• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
Әдебиет 26 Сәуір, 2023

Сезімі сәруар суреткер

230 рет
көрсетілді

Әдебиет әлеміндегі кез келген құбылысты қалт жібермей қадағалап, таза шығармашылықпен айна­лысуға тіршілік қамыты мойын бұрғызбайтын өлара мезгілде, таланттарымызды құмнан алтын сүзгендей іздеп отыратын мүмкіндіктің қолы байланғанын несіне жасырайын?! Бүгінгі ұрпақтың көзіне мүлде басқа планетада болған қиял-ғажайып ертегідей елестейтін өткен ғасырдың сонау сексе­нінші жылдары жасы елуге келген ақын-жазушы­лардың жетістіктері, шығармашылық табысы, жаңа­лығы мен жеткен биігі жөнінде жанашыр ағалары салиқалы сөз бастап, соңынан ерген інілері қостап, мақалалар жазылып, дүние дүркіреп жататын.

Тәуелсіздіктен кейін «балапан басына, тұрымтай тұсына» кетіп, біз осындай әдемі үрдістен көз жазып қалдық. Керісінше, дүниенің тегершігі кері айналып, адамды қабілеті мен біліміне емес, қолындағы билігіне қарап бағалайтын әділетсіз қоғамда өмір сүрудің соры пешенемізге жазылған қиын заманға тап болдық.

Ұлы Абайдың соңынан ерген шәкірттері Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтарлар бастаған алыптар тобынан кейін де, рух алаңындағы парасат майданы толастамай жалғасып келеді. Сөз өнеріміздің дәурені дүрілдеп тұрған алпысыншы, жетпісінші жылдардағыдай болмаса да, сертіне берік, аманатына адал жандар бүгін де арамызда бар. Соңынан жақсы сөз ерген, сондай сегіз қырлы, бір сырлы замандасым – көрнекті ақын әрі талантты жазушы Нұржан Қуантайұлы.

Адамгершілік мұраттарды жырлау үшін қыр қазағына тән қоңыр даусымен, биязы мінезімен, өнерге үлкен дайындықпен келген ол, лирикалық жырларымен жарқ ете қалып, елге алдымен ақын болып танылды. Сезімі мөлдір бұлақтай тұнық, айтар ойы анық, ұлттық бояуының нәші қырғауылдың қанатындай құлпырған жас жігіттің тырнақалды туындылары аға буынды да, бір итжейдені бұрынырақ тоздырған замандастарын да, тай құлындай тебіскен құрдастарын да бірден елең еткізді. Мүмкін, мұның себебі, «өлең деген күре тамырдай даңғыл жолға өз соқпағымен келiп қосылған» жігіттің көбіміз елемей жүргенді аңғарып, көрмегенді байқап қалатын елгезектігінде ғана емес, арзан сөздің алданышын қуып кетпей, көңіл-күйіндегі аласапыранды көркемдік шындықтың тілімен жеткізе білетін суреткерлік шеберлігінде де жатқан шығар. Білмеймін. Білетінім, Нұржан – поэзияға бірдеңе үйрену үшін ғана емес, үйрету үшін де келген, мінезді ақын.

Сiре, сiре, сiре қар,

Сiре қарда кiм оңар?!

Сiрi қалған мына бiз,

Сiз табыңыз бiр амал.

Қара түннiң қаймағын

Айқай бұзбас, ой бұзар.

Орманды сөздiң аймағын

Омбылаған ой бұзар.

Алаңдаған көңілдерге ой саларлық салмақты өлеңдерімен «культурасы зор ақын» екенін танытып, халық ауыз әдебиетінің қайнар бұлағынан қанып ішіп, жаңашылдықтың желек жапырақтарымен жайқалған Нұржан поэзиясы ұлттық ұғымнан ажырамай, әдебиетке табиғаты бұзылмаған шыныдай таза қалпында жеткенімен бізге қымбат. Ежелгі аңыздардан бастау алып, жыраулар поэ­зиясымен жалғасып, Абай, Мағжан, Ілиястар өрісін ұлғайтып, Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Сырбай, Кеңшілік, Жұматайлар жаңаша түрлендірген ұлт­тық поэзиямызға өз бояуының нақышын қосқан ақын өлеңдері оқушыларын магнит өрісіне бірден тартып әкетті.

