымызға бір атау ойлап тауып, ансамбль болып шыққанымыз дұрыс-ау» деген ой тастайды. Сөйтіп, сол жолғы концертте алғаш рет әлі ресми түрде беки қоймаса да, өнерпаздар сахнаға «Қаракөз» ансамблі деген атпен шығады. Кейін «Қаракөз» республикаға кең танылған өнер ұжымына айналады.

Сол «Қаракөз» ансамбілінде екі Сейілов болды. Бірі – қазаққа танымал композитор-әнші Жақсыкелді Сейілов болса, екіншісі – Сәлімжан Сейілов деген азамат болатын. Сәкең кейін кен өндірісінде еселі еңбек етті, Жезқазған – Ұлытау өңіріндегі алғашқы кәсіпкерлердің бірі болды, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы атанды. Осыдан бірер жыл бұрын дүниеден көшті. Жетпісінші жылғы жағдайды көзбен көргендей әңгімелеп отырғанымыз сол Сәлімжан ағадан естігеніміз.

Екі Сейіловті көпшілік «ағайынды жігіттер» деп ойлайтын. Концерттік жарнама парақшаларында, яғни афишада «братья С.Сейлов, Ж.Сейлов» деп жазулы тұратын. Бірақ олар рухтас болса да, рулас емес еді.

«Қаракөздің» құрамында өнер көрсеткен Болат және Ахмедия Есмұхановтар да кейін халыққа кең танымал өнер иелеріне айналды. Б.Есмұханов – Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, А.Есмұханов – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды. Ахмедия осыдан бірер жыл бұрын әлемді жайлаған індеттің құрбаны болды.

1969 жылдың күзінде Болаттың Мұхамедия есімді інісі әскерге алына­тын болады. Ол уақытта әскерге бара­тындарды думандатып-сырнайлатып шығарып салу – жазылмаған заң, бұзылмайтын дәстүр. Өздері өңкей өнерпаз болса, олар қалай қарап қалсын! Болат інісінің атынан «Кешір, Ана!» деген сөз жазып, Жақсыкелді Сейілов ән шығарып, азаматты сол әнмен әскерге аттандырып салады.

Қарағандыдағы көсемнің құр­ме­ті­не қойылған концерт көңілдерінен шықты ма екен, жылумен-сумен қам­ту­ кәсіпорнында токарь болып жұмыс іс­тейтін Сәлімжан Сейіловке сол кез­де­гі Жезқазған қалалық комсомол ком­итетінің бірінші хатшысы Жібек Әмір­ханова «Еңбек озаты, қоғамдық жұмыс­тарға белсене араласады» деп, «Спутник» туристік ұйымы ұсынған жол­даманы тапсырады.

Мәскеудің «Алтай» мейманхана­сын­да Сәлімжан Сейілов қазақтың атақты ақыны Аманжол Шамкеновпен бір бөлмеге орналасады. Өзі – ақын, бөлмелесінің әнші екенін білген Аманжол аға «Бала, ертең ГДР-ге барғанда да менің қасымда бол» деп, бауырына тартады.

– Біз Берлинге мамыр айында барған едік. Табиғаттың тамылжып тұрған шағы. Кешкілік тауға шығып серуен құрамыз. Аманжол аға сезімнің адамы ғой, жан -жағына қарап тұрып: – Ал бала кәні, қазақтың әндерін шырқап жіберші. Мынау немістің таулары мен бауларына әніміз тарасын, – дейтін. Аға айтса, қайтіп меселін қайтарасың?! Әртүрлі әндерге саламын. Ағам рахаттанып тыңдайды. «Сені кездестіргенім қандай оңды болды» деп қояды арасында. Бұл сөзге мен одан са­йын­ қанаттанамын. Сондай күндердің бірінде «Кешір, Ана!» деген әнді де айттым. Аманжол аға «Әні қандай күшті, рухты екен» деп сүйсінді де, сөзіне келгенде «Шоқалақтары көп екен» деп, риза бола қоймады. Елге оралған соң Аманжол ағаның «Лениншіл жас» газетінің 1970 жылғы 14 тамыздағы нөмірінде «Германия әсерлерінен» дейтін топтама өлеңдері жарияланды. Соның бірінде:

«Табиғат, нәзік жанды  жараладың,

Еске сап туған жерді мазаладың.

Жас токарь, жезқазғандық, ау, Сәлімжан!

Шырқап бір жіберсеңші қазақ әнін!

Естісін әнімізді қыздыр, кәні,

Естісін Саксонның тау, шың-құздары.

Естісін сейіл құрып жүрген қарттар,

Естісін немістің жас ұл-қыздары!»

дейтін жолдар бар. Мұны сол күндердің сөзбен өрнектелген суреті десе болады – деген еді Сәлімжан аға Сейілов.

Ақын сол сапарда әнші інісіне кітабын сыйға тартады. Сол кітапты оқып отырғанда отыз шақты шумақтан тұратын «Ана» деп аталатын шағын поэма Сәкеңе ерекше әсер етеді. Поэмадан іріктеп 4-5 шумағын көшіріп алады да, ертесіне Жақсыкелді Сейіловке барып, оқып береді. Олар өз араларында Жақаңды «Жора» деп атайды екен.

– Жора, «Кешір, Ана!» әнінің сө­зін­ осыған ауыстырсақ қалай болады?­ Мұн­да бүкіл қазақ әйелдерінің образы­ кө­рініс тапқан тәрізді ғой – дейді. Бұл ой­ды сөз авторы Болат Есмұханов та­ қуана-қуана құптайды. Сөйтіп, олар­ Алматыдағы Аманжол Шам­ке­нов­­ке телефон ар­қы­лы хабарласып,­ өзде­рінің ойларын­ жет­кізеді. Аман­жол­­ аға: – Әнді тың­­­дағанмын. Кере­мет­ ән. Егер сон­дай­ әнге менің сөзім­ді жарамды сана­саңдар, әрине, рұқ­сат, – деп келі­сі­мін береді. Көп ұза­май­ «Ана тура­лы­ баллада» сахнада шыр­қа­лып, жұрт­шы­лық­тың жүрегіне жол та­бады.

Содан бері қаншама жылдар өтті.­ Қазір Аманжол Шамкенов те, Жақ­сы­кел­ді Сейілов те, Сәлімжан Сейілов те­ арамызда жоқ. Бірақ соңдарында «Ана туралы баллада» әні мәңгілікке қалды.

 

Ұлытау облысы