Депутат Нартай Аралбайұлы мәжілісте балалар арасындағы әлімжеттік пен отбасыдағы зорлық-зомбылық мәселесін көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутат бұндай жағдайларға қатысты шара қабылдап, алдын алу керек деп дабыл қақты. Бұл мәселе туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтып жүр. Әрбір азаматтың қауіпсіз қоғамда өмір сүруі кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
«Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек деді. Ендеше, бұл мәселені дереу шешетін кез келді. Әлімжеттіктің көбеюінің бір себебін мамандар пандемия уақытында онлайн оқыған оқушылардың кейін ортаға еркін бейімделіп кете алмауы. Қазір соның салдарын көріп отырмыз», дейді Нартай Аралбайұлы.
Сондай-ақ жантүршігер қылмысты жасырғандарға да ауыр жаза қарастыру ұсынылды.
«Әлімжеттік фактілерін біле тұра жасырып қалған қызметтегі азаматтар да жазаға тартылуы керек. Оған қоса балаларды қорлап жатқан кезде араша түсудің орнына сол әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп жариялаған адамдарды да жазалау қажет. Айыпты оқушылардың ата-аналары да тиісті жазасын алуы керек», деді ол.
Нартай Аралбайұлы мектептегі тәртіп пен тәрбиеге мән беру керек дейді. Мұғалімдер де балаға тәрбие беруге жауапты екенін атап өтті. Әрі бала тәрбиелегені үшін жеке штат ашылып, айлық төленуін сұрады.
«Мектептерде оқу мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ететін жүйе қалыптасуы тиіс. Әрбір пәннің тәрбиелік функциясы, әрбір мұғалімнің тәрбиелік жауапкершілігі болуы тиіс. Қазіргі жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» №1193 қаулысының 4-қосымшасының негізінде сынып жетекшілерге 1-4 сыныптар үшін 8800 теңге (базалық лауазымдық жалақының 50 пайызы), 5-11 сыныптар мен колледждер үшін 10600 теңге (базалық лауазымдық жалақының 60 пайызы) көлемінде қосымша ақы белгіленген. Мұғалімдердің сабақта және сабақтан тыс уақытта балалардың тәрбиесімен жүйелі айналысуы үшін кейбір мамандандырылған мектептердегідей арнайы куратор штаттық бірлігін барлық мектептерге енгізіп, олардың лайықты айлық жалақысын және статусын айқындауыңызды сұраймыз», деді депутат.