• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Сәуір, 2023

Рухани тірек хақында

1029 рет
көрсетілді

Нәзік (Морт). Мазасыз (Үрейлі). Құбылмалы. Түсініксіз (Тұңғиық). Бұл – дүниетанушылардың BANI тұжырымдамасы бойынша соңғы 3-4 жылда қалыптасқан әлемді түсіндіру үшін берген сипаттамасы. Осы күрделі заманда біздің қоғам қасіретті қаңтар сынағынан өтті. Екінші жағынан, ғылым мен жаңа технологиялар арқасында адамзат жаңа мүмкіндіктерге де ие болды.

Адамзат тарихы көрсет­кен­­дей, жаңа техно­ло­гия­лық мүмкіндіктерге сай жауап­кер­шілік деңгейі де көтерілу керек. Ендеше, осы үлкен екі жаһандық құбылыс құндылықтар мен мәдениеттің, рухани темірқазық пен тіректің маңызын арттыра­ түсті. Аталған сынақтарға төтеп беріп, лайықты жауап­ іздеуде бір жағынан білім, ғы­лым, екінші жағынан, еңбек пен инновация дамуға мүм­кін­діктерін туғызады. Бірақ сол даму елдің білігі мен білі­мі­не, жігері мен қайратына сай болу­ үшін ортақ ереже және руха­ни құндылықтар маңызды. Тұрақ­ты даму осы екі топтың бір-бірін толықтырып тұруын қажет етеді.

Бірнеше мысал.

Норвегия. Бұл біз секілді жерасты байлығы мол ел. Бірақ даму деңгейі қарыштап кеткен. Дегенмен соншама бай елдің бір алпауыты туралы, не патшасы, не Үкімет мүшелері туралы бір келеңсіз әңгіме естімейсің. Олардың көрсеқызарлыққа, дүниеқоңыздыққа салынғаны туралы да айтылмайды. Сонша мүмкіндіктері бола тұра, Бри­та­ния­дан, Швейцариядан, тағы бір жерден зәулім сарайларды сатып алмайды. Осының себебін сұрағанымда, кезінде ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы елшісі, норвегиялық азамат: «Бізде Евангиялық христиан ілімі Конституцияда бекітілген. Осыған байланысты, төменгі сыныптарда бізге жұмаққа барудың жолы адал еңбекте деп айтады. Сол тәрбиемен келген балаға жоғарғы сыныптарға келгенде, адал еңбекпен күн көріп жүргендердің ішінде көрсе­қы­з­­ар­лықпен айналыспай, мал шаш­пақпен айналыспағандар жұмаққа баруы ықтималдығы жоғары деп түсіндіреді», деген­ еді. Бұл – еңбектің және қара­пайым адамгершілікті тәрбие­леу­ жолы.

Ал бес жыл бұрын Қытай­дың Цюаньчжоу қаласында болдым. Сол Цюаньчжоудың теңіз мұражайына кіреберісте «Білімнің көзі Қытайда болса, Қытайға барып оқы» деген жазуды іліп қойыпты. Авторын жазбаған. Мен авторын біл­ген­­діктен, сіздер неге оны жазбадыңыздар десем, «оны қазір ішке кіргенде түсінесіз» дейді. Сөйтсем, бірінші залы­ Ислам-Қытай қарым-қаты­на­сына арналған екен. Сол уақытта Пайғамбардың (с.ғ.с.) сөзін­ олар­­дың қалай дұрыс пайда­лан­ға­нына көзім жетті. Ал біз­дегі уағыздарда осы айтыла ма?

XX ғасырдың басынан бас­т­ап­ даму мен құнды­лық­тар­дың байланысын зертте­ген­ ғалымдар да алдынғы тұжы­рым­ды нақтап отыр. Бірнеше мысал. Макс Вебердің нарық­тық­ экономиканың қозғағыш күш­терін зерттеуде үлкен үлес­ қосқан атақты еңбегі – про­тес­тант­тық этиканы зерделеу. Шын мәнінде, қарасаңыз, біз қазір дамыған деп аталатын елдердің заң­намасы – әуелде христиан мен ислам әлеміне ортақ Інжіл мен Құранда бар құндылықтарға негіз­делген ережелер.

Сол секілді Ниал Фергю­сон­­­ның, Аджемоглу мен Робин­­­сонның әлемнің түкпір-түк­пі­­­­ріндегі ұлттардың даму дең­гейі неге әртүрлі болғанын зерт­­тейтін еңбектерін, немесе Фре­дерик Старрдың Орталық Азия,­ яғни өзіміздің аймағымыз, не себептен мың жыл бұрын әлем­де­гі ең озық ғылым орта­лы­ғы бо­лып, шын мәнінде рухани құн­дылықтар – білім, ғылыммен ұш­та­сып тұрғанда прогресс бай­қал­ған. Біздің аймаққа келсек, бір­ жағынан, Жібек жолының құл­дырауы, екінші жағынан, шө­лейттену, үшіншіден, әскери-саяси тұрғыда мықты болғанмен, мәдени өркениет жолынан артта қалған күштердің жаулап алуымен қатар ықпалды дінбасылардың ғылым мен білімді қатер деп бағалауы прог­рес­ті тежеді.

