Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында «барлық уақытта дамудың басты кілті ғылым болып саналғанын» атап өтті. Бұл тезис қарапайым болса да, егжей-тегжейлі негіздемені қажет етеді.
Шынында да, ғылым ғасырлар бойы қоғамның дамуындағы негізгі фактор саналады. Ғылыми-зерттеулер, жаңалықтар мен инновациялар технология, медицина, экономика, қоршаған орта, әлеуметтік ғылымдар секілді өмірдің негізгі аспектілеріне әсер ету арқылы адамзат прогресінде маңызды рөл атқарады. Бірақ қазіргі ғылым өзекті мәселелерді шешіп қана қоймай, адамзаттың болашақ даму жолдарын айқындауда да маңызды. Ғылымның әртүрлі саласындағы ғылыми-зерттеулер мен инновациялар болашағымызды қалыптастырып, оның бағытын айқындайтын әлеуетке ие. Осы орайда санаға түйіп, қабылдауға тиіс дүниелер бар. Соның ең бастысы, ғылым мен оның адамзаттың дамуына әсері жаһандық деңгейде ғана емес, сонымен қатар жекелеген елдер деңгейінде де орын алады. Бұл үдеріс біздің елде де жүріп жатыр. Ғылыми-зерттеулер жаңа технологиялар мен инновацияларды әзірлеуге, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, отандық өнеркәсіпті және экономиканың ғылымды қажетсінетін салаларын дамытуға, сондай-ақ елдің халықаралық аренадағы ғылыми әлеуеті мен беделін арттыруға жол ашады.
Ғылыми-зерттеулерді қаржыландыруға, ғылыми орталықтар мен зертханалар құруға, ғылыми инфрақұрылым мен ғылыми-техникалық білім беруді дамытуға мемлекеттік тұрғыдағы қолдаудың маңызы ерекше. Ел Президенті 2019 жылдан бастап білім және ғылым саласын күшейтілген қолдаудың жоспарлы саясатын жүргізіп келеді. Мәселен, қазір 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттен ғылымды қаржыландырудың жалпы көлемі 3,5 есе өсіп, 640 млрд теңгені құрайтынын көріп отырмыз. Әлбетте, енді жоспарланған қаржыландыруды тиімді пайдалану мәселесі бірінші орынға шығады. Осы мақсатта елде ғылымды басқару моделі өзгеріп жатыр. Бұрын ғылыми саланы басқару жұмылдыру моделіне негізделді. Онда мемлекетке орталық рөл берілген. Ғылым толығымен бюджетке тәуелді болды. Бұл өндіріс тарапынан ғылымға деген сұраныстың төмендеуіне, ғылыми саланың құлдырауына және оны қазіргі шындықтан алшақтатуға әкелді. Қазір «ғылымның ашық моделі» енгізілу үстінде.
Отандық ғылым сандық және сапалық тұрғыдан айтарлықтай өсуі керек. Бұл үшін саланы бюджеттен қаржыландыруды көбейтудің өзі жеткіліксіз болмақ. Ендігі жерде ғылыми-зерттеулерге тапсырыстар мен олардың бизнес бағытындағы нәтижелері ғылыми-зерттеулерді қаржыландырудың негізіне айналуға тиіс. Яғни бизнесті ғылыми-зерттеулерге тарту алдыңғы орынға шығады. Бизнес тарапынан ғылыми-зерттеулерге жасалған тапсырыстар негізгі жобаларды қаржыландырудың көзіне айналады. Сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді нақты инновациялық өнімдер мен технологияларға көшіруге ықпал етеді.
Ғылыми мекемелер мен бизнес-сектор арасындағы ынтымақтастық өзара тиімді болмақ. Бизнес-сектор жаңа өнімдерді әзірлеуге, технологияларды жақсартуға, өндіріс үдерістерін оңтайландыруға және оның қызметіне байланысты басқа да мәселелерді шешуге бағытталған ғылыми-зерттеулерге мүдделі. Өз кезегінде ғылыми мекемелер мен университеттер ғылыми әзірлемелерін іс жүзінде қолдануға қаржылық қолдаумен қол жеткізе алады. Бизнестің тапсырысы ғылыми ұйымдарды бизнес үшін қызығушылық тудыратын нақты міндеттер мен мәселелерді шешуге бағытталған қолданбалы зерттеулерді орындауға ынталандырады. Бұл жаңа өнімдерді, технологияларды, өндіріс әдістерін әзірлеуді, үдерістерді оңтайландыруды және нақты экономикалық қызметте қолданылуы мүмкін басқа да бағыттарды қамтиды.
