• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 03 Мамыр, 2023

Қазақ-тәжік бизнес форумы: Сауда-экономикалық ынтымақтастық

290 рет
көрсетілді

Астанада өтіп жатқан бизнес-форумға Қазақ­стан Премьер-ми­нистрінің орынбасары – Сауда және инте­­грация министрі Серік Жұ­манғарин мен Тәжік­стан вице-премьері Сулай­мон Зиёзода қатысты. Іскерлік жиын Тәжікстан Рес­публикасының Пре­зиденті Эмомали Рах­монның Астанаға мем­лекеттік сапары қар­саңында өтуде. Форумды ашқан вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақ­стан мен Тәжік­стан­ның екіжақты сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты нығайтуға ниетті екенін атап өтті.

– Біздің елдер бүгінде страте­гиялық әріптестік деңге­йіне көтерілген шынайы достық қарым-қатынас орнатты. Біз Тәжікстанмен кең ауқымды салаларда одан әрі жұмыс істеуге әзірміз. Өйткені Тәжікстан – өңірдегі негізгі серіктестердің бірі. Елдеріміз арасындағы сауда жыл сайын оң үрдіс көрсетіп келеді. Мәселен, өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 18,5 пайызға өсіп, 1,4 миллиард долларды құрады. Қазақстан экспорты 9,7%-ға өсіп, 877,6 млн долларға жетті. Бұл өсім келесі тауарларды жеткізудің ұлғаюына байланысты», деген С.Жұманғарин тәжік еліне экспортталған тауарларды тізімдеп шықты. Расында да қанағаттанарлық өсім бар екен.

Бидай – 29,3%-ға ұлғайып бір жылда 309,9 млн долларға жеткен. Маргарин экспортының табысы 18 млн доллардан асып жығылған. Күнбағыс майы 42,2%-ға өсіп, 43,8 млн долларды құрапты. Осылай бірқатар отандық тауардың тәжік еліне сәтті экспортталып жатқанына тоқталған вице-премьер екінші тараптың табысын да назардан тыс қалдырмады.

 «Тәжікстаннан импортталған тауарлар да 37,9%-ға өсіп, 501,4 млн долларды құрағанын білеміз. Бұл мыс кендері мен концентраттары, жаңғақ қоспалары немесе кептірілген жемістер, су, минералды және газдалған жемістер,  жаңа көкөністер мен жемістер. Биыл да осы үрдістің жалғасын көріп отырғанымызды қуана айтқым келеді. Бірінші тоқсанда бізден Тәжікстанға экспорт 21,74 пайызға өсіп, 197,5 миллион долларды құрады. Осылайша, екі ел басшылары қойған мемлекеттер арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу міндеті сәтті орындалды. Десек те, бұл жетістікке тоқтамай, нәтижені тағы екі есе арттыру үшін одан әрі жұмыс істеуіміз керек», деді С.Жұманғарин.

Оның айтуынша, Орталық Азия аймағындағы қазақ саудасының жалпы әлеуеті 10 миллиард доллардан асады екен. Қазір Қазақстанда Тәжікстанмен бірлескен 418 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 416-сы шағын бизнес санатында көрінеді. 2005 жылдан бері еліміз Тәжікстан экономикасына 132 млн доллар инвестиция  құйыпты. Ал Тәжікстаннан келген инвестиция ағыны 21 млн доллар екен.

 «Уақыт өткен сайын екі елдің іскер топтары өкілдері арасындағы байланыс­тар нығайып келеді. Қазірдің өзінде өзара сауданың әлеуетін көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстанның жалпы сомасы 140 млн долларға 60 тауарлық позициядан тұратын экспортын арттыруға мүмкіндігі бар. Бұл жеткізілімдер бо­йынша оң өсім байқалатын өңделген өнімдердің тауарлары. Оларға жеңіл шарттармен қызмет көрсетушілер арасында қызы­ғушылық бар. Оның ішінде жерді қашық­тан зондтау қызметтері мен ауыл шаруашылығы саласына арналған спутниктік байланыс, IT қызметтері, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды цифр­лық түрлендіру және ғылыми-инно­вациялық қызмет саласындағы ынты­мақтастықты дамытуға ниет болады», деді Үкімет басшысының орынбасары.

