Екі апта бұрын өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов жанармай бағасын көтеруге қандай себептер түрткі болып отырғанын жан-жақты айтқан болатын.
Үкімет басшысы өз сөзінде Қазақстан жанармайының көрші мемлекеттерге транзиттік көліктермен және «сұр» экспорт түрінде тасымалдануын басты себеп ретінде атаған еді.
Энергетика министрлігінің 12 сәуірдегі №140 бұйрығына сәйкес жанар-жағармайдың шектік бағасы бекітілді. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы өңірде 205 теңге болып бекіген.
«Аи-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 205 теңге болып бекітіліп отыр. Ал дизель отынының (жазғы, маусымаралық) литрі 450 теңгеден өткерілмек.
Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан Республикасының құзырлы орындарымен берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен азаматқа тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде 1 литр үшін 295 теңгемен сату көзделсе, жүк көлігі, арнайы және мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде 1 литр үшін 295 теңгемен сату туралы шешім қабылданған», дейді басқарма басшысы.
Қ.Қорғанбаев келтірген деректерге көз жүгіртсек, өңірдегі әрбір жанармай құю бекеттерінің иелері жеке кәсіпкер субъектісі ретінде өздері сататын жанармай бағасын шекті деңгейден аспайтын бағада нақтылауға міндетті. Ал жанармай құю бекеттерінде баға белгіленген шекті межеден асқан жағдайда тұрғындар табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірлік департаментіне хабарласып, шағымдана алады.