Дүниеден көшкенімен көз алдыңнан жарқын да жылы жүздері кетпейтін, санадан көңілдері мен ықылас ниеттерінің іздері өшпейтін Бәйкен аға Әшімов, Әбіш Кекілбаев, Кенжеғали Сағадиев, Мақтай Сағдиев, Кәкімбек Салықов сынды қазақтың алыптары өз тіршіліктерінде Светлана Жалмағанбетованы «Света», «Светажан» деп өз қыздарындай еркелете айтатын сәттері қазір сағынышқа айналды.
Өз басым осы бір ағаларымның Светлана Жақияқызын үнемі еркелете ұстар кездерінің куәсі де болдым. «Әлгі біздің Света қалай, аман ба?» деп жатушы еді жарықтықтармен кездескен сәттерде. Ағалары еркелетіп, «Света» деп дүниеден өтті. Бір ғажабы сол, ағалардың Светлана Жалмағанбетоваға деген әкелік мейірімі сарқылмай кетті. Абзал жандардың Светасы осы бір әрқайсысы дана да дара абыздардың көңіл төрінен қалай орын алды деген ойдың сұрағына да жауап іздедім. Ойлаймын, бәлкім Света осы бір ағаларының әрқайсысының тұлғасынан өз әкесінің бейнесін таныған да шығар. Әкеге деген қыз баланың ыстық жүрегінің сарқылмайтын мейірімі мен махаббатын да Светлана Жақияқызы осы ағаларына арнады. Және де жалғыз бұларға ғана емес, қазақ елінің кез келген асылдарының алдында өзін солардың бір перзентіндей ұстады. Әр адамның алдындағы өзінің кісілік және адами парызын терең сезіне білді. Сол үшін де ол өзінің ақыл-парасатымен қазақ халқының сүйікті де абыройлы қызына айналды. Туған халқының Светлана Жалмағанбетоваға деген сүйсінісі мен сүйіспеншілігі ешқашан сарқылмайды.
Қараөткел мен Көкшетау өңірі үшін Светлана Жалмағанбетова осы екі елдің төл перзентіндей болып кетті. Қараөткелде туып, өзінің бар саналы ғұмыры кешегі Целиноград, одан кейінгі Ақмола облыстарымен тығыз байланысты болса, Көкше елінде тынысы ашылып, қанатын кеңге сермеп, Алашқа танылған кезеңдерді өткерді.
Біз Светлана Жалмағанбетованы 1999 жылдан біле бастадық. 1997 жылы Көкшетау облысы таратылып, тұтас Көкше өңірі әуелі Солтүстік Қазақстан облысына қарап қалды да, 1999 жылы Көкшетау қаласы Ақмола облысының орталығы мәртебесіне ие болды. Бұл тарихи шешімнің нәтижесінде Астана қаласынан Ақмола облысының бар әкімшілік жүйесі Көкшетауға жүктерін түсіре бастады. Көш басында Кулагин! Маза таппай ол да Ақмоланың көш керуенін жаңа орынға орналастыруға келгенде өзіне тән іскерлік таныта білді. Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің соңынан еріп келген біраз орынбасарларының арасында Светлана Жалмағанбетова да бар еді. Және де ол бізге әкім Кулагиннен кейінгі беделі зор, ықпалды бір адам ретінде көрінді. Анығында солай екен.
Көкшенің Баян Жанғалов, Естай Мырзахметов, Чапай Әбутәліпов, Орынбасар Назаров, Қайырлы Құрманов, Қайыркелді Әкімбеков сынды абыз ағаларының батасын алып, осы ел жақсыларының да «Светасы» болып сіңісіп кетті. Және де Көкшенің ел аналары Рауза Бәйкенова, Жібек Бағысова, Райхан Сейдалина, Райса Тасжанқызы, Қазима Өмірәлина сынды ардақты жандардың тап бір туған сіңілісіндей болып сыйласты. Сол сыйластық әлі де сол күйінде.
Көкшенің үлкен-кішісі сол Светаның бойынан тектілікті, әділдік пен адалдықты тани білді. Және сол сенім қалың елді алдамаған да еді. Ол, яғни Светлана Жалмағанбетова өзінің міндетін де, өзінің ел алдындағы адами парызын да адал атқарып,сенімге кіршік түсірмеді. Әлі де сол сыйластық пен сол сенімнің ыстық ықыласы суымай келе жатыр.
Ақмолалықтар үшін біз жаңа ортамыз, біз үшін олар жаңа демекші, екі елдің бірігуі алғашында оңай да болмағаны анық. Түрлі көзқарастар мен түрлі пікірлер болды. Екі жыл бойы облыс орталығы мәртебесінен айырылып қалған Көкшетау қаласының жүдеу тарта бастағаны да анық. Ақиқатын айтар болсақ, осы екі елдің халқының бір-бірімен тез арада араласып, ортақ тіл табысып кетулеріне әкімнің орынбасары Светлана Жалмағанбетова зор ықпал етіп, өлшеусіз еңбек сіңірді. Өңірдің барлық әлеуметтік және идеологиясы мен мәдениеті, білім беру саласы бар солардың қызметіне жауап беретін әкімнің орынбасары Светлана Жалмағанбетова ақмолалық шенділердің арасында қалың халықтың бел ортасында көп жүрді.