Форумға көптеген компанияның өкілдері де қатысып отырғанын айтқан ол, Қазақстан біраз уақыттан бері Тәжікстан нарығына автокөлік өнімдерін экспорттап жүргенін алға тартты.

 «2017-2018 жылдары Тәжікстанға 147 «JAC» көлігі және 10 «Peugeot» көлігі жеткізілді. 2021 жылдың соңында «СарыарқаАвтоПром» ЖШС шығарған қосымша 175 «JAC» маркілі автокөліктерді жеткізуге келісімшарт жасалды, оның 50-і 2022 жылы Тәжікстанға жөнелтілді. Отандық «JAC S3» қалалық кроссовері 2022 жылы такси паркін толықтырады. Қазір бұл жұмыстың тұрақты негізге жеткеніне қуаныштымын. Ауыл шаруашылығы саласындағы сау­да екіжақты ынтымақтастығымыздың негізі болуға тиіс. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы 40%-ға өскенін көрсетті, бұл өзара сауданың жалпы көлемінің жартысынан астамын құрайды, яғни 578,3 млн доллар жетті» деп жалғады ол сөзін.

Осы жылы маусымаралық кезеңде Тәжікстаннан Қазақстанға әлеуметтік маңызы бар ауыл шаруашы­лығы өнімдерін әкелу туралы келісімге қол жеткен екен.

«Біздің қарым-қатынасымыздың шегінен асып түсетініне сенімім кәміл. Жыл басынан бері бірнеше делегация, оның ішінде бизнес өкілдері Тәжікстанға барды. Тәжікстанға делегацияларды жылы қарсы алғаны үшін алғыс айтқым келеді. Өз тарапымыздан күнбағыс майы, бидай, ұн экспортын арттыруға дайынбыз. Сондай-ақ екі ел арасындағы жүктерді экспорттық-импорттық теміржол арқылы тасымалдау көлемінің ұлғаюын көріп отырмыз. Ол өткен жылы 563,87 мың тоннаны құрап, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 90,23 мың тоннаға өсті. Бұл ретте жүк тасымалдау 66 пайызға артып, 288 653,5 тоннаны құрады», деді С.Жұманғарин.

Екі ел арасында шешілмеген мәселе жоқ екенін тілге тиек етіп, басы ашық мәселелерді алға тартты.

«Отандық «KazakhExport» ком­пания­сының сақтандыру құрал­дарын пайдалануды кеңейту ұсынылып отыр. Бұл ретте біз бизнеске ұсынатын барлық қаржылық мүмкіндікті, оның ішінде сау­даны қаржыландырудың жаңа құралын дұрыс қолдануымыз керек. Сауда миссия­ларын жүргізу тәжірибесі де жалғасады. Бұл мүдделі компаниялар арасында ұзақмерзімді және өзара тиімді байланыстар орнатуға ықпал етеді», деді С.Жұманғарин.

Мұнымен бірге ол бизнес форум екі ел арасындағы іс-қимылдың жаңа бағыттарын белгілеуге арналғанын баса айтты.

«Біздің тауар айналымымызды арттыру бойынша жүктелген мін­деттерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін бар­лық жағдай жасалған. Бұл форум Қазақстан мен Тәжікстанның екіжақты экономикалық ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», деді вице-премьер.

Тәжікстанның вице-премьері Сулай­мон Зиёзода өз мемлекеттерінің сауда қарым-қатынасындағы мүмкін­дік­терін айта келіп, Қазақстаннан инвести­ция тартуға мүдделі екендерін жасырмады.

Форум аясында 39 коммерциялық келісімшартқа қол қойылып, оның қаржылық көлемі 2 млрд АҚШ долларына жуықтады. Екі тарапта қол қойылған осы келісімшарттар толық жүзеге асарына сенімді.