Бизнес қаржыландырса да, ғылыми-зерттеулердің тәуелсіздігі мен әділдігін қамтамасыз ету маңызды. Бұлар – алынған нәтижелердің объективтілігі мен сенімділігіне кепілдік беретін ғылыми қызметтің маңызды принцип. Ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі қолданбалы ғылыми-зерттеулердегі жағдайды түбегейлі өзгерту мақсатында тиісті шараларды қабылдап жатыр. Ғылыми-зерттеулерге және олардың нәтижелерін енгізуге, ғылым мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдететін және ғылыми әзірлемелерді неғұрлым тиімді коммерцияландыруға ықпал ететін инновациялық орталықтар, технологиялық парктер мен инкубаторлар құратын бизнеске елеулі салық жеңілдіктерін енгізу көзделіп отыр. Бұл бизнес тарапынан ғылыми-зерттеу мен конструкторлық жұмыстарға деген жаппай сұранысқа әкеледі. Олардың шығыстары қолданбалы ғылыми-зерттеулердің 70 пайыздан астамын жабатын болады. Бизнес-әріптестер тарапынан қаржыландырудың айтарлықтай ұлғаюынан бөлек, жалған ғылыми-зерттеулерді жүргізу шектеледі. Осылайша, бизнес-секторды ғылыми-зерттеулерді қаржыландыруға және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға тарту ғылымды дамыту үшін ресурстардың маңызды көзі бола алады. Инновациялық өнімдер мен технологияларды құруға ықпал етеді. Бұл елдің экономикалық өсуіне септігін тигізеді. Сондай-ақ ғылыми орталықтар мен университеттердің саны мен сапасын жақсартары сөзсіз.
Іргелі ғылыми-зерттеулер – ғылым мен технологияны дамытудың маңызды құрамдас бөлігі. Ол айналамыздағы әлемді түсінуге және білімімізді арттыруға негізделген. Практикалық мәселелерді тікелей шешуге бағытталмайды. Іргелі ғылыми-зерттеулер қолданбалы зерттеулер мен технологиялық инновациялар құрылатын білім базасын жасайды. Олар нақты практикалық есептерді шешуде қолдануға болатын іргелі принциптерді, теорияларды және тұжырымдамаларды ұсынады. Білімнің жаңа салаларын дамытуға ықпал етеді және ғылыми-зерттеулер үшін жаңа көкжиектер ашады. Жаңа құбылыстардың, заңдылықтардың немесе технологиялардың ашылуына бастайды. Іргелі ғылыми-зерттеулер ғылыми кадрларды дамыту мен оқытуда маңызды рөлге ие. Олар ғылыми дағдыларды, сыни ойлауды, проблемаларды шешуге шығармашылық көзқарасты ұстануға және жас ғалымдардың әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Бұл – елдегі ғылым мен технологияның ұзақ мерзімді дамуының негізгі факторы. Іргелі ғылыми-зерттеулер болашақта қоғамға пайда әкелетін ұзақ мерзімді нәтижелерге ие. Бұдан алынған кейбір жаңалықтар мен идеялар қазіргі уақытта тікелей қолданылмауы мүмкін. Бірақ жаңа технологияларды дамытуға немесе болашақта түрлі мәселелерді шешуге негіз бола алады.
