Ерекше қойылым деп отырғанымыз, облыстық драма театрда болған «Еріксіз емші» спектаклін көрермен сахнада отырып тамашалады. Тұңғыш рет ұйымдастырылған көшпелі театр стиліндегі комедияның премьерасына барған ел әй бір күлкіге қарық болды-ау. Құр күлкі емес, қойылымда мән бар, мағына бар. Қоғам мәселесін және қаузаған.
Француз комедиографы Жан Батист Мольердің «Еріксіз емші» туындысы Сганарель есімді қарапайым ағаш кесуші туралы. Оның көзі ашық, көкірегі ояу азамат болғанымен, ішкілікке жақын. Қыз-келіншектерге қырындап қоятыны тағы бар. Әйелі Мартина – күнделікті үй тірлігін күйттеп жүрген қарапайым жан. Күндердің күні ащы судан ұрттап алған Сганарель Мартинаны сабайды. Оны байқап қалған көршісі араша болмақ еді, әйелі: «Сабағысы келген шығар, сабасын, өз күйеуім», деп қорғауға келген жігіттің бетінен ала түседі. Ерлі-зайыптының арасына түскен жігіт өкініп қалса керек. Алайда әйелі күйеуінің бұл бассыздығы үшін өш алуға ниеттенеді. Іздегенге сұраған демекші, Жеронт байдың мылқау қызына емші іздеп жүрген қос жолаушы Мартинаға жолығып қалады. Жөн сұраса келе, күйеуінен теперіш көрген әйелдің ойына кек алу әдісі сақ ете қалмасы бар ма?! Дәруіш іздеп жүргендердің аңғалдығын байқаған әйел кез келген аурудың бетін қайтаратын емшінің бар екенін айтып, орманда отын дайындап жүрген күйеуіне қарай бағыттап жібереді. «Тәуіп емшілік қасиетін жасырады. Емші екенін мойындамай жатса, сабап алу керек» деп, солардың қолымен кек алу ойын жүзеге асырмақ болады. Ақыры жүзеге асырды да. Онымен қоймай, күйеуі өзін емшімін деп мойындап, байдың қызын емдеуге келісім берді. Ел құлағы елу. Сганарельдің дәрігер екені дүйім жұртқа мәлім болады. Ақыры «еріксіз емші» өз өмірін қатерге тігіп, байдың қызы Люсинданы емдеуге кіріседі. Шындығында, ол қыз ауру емес еді, тек әкесі қарсы болып, ғашығы Леандрға қосыла алмай жүрген. Мұны білген «еріксіз емші» екеуінің бір-бірімен табысуы үшін барын салады. Есесіне, қалтасын да қампитады.
Қойылым көпшіліктің көңілінен шықты. Барлығы қол соғып, қошеметтеп, әртістерге, режиссерге, суретшіге ризашылығын білдірді. Шыққан соң да театр холында спектакльді талқыласып жатты...
«Спектакльді жақыннан тамашалаудың өзі ерекше екен. Бейнебір ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы Францияға еніп кеткендей әсерде болдық. Жастар театрының қойылымдарын жібермей көруге тырысамын. Әртістердің шеберлігіне сөз жоқ. «Театр – өмір айнасы» деуші ме еді?! Кейде кейіпкерлерден өзімізді көріп отырамыз», дейді театрдың тұрақты көрермені Айдана Болатқызы.
ӨСКЕМЕН