Бұл жалпы экономикалық, әлеу­меттік даму туралы қара­ғанда. Ал демократия тұр­ғы­­сынан алсақ, Мадлен Олбрайт­тың­ «Дін және әлемдік сая­сат» деген­ кітабының алғы сөзінде Билл­ Клинтон Американың ұлы­ ақыны Уолт Уитменнің ХІХ ғасырдағы сөзін келтіреді. Уолт Уитмен демократияның бастауы дінде жатыр деп айта­ды.­ Клинтон осы сөздерді кей­бі­реулер келтіргенде екінші сөй­лемді ұмытып кетеді дейді. Кез келген дінде дегенді. Яғни діннің теңдік қағидаттарына негізделгенін алға тартады.

Жоғарыда дамыған елдер­ заң­намасына кезінде хрис­тиан­ эти­касының ықпалын айт­сақ, біз­де де солай болды. Бір­не­ше­ жыл бұрын Астанадағы заң­гер­лер­мен конференцияда қазақ­ заң­на­масының түп тамырын­ зер­делеген бір жас ғалым Есім хан­ның «Ескі жолын»,­ Қасым хан­ның «Қасқа жолын»­ және Тәу­ке ханның «Жеті жар­ғы­сын»­ атап­ өтті. Мен оған уәж айт­тым.­ Жәнібек пен Керей мем­ле­­кет­­тігіміздің туын жаңа­дан­ жаң­ғыр­тып көтергенге де­йін қазақ қоға­мының ортақ ере­же­ле­ріне қатты әсер еткен үш фактор­ болды.

Біреуі сөзсіз, ұлттың әдет-ғұрыпы, екіншісі – ислам заңна­ма­сы, үшіншісі – Шыңғыс­хан­ның­ ясылары. Осының ішінде,­ әрине, егжей-тегжей жетіл­ген­ ислам заңнамасы болды. Мы­сал ретінде, XII ғасыр­да Орта­ азиялық үлкен ғұлама Бур­­хануддин Маргинани жаз­ған­ «Хидоя» кітабын алайық. Оның мазмұнының өзінен таң­­ғаларлық акционер мен­ менедж­­­менттің қарым-қа­тынасы, жер қаз­ба­лары бай­лы­ғын­ алғанда үлес­тердің бөлуі, әйел­дердің мүлік­тік құқығы, тағы басқа зама­науи сұрақтарға жа­уап беретін ережелер ислам­ заңнамасында VII-VIII ғасыр­лардың өзінде жазылған екен.

Осы заңдардың болуы, мен­шіктің қорғалуы, сөзсіз, осыдан мың­ жыл бұрын Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қаш­ға­ри, Ибн Сина, Ұлықбекке де­йінгі дамуда үлкен жағдай ту­ғыз­ды. Ал басында айтқандай, кейін оны кейбір фактор тежеді.

Сонымен қатар біз кезінде бо­дан­дықтың қамытын киген­ ел ретінде бір нәрсені ұмыт­па­уы­­­­мыз қажет. Үлкен империя­лар басып алған кезде метро­по­лиялардың ұстанған дініне пара­пар діни жүйесі бол­маған ұлттар мәдени тұр­ғы­дан жұтылып кетті. Оның мы­салын біз өзімізбен көр­ші­лес бол­ған солтүстік халық­та­­рынан көре аламыз. Себебі үлкен дүние­танымдық жүйе, дін келген­ кезде наным деңгейінде қал­ғандар мәдениет ретінде тез­ жұтылып кетеді. Сол себеп­тен­ дін исламның біздің бодан­ халық ретінде империя құра­мында өмір сүргенде заманда қазақи бол­мы­сымызды сақтап қалуда үлкен маңызы болғанын есте сақ­тауымыз керек.

Сонымен бірге кезінде XVI ға­сырда Інжілді неміс тілі­не­ аударған Мартин Лю­тер­ неміс­тің әдеби тілінің жеті­луіне үл­кен­ үлес қосқанын білеміз. Себе­бі Інжілдің тілі, Құранның тілі ол қай ұлттың бол­сын мета­фи­зи­калық, дү­ние­­­танымдық сөз­дік­ қорын байы­ту­ға үлкен үлес қос­ты.­ Бұл да әр­дайым біздің жадымызда болуы керек.

Түптеп келгенде, қазір күр­де­­лі кезеңдері басынан өткеріп жат­­қан жаңа сынақтарға дайын­ болу­ үшін осы өркениеттің өзегі – діннің әлеуеті қо­ғам­да­ се­німді нығайтып, мо­дер­ни­за­­­­ция­­ға жұмыс жасауы қажет. Бұл­ дінбасылардың, ғалым­дардың, зиялы қауымның ортақ жұмысын қажет етеді. Дін мен ғылымды ұштастыру, біздің дін исламдағы еңбекті насихаттау­ жол­дарын дінбасылар да өз уа­ғыз­­дарында көбірек айтқаны дұрыс.

Қазір ұлттық дәстүрдің жаң­ғы­руымен қатар жастардың ата діні­мізге бет бұрысы байқалады. Осыған орай ұлы бабаларымыз Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи, Абай мен Шәкәрім дәс­түр,­ дін, ғылым, білім, еңбек ара­сын­да­ғы үйлесімді табу жолын­ аманаттап кеткенін ескеріп, Әділетті Қазақ­­станда осы үлгіні заманауи тәсіл­дермен жүзеге асырғанымыз жөн.

 

Әлихан БӘЙМЕНОВ, қоғам қайраткері