Сөзді темірдей балқытып, қандай тақырып­ты жырлауға да Нұржанның қабілет-қарымы мен тіл байлығы жетеді. Алайда ол – аз күндік дүрмектің қызығын қуып кетпей, алыс сапарға ұшатын құстай қамданып, бір шумақ өлеңді жазу үшін ұзақ толғанып, оқырманын ынтықтырып, айтқысы келген сөзін қайта-қайта ой көрігінің сынынан өткізіп барып қана қолына қалам алып, өте сараң жазатын талғампаз талант. Өкшемізді басып келген замандасымның осы ерекшелігін аса көрнекті ақын Темірхан Медетбек те аңғарып, ақ жол тілеп, батасын беріпті: «Нұржан Қуантайұлының тағы бiр менi сүйсiнткенi – өзiнiң бiр шыққан биiгiнде қалып қоймай, өзiне де, өзгеге де тосын, өзiне де, өзгеге де белгiсiз тың өрiстерге шығуға құмарлығы. Бұл ретте ол оқыған көзге де, естiген құлаққа да оқшау көрiнiп, тiптi оғаштау естiлетiн образдар мен сөз тiркестерiнен де қашпайды».

 

Жыр қуатының әсері

Өлеңдерін оқу барысында көзіміз жетті, Нұржан, ең алдымен көзімен көргендерді көңіліне түйе алатын суреткер ақын. Әйткенмен, оқырманға ұмытылмас әсер мен эстетикалық ләззат сыйлайтын екі қасиет – шынайылық пен тазалық жоқ жерде жадағай суреткерлік талабы биік көңілдерді көншіте алмайды. Сондықтан да Нұржан өлең жазудың ­жоспарын орындауға білек сыбана кірісіп кете­тін «ақындықтан» бойын да, ойын да аулақ ұстап, көңіл қазынасының қоймасындағы шын асылды тапқанда ғана, Аллаға жүрегін ашқан тақуадай жан сырын ақ параққа ақтарып, мұңын шағады. Міне, сондықтан да шынайылығын жоғалтпаған, тазалығына кір жұқтырмаған, өлеңнен өлеңге өсіп отыратын ақынның көру аясының көкжиегі кеңейіп, танымы тереңдеп, ой-өресі биіктей түседі.

Неге сені ұнатам, неге, неге, сары күз,

Көңіл шіркін жетті ме кенереге, сары күз,

Таусылмас деп жүргенде алаңғасар бәріміз

Опа бермес өмірді орталаппыз, сары күз.

Ұрттап-ұрттап өмірден шала

мас боп қалыппыз,

Сүйтсек, айналайынды несиеге алыппыз…

Бұлықсыған бұла күн буырқанып өтті ме,

Қос самайға із тастап жастық шағым

кетті ме?

Айтшы, айтшы, сары күз, қайда кетті

сол күндер,

Қайырылып қарасаң, біреу бар ма көрдім дер?

Барлық уақытта да оның мұңы қоғам қайғы­сымен, ұлт қасіретімен ұштасып, ол өз жанының ақиқа­тын арзан айғайдың емес, көркем шындықтың тілімен оқырман жүрегіне жеткізуге ұмтылады және қалай әдемі де әсерлі жеткізеді десеңізші.

Торғайы ұшқан сор далам,

Толғамалы найза толғатар ердей қомданам.

Тұтам емшектей ту бие үшiн нар бабам,

Тұттай баланың тұрмысы үшiн нар бабам

Басы қайда қалмаған?

Салқар тарихты сайына тығып сар далам:

«Қараша жұрттың қай сөздерiн қарманам».

Қадiрi қашқан, қаһары асқан заманда

Қазағым қайда аумаған?!

Маған Нұржанның әдебиетке жан-тәнімен берілген жанкештілігі, сөзді құбылтып, ойды ойната білетін шеберлігі ғана емес, ақындық жанының сәруар тазалығы ұнайды. Өйткені ол «жаны таза адамдардың ғана сұлулықты туғыза алатынын» (Глинка) жақсы біледі.

 

«Қараөзек» – классикалық туынды

Әдебиетке ақын болып келгенімен, бір қызығы мен Нұржанның прозасын оқып, алдымен оны жазушы ретінде таныдым. Прозасы болғанда да әңгімесін емес, кеңес одағы күйрегеннен кейін жолай­рықта қалған жоғалған ұрпақтың тағдырын кес­кіндеген кесек туындысымен танысып, қатты сүйсіндім.

Шығармада Хақназар есімді жас жігіттің аянышты өмірі арқылы тәуелсіздік алғаннан кейінгі өліарада өмірден өз орнын іздеген тұтас бір ұрпақ­тың тағдыры шебер суреттелген. Романды оқып отыр­ғанда Нұржан Қуантайұлының алған тақы­рыбын тиянақты зерттеп, жан-жақты ізден­геніне дән риза болдым. Басы артық детальдар мен сюжеттер атымен жоқ. Тілді жақсы білгендіктен емін-еркін сілтеп, көсіліп-көсіліп жазады. Алайда тілді жақсы білетінін көрсету үшін көпсөзділікке ұрынбайды. Жазушы оқырман көңілін магнитше тартып әкете алатын ситуация жасай біледі. Шығармадағы кейіпкерлердің мінез-құлқы түрлі ситуация барысында ашыла түседі.

Шығармадағы жағдайлар өз заманының оқиғасы, өзі куә болған дәуірдің көрінісі болғандықтан роман өте шынайы шыққан. Жалпы, кез келген жазушы ең алдымен өз заманының суреткері болуға тиіс.Өмір сүріп отырған қоғамның шындығын көрсете алмаған адамнан нағыз жазушы шықпайды.

Батыстың алдыңғы қатарлы жазушыларын­да ғана кездесетін стильдік, формалық ерекшеліктер­ді Нұржанның бұл шығармасынан көп кездестір­дім. Яғни жазушы романды жазуға отырар ­алдын­да әлем әдебиетінің классикалық туындыларын қай­та-қайта парақтаған. Олай дейтін себебім, Нұр­жан Қуантайұлының шетел жазушыларының көп­теген прозалық шығармаларын қазақ тіліне өте сәтті аударғанын жақсы білемін. Бұл – үлкен дү­ние. Америка жазушылары Эрнест Хемингуэй мен Альберт Мальцтың «Үндіс ауылы», «Ойын», орыс жазушылары Варлам Шаламов пен Владимир Набоковтың «Жидек», «Үрей», көпшілік жыға тани бермейтін испан жазушысы Фернандес де ла Регераның «Жалғыздық», түрік жазушысы Сейфеддин Омердің «Прогресс», Сирия жазушысы Үлфат әл-Идлибидің «Кек», жапон жазушысы Сюгоро Ямомотоның «Улану – қиын нәрсе», т.б. суреткерлердің классикалық әңгімелерін ол ана тілімізде сөйлетті.

Міне, осындай жан-жақты дайындықтың да романның сәтті шығуына зор пайдасы тиіпті. Романда әрқилы жағдайлар баяндалатын эпизодтар, оқиғалар бар. Біресе өмірді автор хат арқылы көрсетеді. Мысал үшін, романның өзі Хақназардың досы Құрмаштың хатынан басталады. Жазушы хат арқылы қоғамның шындығын боямасыз суреттейді. Кейіпкердің жан күйзелісін де хат арқылы әдемі сипаттайды. Оқиғаны бірінші жақтан баяндай келіп, жазушы бір кезде жымын білдірмей екінші жаққа көшіп кетеді. Романда қолданылатын түрме терминдері сырт көзге елеусіз ғана нәрсе болып көрінгенімен, кейіпкерлердің табиғатын ашуда үлкен қызмет атқарып тұр. Өзбасым «Қараөзек» романын тәуелсіздіктен кейінгі жылдары дүниеге келген классикалық туындылардың қатарына батыл қоса аламын.

«Қараөзек» – тақырып қуып жазған көп шы­ғармалардың бірі емес. Бір жігіттің тағдыры арқылы бүкіл ұрпақтың трагедиясын көрсеткен кесек туынды. Ремарктің «Үш дос» деген романы бар ғой. Әдебиетіміздегі сондай классикалық туынды – бұл.

Нұржан Қуантайұлының «Қазақ әдебиеті» газетінде жақында жарық көрген «Үрейлі үш күн» әңгімесі – әдебиетімізге белес боларлық ұлттық прозамыздың зор табысы. Антиутопия көптеген қазақ қаламгерлерінің тісі батпай жүрген қиын жанр еді. Өйткені оның табиғаты магиялық реализмнен де күрделі. Кезінде бәріміз де ағылшын жазушысы Джордж Оруэлдің «1984», жапон қаламгері Кобо Абэнің «Баса-көктеп кіргендер», орыс жазушысы Евгений Замятиннің «Біз» шығармаларын сүйсініп оқыған болатынбыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Нобель сыйлығын еншілеген Кадзуо Исигуроның ең мықты шығармасы да «Қол үзбе менен» деп аталатын антиутопиялық романы. Нұржанның мына шедевр әңгімесі – дәл бүгінгі таңдағы қазақ прозасы үшін үлкен жаңалық.

 

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,

әдебиет сыншысы