Іргелі зерттеулерді қаржыландыру көптеген елде мемлекеттің маңызды функциясы болып саналады. Ол ғылым мен технологияны дамыту үшін тұрақты базаны қамтамасыз етеді. Бұл өзінің іргелі және әрқашан тікелей қолданбалы сипатына байланысты жеке сектордан немесе басқа қаржыландыру көздерінен қаржыландыруға қолжетімді болмауы мүмкін. Дамыған елдердегідей, бізде іргелі зерттеулерді қаржыландыру іргелі ғылыми-зерттеулерді, ғылыми гранттарды, бағдарламалар мен стипендияларды жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қолдау сияқты түрлі тетіктер арқылы жүзеге асырылады. Олардың мақсаты – әртүрлі ғылыми пәндер мен білім салаларындағы ғылыми-зерттеулерді қолдау. Мемлекеттік қаржыландыру зерттеушілерге коммерциялық немесе қысқа мерзімді мүдделермен шектелмей, зерттеу тақырыптары мен әдістерін таңдауда тәуелсіз етеді. Ұзақ мерзімді перспективада іргелі зерттеулерді қолдауға жол ашады. Ғылыми жобалармен айналысуға мүмкіндік тудырады.
Ғылыми-зерттеулерді мемлекеттік қаржыландыру тұтас ғылымды қолдаудың маңызды көзі болып қала береді. Мемлекеттік ғылымды қаржыландыру бағдарламалары бизнес үшін онша тартымды болмауы мүмкін. Бірақ негізгі және іргелі зерттеулерге қолдау көрсетеді. Әртүрлі қаржыландыру көздері арасындағы тепе-теңдікті сақтау және ғылыми-зерттеулерге бөлінген қаржыландыруды бөлу кезінде тәуелсіздік пен этикалық нормаларды қамтамасыз ету маңызды. Ғылымды дамыту және оның деңгейін нақты әлемдік деңгейге көтеру бағытында үлкен жұмыстар күтіп тұр. Әрине, бұл жол оңай емес. Туындаған мәселелерді неғұрлым тиімді шешу үшін ел Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Оған түрлі ғылыми бағыттағы жетекші отандық және шетелдік ғалымдар кірді. Бұл бүкіл ғылыми саланы дамытудағы маңызды қадам. Ғылыми қоғамдастық пен ел басшылығы арасындағы пәнаралық көзқарас пен тәжірибе алмасуға ықпал етеді. Кеңес әлемдік ғылыми трендтер және экономика мен қоғамның қажеттіліктерін талдау негізінде елдің ғылыми дамуының стратегиялық басымдықтарын айқындай алады. Бұл ғылым мен технологияларды дамытудың ұлттық бағдарламаларын тиімді әзірлеуге мүмкіндік береді.
Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес жұмысының тиімділігі оның ресурстық қамтамасыз етілуіне, шешім қабылдаудағы тәуелсіздігі мен ашықтығына, сондай-ақ кең ғылыми қоғамдастықтың пікірін ескеруге және оның өкілдерінің ғылым мен технологияларды дамыту стратегиялары мен бағдарламаларын әзірлеуге қатысуына байланысты. Сондай-ақ ғылыми саланы дамытуда және жаһандық сын-қатерлерді шешуде ең жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін мүдделі құрылымдар арасындағы өзара қатынасты қамтамасыз ету маңызды.
Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін көтеру елдің ғылыми өміріндегі маңызды оқиға болды. Оған «Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы» мәртебесі берілді. Аталған қадам біздегі «академик» атағын оңды-солды беруге тыйым салады. Ел Президенті бұл туралы ашық айтты да. Әлбетте, мұның бәрі айтуға ғана оңай. Бірақ Жаңа Қазақстанда «жалған академиктерді» өткенге қалдырып, барлық жалғандықтан бас тартуымыз керек. Елдің ғылымы мен ғылыми әлеуетін қолдау қазіргі заманның сын-қатерлерімен күресуге және ұлттық қоғамдастықтың өркендеуін қамтамасыз етуге қабілетті орнықты және инновациялық даму үшін маңызды фактор болып саналады. Сондықтан ғылымды дамыту және ғылыми әлеуетті қолдау мемлекет, бизнес-сектор және жалпы қоғам үшін басым міндеттер болуға тиіс.
Махмұд САДЫБЕКОВ,
Математика және математикалық модельдеу институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты