• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Алматы 20 Сәуір, 2023

Тиімді тәжірибе алмасу

340 рет
көрсетілді

Қазақстан кез келген қатыгездік пен азаптауға қарсы. Елімізде азаптау үшін қылмыстық жауаптылық күшейтіліп, Мемлекет басшысы мұны биылдан бас­тап тек прокурорлардың тергеп-тексеруін тапсырды. Алматыда өткен «Азаптау мен қатыгездіктің алдын алу: халықаралық және еуропалық стандарттар және озық тәжірибе» атты халықаралық конференцияда осы және өзге де мәселелер сараланды.

Алқалы жиынға еуропалық сарапшылар, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның әрекет етуші судьялары, прокуратуралар, құқық қорғау органдары академиясы және ұлттық құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері, адвокаттар, сондай-ақ халықаралық және отандық үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының, азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.

Еуропа Кеңесі Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Бас прокуратура және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп ұйымдастырған іс-шарада Бас прокурор Берік Асылов, Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мер­ғалиев, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас, Еуропа Кеңесінің ынтымақтастық бағ­дарламаларын үйлестіру жөніндегі директоры Клаус Нойкирх, Өзбекстан Рес­публикасы Ұлы Мәжілісі заң шығару палатасы спикерінің бірінші орынбасары Акмаль Саидовтар сөз сөйлеп, азаптауға қарсы іс-қимылдың халықаралық озық тәжірибелерін ортаға салды.

Президент жанындағы Адам құқық­тары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов конференцияны аша отырып, азаптау мәселесі әлемнің көптеген еліне тән екенін атап өтті.

«Президент Қ.Тоқаев құқық қорғау органдарында еліміздегі азаптаулар мен қатыгездіктерді толық жою міндетін қойды. Біз бұл зұлымдықпен жүйелі түрде күресуіміз керек, сондықтан азаптауға және басқа да қатыгездікке қарсы іс-қимылдың еуропалық стандарттарын зерделеу, сондай-ақ осы саладағы әріптестермен тәжірибе алмасу маңызды», деді ол.

Бұдан әрі Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы қатыгездік көрсету мен азаптауға тыйым салу іс жүзінде бүкіл әлемде адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттарға да, сондай-ақ ұлттық заңнамаға да енгізілген іргелі құқық екенін атап өтті. Оның айтуынша, Орталық Азияның бес елінің конституциясында кез келген жағдайда және ешқандай ерекшеліктерсіз азаптау мен қатыгездік көрсетуді қолдануға тыйым салынған.

Конференцияда Бас прокурор Б.Асылов елімізде азаптауға және тер­геудің басқа да рұқсат етілмеген әдіс­тері­не қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі іс-шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Бас прокурордың мәлімдеуінше, қазіргі таңда 52 колонияда «көрінбейтін аймақтарды» үздіксіз бейнебақылаумен қамту жүйесі енгізілген. Бұл жұмыс өз нәтижесін көрсетіп те үлгерген. Себебі биыл сотталғандардың азаптау туралы шағымдары 7 есе азайған. Ал полиция органдарында 22 мыңнан астам бейнекамера іске қосылса, қылмыстық істердің 94 пайызы электрондық форматта тергеледі.

Басқосуда Артур Ластаев қатысушы­лар­мен заңнамадағы новеллалар және азаптаудың алдын алу жөніндегі өз жоспарларымен бөлісті. Мәселен, уәкіл кең­сесінің тікелей қатысуымен адам құқық­тары саласындағы бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары іске асырылып келе­ді. Атап айтқанда, сотталған адам ауыр сырқаттанған кезде жазасын өтеуді кейін­ге қалдыруды көздеу, бір жыл ішінде жаза­сын өтеу бойынша ол босатылған жағ­дайда баланың анасымен бірге болу мер­зі­мін 3 жас­тан 4 жасқа дейін ұлғайту және бұрын сотталғандарды бірінші рет сот­тал­ғандардан бөлек ұстауды қамтамасыз ету.

Сондай-ақ, оның пікірінше, алдын алу азаптауды жоюдың алдыңғы қатарында болуға тиіс. Сондықтан келесі маңызды қадам – ұлттық алдын алу тетігі туралы арнайы заң әзірлеу.

Бұл заң осы жағымсыз құбылысты жоққа шығару бойынша бұрыннан орын алған әлеуетті күшейтеді. Бұл бастаманы БҰҰ-ның Азаптауға қарсы кіші комитеті мен БҰҰ АҚЖКБ-ның Жоғарғы комиссары биылғы наурызда Қазақстанға сапары кезінде қолдады.

Конференция барысында Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың судьясы Лятиф Гусейнов, Сербияның әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі сотының судьясы Коста Митрович, Тәжікстан Жоғарғы сотының судьясы Кенжазода Мұхаммаджалолиддин өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар Азаптаудың және адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтындай жәбір көрсету немесе жазаның алдын алу жөніндегі Еуропалық комитет (ААЕК) Хатшылығы басқармасының басшысы және мүшесі Борис Вудз және Карин Руани-Виммер, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі ЕҚЫҰ бюро­сының Адам құқықтары жөніндегі департаментінің басшысы Андреа Хубер, халықаралық сарапшылар Эрик Сванидзе және Анатолий Мунтяну, еліміздің Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Игорь Вранчев, Польша Омбудсмені кеңсесінің Азаптаулардың алдын алу жөніндегі ұлттық алдын алу тетігінің директоры Пржемыслав Казимирски, Өзбекстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі Толибжон Умаров, Қырғызстан Республикасы Азаптаулардың алдын алу жөніндегі Ұлттық орталығының өкілі Бақыт Рысбеков баяндама жасады.

Конференцияға қатысушылар қаты­гездік көрсету мен азаптаулар жағдай­ларын тергеп-тексерудің озық тәжірибелері, сондай-ақ сот органдарының, прокурор­лардың, адвокаттардың және осы мәсе­лені шешудегі әртүрлі құқық қорғау тетіктерінің рөлі туралы айтты.

Еуропа Кеңесі Адам құқықтары жөнін­дегі директораты инновациялар және даму бөлімінің басшысы Сергей Дик­ман және Қазақстан Пре­зи­­дентінің жанындағы Адам құқық­тары жөніндегі комиссия төрағасы Игорь Рогов қорытынды сөз сөйледі.

Конференцияға қатысушылар адам құқықтары саласындағы халықаралық стан­дарттарды қамтамасыз ету үшін мем­лекеттік органдардың да, сондай-ақ құқық қорғау институттарының да қаты­суымен азаптаудың барлық нысанын жою бойынша бірлескен күш-жігерді шоғырландырудың маңыздылығын атап өткен қорытынды құжатты қабылдады және бірқатар ұсыным берілді.

 

АЛМАТЫ