Бар шаруасының қиюы қашып, берекесі кете бастаған облыс орталығы Көкшетаудың барлық әлеуметтік саласын, білім беру мен мәдениет жүйесін қалпына келтірудегі Светлана Жалмағанбетованың жанқиярлық еңбегі әрдайым жоғары бағалауға тұрады. Ең бастысы, осы сала қызметкерлерінің шынайы жанашыры бола білді. Қалың елдің басын қосып, біріктіре білді. Қазір де осы Светлана Жалмағанбетованың іскерлігін, талап қойғыштығын, ұйымдастыру қабілетін, керек жерінде сілкіп те алатын, керек кезінде қорғап, жаны ашып шыр-пыры шығатын қасиетін де іздейтін болдық, тіпті сағынамыз да! Кезінде пендешілікпен байқай алмаған адами зор қасиеттерімен осы күндері Светлана Жақияқызы көңіл көкжиегінде сәт сайын биіктеп барады. Ол биіктеген сайын өткен сол күндер мен сол кезеңдер де алыстап барады. Жалмағанбетова сынды жақсы адамымен есте қалған күндер енді сағыныш!
Бағы жанып Светлана Жалмағанбетова 2003 жылы Парламенттің Сенатына депутат болып сайланды. Бес жылдық депутаттық қызметінен кейін 2008 жылы сенаторлыққа қайта сайланып, елдің зор сеніміне ие болды. Ал 2011 жылы мен де сенаторлыққа сайланып Парламентке кіргенімде Светлана Жалмағанбетова алдымнан шықты. Екеуміз де Ақмола облысының депутаттарымыз.
Байқаймын, Сенатта да Светлана Жалмағанбетованың беделі мен абыройы асып тұр екен. Білімділігінде сөз жоқ! Сенатта талқыланып жататын кез келген мәселеге келгенде Светлана Жақияқызы тартынып қалмайтын. Ойын ашық айтатын, жасқанбайтын, Жалмағанбетова қоятын сұрақтардан Сенат мінбесінде тұрғандардың талайы тосылып қалатын. Сенатор Жалмағанбетованың ойы да, сөзі де, қояр сауалы да, Үкіметке жолдайтын депутаттық сауалдары да қарапайым халықтың мүддесімен тығыз ұштасып жататын. Ол өз халқының сөзін сөйлейтін. Батыл айтатын, ойланып айтатын, әбден ақылға салып, зерделеп айтатын.
Әлі есімде, әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту жөніндегі заң жобасына әуелден қарсы болған және де қарсы дауыс берген де Светлана Жалмағанбетова болатын. Осы заң жобасын талқылау барысында айтқан ойлы сөздері елге тарап жатты. Содан да болар, сенатор Жалмағанбетованы қолдап Қазақстанның түкпір-түкпірінен қол жинаған әйелдердің хаттары да көп келіп жатты. Оны өздерінің сөзін сөйлеп, өздерінің шынайы жанашыры есебінде таныды. Жалғыз әйелдер ғана емес, кез келген қарапайым халық өздерінің сөзін батыл сөйлейтін сенатор Жалмағанбетова деп білді. Ақиқатында солай еді!
Светлана Жалмағанбетова! Халқының сенімі мен сый-құрметінің және де шынайы ақылшысы мен жанашырлықтың символына айналған есім. Ақмола мен Көкшетау өңірінің халқы үшін қашан болсын төрде орны бар құрметті бір қыздарының есімі.
Өмір көші ұзап барады. Сол ұзап бара жатқан көштің алдыңғы сабында кетіп бара жатқан жаныма жақын жандарды іздеймін де, өмірдің жауыны мен дауылы да, ыстығы мен суығы да тоздырмаған қалпы бойын тік ұстап, адами адал ойын таза ұстап, сол баяғы кісілік те кішілік келбетінен айнымай келе жатқан Светлана Жақияқызының тұлғасы көз алдыма келіп тұрып алады. Әлі де кездескен сайын «Сен менің бауырымсың» деп бірге туған әпкемдей құшағына алатын Светлананың мейірімін сағынамын! Ақын Кәкімбек Салықовтың «Кездесу мен қоштасудың арасын, жалғастырып тұрады екен сағыныш» деген жыр жолдарын іштей қайталап, жаным жүдеп, жігерім жасып қалған сәтте де іздеймін, сағынамын! Өйткені осы бір адамның тұла бойында жақсылық пен адалдықтың керемет бір таусылмайтын күннің көзіндей қуаты бар.
Сол қуат көзі ұзақ... ұзақ уақыт бойы сөнбесе екен деп әрдайым тілеп жүремін...
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері