Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру тек тіл ғалымдары атқаратын шаруа емес. Ғылымның әр саласындағы мамандар өзара ынтымақтаса отырып, ғылыми тілді жүйелеудің озық үлгілерін қаперге алуы қажет. Алматыда «Қазақ тілінің интеллектуалдық даму өрісі: ғылым және мәдениет» тақырыбында өткен ғылыми-теориялық конференция барысында сала мамандары қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі әлеуеті, тілдің дамуына кедергі болып отырған мәселелерді ортаға салды.
Іс-шараны Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы, Жазушылар одағы, «Қоғамдық келісім» республикалық мекемесі бірлесіп ұйымдастырды.
– Соңғы отыз жылда «Тіліміз құрып барады» деген мазмұндағы ұрандар көбейіп кетті. Алайда осы мерзімде тілді үйреніп, қолданысқа енгізу үшін ішкі тегеурінін күшейтуді, заманауи қолданысқа сай мәртебесін көтеруді естен шығарып алдық. Кеңестік дәуірдің өзінде тілдің тазалығы, ғылыми өрісіне аса мән берілді. Мектептер жабылып жатқан кездің өзінде тіл қолданушыларының мәдениеті жоғары болды. Ұлттық ғылым академиясы, Қазақстан Жазушылар одағы, қазақ баспасөзі мен өнері тарапынан тіл мәдениетіне ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі күнде де ғылым, әдебиет, мәдениет саласында тіл қолданысында жетістіктер баршылық. Алайда ұрандатып сөйлеуден гөрі тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениетіндегі көкейкесті мәселелерді шешудің тетіктерін қарастырған бәрінен маңызды, – дейді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов.
Бүгінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ұлттық сөздік қордың 4 миллионнан астам картотекалық базасы жинақталған. Осы картотекалық қор негізінде іргелі сөздіктер, профессор Н.Уәлидің жетекшілігімен түркі дүниесінде теңдесі жоқ, лингвистикалық қана емес, лингво-мәдени танымдық ақпарат беретін 15 томдық түсіндірме сөздік әзірленгені белгілі. Институттың бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова «Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуеті» тақырыбындағы баяндамасына осы мәселелерді арқау ете отырып, бұл деректер осы уақытқа дейінгі тіл білімі институтының қазақ тілі жөніндегі жинақталған үлкен империкалық базасы негізінде жасалған қорытындылар екенін назарға салды. Институт қазақ сөзінің шырақшысы ретінде өткен ғасырдың 40-жылдарынан бергі аралықтағы қазақ сөзінің контекстегі бүкіл көріністерін қима қағаздарға жинақтап келеді. Осы ақпараттар негізінде қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетіне қатысты «Қазақ тілі қандай тіл?» деген сауал тастай отырып, А.Фазылжанова «Қазақ тілі – жер бетіндегі 6 мыңнан астам тілдің ішіндегі дамыған алты жүз тілдің бірі, оның ішінде алғашқы жетпіс тілдің ортасында, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған 259 тілдің бірі, бірнеше халықаралық ұйымдардың тілі, халықаралық қатынас тілі, Қазақстан аумағынан тысқары жерде де қаншама халықтың қолданысында тіл, түркі тілдерінің ішінде түп төркінін сақтаған тіл. Демек қазақ тілінің ғылым тіліне айналу мүмкіндігі шексіз», деп атап өтті.
Осы орайда К.Матыжанов тілді дамыту, ғылым тіліне айналдыру үшін математика, тарих, информатика сияқты көптеген сала мамандарымен тілдік іркіліске қатысты мәселелерді талқылау қажеттігін, сонымен бірге қазақ тілінде аударылған әдебиеттерде кездесетін қателер, қазақ тілінде лекция оқи алмайтын мамандардың бар екеніне қатысушылардың назарын аудара отырып, оған нақты көңіл бөлу қажеттігін алға тартты.
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының проректоры, профессор Шәріпбек Әмірбек «Қазақ қоғамындағы мағыналық кеңістіктегі қарама-қайшылықтар және қазақ тілін реформалау мәселесі» баяндамасында орыс тілі мен қазақ тілі арасындағы мағыналық қайшылықтар, қоғамның діни тұрғыдан бөлшектенуіне қатысты мәселелерді ортаға салды. Елімізде заңдардың қазақша жазылмайтындығы, қазақша жазылған жобалардың сараптамадан өтпей қалу себептеріне жауап іздей отырып, қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі жайында пікірін білдірді.
Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов «Баспа ісінің тіл мәдениеті» атты баяндамасында бүгінгі баспа ісі, кәсіби редактура, сауатсыз аударламалар төңірегінде ой өрбітті. Қаламгердің айтуынша, қазіргі баспалар үшін кез келген кітапты шығару оңай. «Бұл баспа ісіндегі кері кетушілікті білдіреді. Өз тілін білмейтін мамандардың, кезінде таңдаулы мамандардың ғана қолына түсетін шығармаларды екінің-бірі аудара салатын жағдайлар тілі жұтаң, оқуға келмейтін аудармалардың көбеюіне соқтырып отыр. Кезінде жақсы редактор болмай, жақсы жазушы бола алмайтын. Сондықтан бүгінгі баспа саласына басқаша көзқарас қажет», дейді М.Құлкенов.
«Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мемлекетшілдікпен тығыз байланысты» деп атап өтті «БАҚ: Мемлекетшілдік және тілдік-мәдени ұстаным» атты баяндамасында филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы. Ғалымның айтуынша, мемлекетшілдік – барлық салаға қажетті құндылық. Мемлекеттік рухта ғана тіл де, мәдениет те дамиды. Бүгінгі қоғам түйткілдерін Абай, әл-Фараби, Алаш идеясы тұрғысынан қарастыра келіп, ұлттық мүдде, мемлекетшілдік ұстаным сәйкестігі туралы ой қозғаған Д.Қамзабекұлы қазақ тілінің ғылым тіліне айнала алмау себептерін алға тарта отырып, оқулықтарда, ұлттық ақпарат құралдарында ел мүддесіне баса назар аудару қажеттігін айтты. Сонымен бірге халық үміт артып отырған билік өкілдерінің ұлттық мүддеге қатысты жарияланымдардан бейхабар болуы әділетті қоғамда кереғар құбылыстарға әкеліп соғатынын алға тартты.
Жиын барысында Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Серік Нұрмұратов «Заманауи қоғамдағы тіл мәселесінің аксиологиялық аспектілері», Тіл білімі институты Ахметтану бөлімінің меңгерушісі Құралай Күдеринова «Дәстүрлі сөзсаптамдағы қазақ тілінің интеллектуалды әлеуеті», Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі Назира Әміржанова «Интернеттегі тіл экологиясы: Қазақ сөз мәдениетінің көрінісі» тақырыптарында баяндама жасап, қазақ тілінің қоғамдағы орны, тілдің болашағы туралы ойларын ортаға салып, проблемаларды бірлесіп шешудің жолдарына қатысты ұсыныстарын білдірді.
«Қазақ тіліндегі ауызша сөзді тану» әдісіне тоқталған Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Өркен Мамырбаев жасанды интеллекті ғылыми ортада пайдалану, ғалымдардың ізденістерін жеделдету үрдістерімен бөлісті. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған кезеңде мамандар үшін аудиоматериалды компьютерге түсіруде қиындықтар көп кездесіп жүргені белгілі. PhD Өркен Мамырбаевтың жетекшілігімен жүзеге асқан ІТ жоба қазақ тілін технология тілімен байланыстыруды көздейді. Дыбыстану үрдісін жеңілдетуге арналған «Kazak ASR» тілдік модель дауыстық сигналдарды танып қана қоймай, мәтінге айналдыруымен ерекшеленеді. Осыған орай Telegram-да чат-бот қосымша жүйесі тегін жұмыс істеп келеді. Бұл ретте қазақ тіліндегі мәтінді транскрипциялайтын қосымшаны енгізу сапалы мәтіндік және аудиоконтент бола алады. Әттеген-айы, лингвист, филолог, археолог, журналист, тағы да басқа мамандар үшін аса қажет әдісті әрі қарай жетілдіру үшін қаражат жеткіліксіз болып отыр.
Алқалы жиын аясында қазақ тілі ғылым тіліне айналдырудың бірқатар әдіс-тәсілдерін талқылаған мамандар қазақ тіліндегі интеллектуалды ақпаратқа қатысты сауалнама нәтижесімен танысып, Тіл білімі институты ғалымдары әзірлеген бірегей жоба – Қазақ тілінің ұлттық корпусы туралы бейнероликті, сондай-ақ арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалады.
АЛМАТЫ