Елімізде 800-ге жуық жас жеңілдетілген микрокредит алуға өтініш берген. 2,5%-бен берілетін микрокредитті жеке кәсіпкер ретінде тіркелген 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтардың алуына болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Жастарға берілетін шағын несиенің талаптары қандай?
Жастарды несиелеу бағдарламасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылып келеді. Мұндағы мақсат – жастардың өз ісін ашу немесе кеңейтуге жәрдемдесу. Несие мерзімі – мал шаруашылығын дамытуға арналса – 7 жыл, бизнестің басқа да бағыттары үшін 5 жылға дейін беріледі. Қатысушыларға жалпы сомасы 5 млн теңге үлестіріледі.
– Аграрлық несие корпорациясы жастарға шағын несие беру бағдарламасы аясында сенім білдірілген өкіл-агент ретінде құжат қабылдау, бизнес-жобаны бағалау, несие және кепіл туралы келісімдерді дайындау, несие сомасын қарыз алушыға беру, несиенің пайдаланылуын тексеру, қарыз алушымен есеп айырысуды жүргізу, қарыз алушыдан төлем қабылдау және мерзімі өткен берешекпен жұмыс және уәкілетті органдарға есеп беру үшін жауапты. Өтініш берген сәтте жастардың кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауға тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады. Бүгінде шағын несиені алуға 761 өтінім түсті. Негізі борыш пен сыйақы өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезеңі қарастырылған. Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы арнайы техника және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушілер басқа туыстары өз кепілдерін бере алады, – деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Астана филиалы директорының несиелеу жөніндегі орынбасары Олжас Баймаханов.
Кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған микрокредит жылжымайтын мүлікті, оның ішінде тұрақты тұрғын үйлерді, жер учаскелерін, бағалық қағаздарды және қаруды, құрамында есірткі заттары бар тауарларды, ойын бизнесін ұйымдастыруды, ел заңнамасына қайшы келетін және темекі немесе алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобаларға берілмейді.
– Үміткерлер өздерінің бизнес жоспарын, комиссия отырысында көрсетеді. Комиссия бизнес жоспарларды бағалап, үздіктерін іріктейді. Жоба өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең және оның нақты іс-қимыл жоспары болуға тиіс. Қатысу үшін жеке басын куәландыратын құжат, жоба бойынша бизнес жоспар, қызмет көрсететін банктен шоты бар екенін растайтын анықтамалар, қаржы ұйымдарынан несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтамалар, үміткердің жалақысы немесе өзге де табыстарын растайтын құжат және жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме, кепіл мүлікті бағалау туралы есеп, кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттары қажет. Филиалдардың негізгі мекенжайлары – «agrocredit.kz» сайтында орналасқан, – деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілі.
Өтінімдер 16 облыста және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қабылданып жатыр. Ал Шығыс Қазақстан облысында өтінімдерді қабылдау жуық арада басталмақшы. Жалпы, биыл 5 796 микрокредит беру жоспарланған.
Айта кетейік, шағын несие беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған комиссия қабылдайды. Оған мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері кіреді.