• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Шілде, 2014

Тез жиналмаған өнім сағат санап кеми береді

319 рет
көрсетілді

Осы аптада жамбылдық шаруалар егінге орақ салды. Биыл Жамбыл облысы бойынша 237 мың гектар жерге дән себілді. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 14 мың гектар жерге артық егін егілді. Оны жинап алу үшін 20 мың тоннадай жанар-жағармай қажет. Әйтсе де, биыл Жамбыл жерінде көктемнің кеш шығып, мамыр айының соңына дейін ызғардың кетпеуі егіннің бітік өсуіне кері әсер еткен сияқты. Әйтеуір, биылғы егіннің шығымы төмен. Осы өңірдегі ең іргелі шаруа­­шылықтардың бірі – Жам­был ауданындағы «Пионер» шаруа қожалығы биыл 600 гектар­дай жерге арпа, бидай сепкен екен. Көктемде аздап жауын жау­ғанымен үздіксіз соққан аңызық жел жердің аңқасын кептіріп жі­беріпті. Тамырына ылғал жетпеген егін өспей қалған. Содан шаруа­шылық гектарынан 9-10 центнерден ғана астық жинап жатыр. «Жау жағадан алғанда бөрі етек­тен тартады» деген, жамбыл­дық диқандарды егіннің төмен түсімі есеңгіретіп отырғанда жеңіл­детілген бағадағы  жанармай­дың жетіспеуі тағы да жаға­дан алуда. Әрине, өңір­дегі ірі шаруашылықтар қол­дағы қаражатын пайдаланып, егін орағын уақтылы бастап жіберді. Ал, қоры жоқтары амал жоқ­тықтан, жоғарыдан келетін жеңілдікті күтіп жүр. Әйтеуір, ауа райының қолайсыздығы егіннен түсетін өнімді азайтып, диқанның несібесін ортайтып тастағалы тұр. Шаруашылық басшыларының айтуына қарағанда орта есеппен егістіктің әр гектарынан бар болғаны 8 центнерден ғана өнім жиналуда. Осыдан кейін биыл қамбаға астық жылдағыдан екі еседей аз құйылатын секілді. – Биылғы көктем салқын, жаз ыстық болды. Біздің шаруашылық ағын судың аяқ жағында орна­ласқан. Су жақсы келмейді. Суар­малы жердің өзінен осындай төмен өнім алып жатырмыз, – дейді бұл жөнінде «Пионер» шаруа қожалығының төрағасы Алпысбай Жұмаханов. Ал, «Шәушен» шаруа қожалығының бригадирі Сағади Балғаев арзандатылған жанар-жағармайға күні бұрын тапсырыс беріп қойғанымен әлі күнге қол жеткізе алмай келе жатқанын айтып ашынады. Бүгінге дейін облыс шаруашылықтарына қажетті 20 мың тоннадай жанармайдың 260 тоннасы ғана беріліпті. Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Зиятхан Өмірәлиев бұл кемшілікке ортадағы делдалдар кінәлі деп есептейді. «Мұнай зауытындағы бағаға байланысты жанармай жеткізу мәселесі сәл кешігіп отыр. Біздің операторлар зауыттан өнімді уақытында ала алмауда», дейді басқарма бас­шысының орынбасары. Астық жинау ерекше жина­қы­лықты, ұйымшылдықты, білгір­лікті керек етеді. Тез жиналмаған өнім сағат санап кеми береді. Торғай жейді. Жел қиып түсіреді. Қатты пісіп кеткендіктен орған кезде төгіледі. Мал аралайды, әйтеуір жауы көп. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қайбір күнгі жиында піскен егінді уақ­тылы орып, босқа ысырап етпеуді қатаң талап етті. Шынында бұл науқан осы саланың жауапты басшыларына үлкен сын болғалы тұр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.