• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Энергетика 01 Мамыр, 2023

Негізгі бағыт – заманауи энергетика

235 рет
көрсетілді

Алматы облысына іссапармен келген «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесіп, алқалы жиын өткізді. Онда өңірдегі аталған қор жобаларын іске асырудың келелі мәселелері талқыланды.

«Самұрық-Қазына» бас­шысының айтуынша, қор тобының Алматы облы­сындағы жұмысының не­гізгі бағыты – өзін-өзі қам­тамасыз ететін заманауи энергетика. «Самұрық-Қа­зына» компаниялары өңір­де жаңа жел және су электр стансаларын құру жұ­мыс­тарын жүргізіп жатыр.

– Бұл өңір бүкіл Ор­та­лық Азиядағы ең ірі энер­гетикалық хабтар­дың біріне айналуы мүмкін. Бірінші кезекте оның қуаты Алматы облысының энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттан­дыруға бағытталуға тиіс. Іш­кі нарықта сұраныс үнемі өсіп келеді. Одан ар­­тыл­ғанды экспорттау ке­­рек. Қырғызстан мен Өз­бекстан біздің таза электр энергиямызға ерекше қы­зығушылық танытып отыр, – деді Нұрлан Жақы­пов.

Ол іссапар барысында Қонаев қаласының маңындағы күн электр стансалары паркіне және Іле өзеніндегі Қапшағай ГЭС-не барды.

– Су ресурстары – Ал­­ма­ты облысының стра­те­гия­­лық артықшы­лы­ғы. Біз өңірдегі гидроэнер­гетиканың дамуына қолдау көрсетуге дайынбыз. Қа­зір Қазақстанда дәл осы ГЭС маневрлік қуаттың негізгі көзіне айналды. Ол электр энергиясына деген сұранысты арттырады, – деді «Самұрық-Қазына» басшысы.

Қапшағай ГЭС-інің тиімділігін арттыру үшін «Самұрық-Энерго» Іле өзенінде қарсы реттеуші Кербұлақ ГЭС-ін салуды жоспарлап отыр. Қарсы реттегіш су қоймасын құру Қапшағай ГЭС-і жұмысын теңестіруге және оны қол­да бар қуатты пайдалана отырып, ең жоғары жүк­темелерді жабу режіміне ауыстыруға мүмкіндік бере­ді. Бұл жоба 2026 жылға дейін жүргізілмекші.

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның қолдауымен Алматыда Жұқпалы ауру­лар ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы салынуда. Қор осы орталықтың құры­лысына шамамен 130 мил­лиард теңге бөлді. Құры­лыс жұмыстары биыл­ғы желтоқсанға дейін аяқ­талады деп жоспарланып отыр.

Клиниканың құрылыс алаңына келген «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төр­ағасы Нұрлан Жақыпов жаңа орталық бүкіл ТМД-дағы ең ірі зерттеу мекемесі әрі клиникалық орталық болатынын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдардағы оқиғалар клиникалық бөлімшесі бар ірі жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу орталығының болуы жай ғана қажеттілік емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін де дәлелдеді. Ол құрылыс барысын өзі тексеріп, құ­рылыс мердігерімен барлық жұмыстың уақытында орын­далуын талқылады.

Аталған аурухана 2021 жылдың қазанында салына бастады. Орталықта 350 заманауи жабдықталған орын болады. Ол отан­дық дәрігерлер, ға­лым­дар мен Алматының ме­дициналық жоғары оқу орындарының студенттері үшін клиникалық ба­заға айналады. Жаңа орта­лықта жұқпалы аурулар, пульмонология және фтизиа­трия саласында ме­ди­циналық көмек көр­сеті­леді, зерттеулер мен оқы­ту жүргізіледі, озық меди­циналық технологияларды шоғырландырылып, дәрілік препараттар зерт­теледі. Сонымен қатар жаңа нысан базасында елдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылау үшін ахуалдық орталық ашу жоспарланған.

Нұрлан Жақыпов өзі басқаратын қордың Қа­зақстан медицинасын да­мытуға қосқан үлесі туралы айта келіп, 26 сәуірде Алматы қаласынан «Са­мұрық-Қазына» компа­ния­лар тобының қаржы­ландыруымен медициналық пойыз жолға шыққанын атап өтті. Бір жыл ішінде медпойыз дәрігерлері шал­ғай стансалардағы тұрғын­дарға медициналық көмек көрсетеді.

Ұлттық әл-ауқат қоры­ның басшысы Алматы облысына іссапарының соңында «Алматы электр стансасы ЖЭО-2» АҚ-ға барып, онда басталғалы жатқан құрылыс жұмысымен танысты. Алматы қаласының жарты аумағын жылумен қамтамасыз етіп отырған орталық қатты отыннан «көгілдір» отынға көшуді жоспарлап отыр. Бұл жұ­мыс үш жылға созылмақ. «Көгілдір» отынға көшу мегаполисті түтінмен ластамай, тиімді жолмен халыққа жылу сыйлауға мүмкіндік беретін болады.

 

Алматы облысы