Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Гейдар Әлиев және түркі әлемі» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияны ұйымдастыруға Түркі академиясы және «Түркі мәдениеті мен мұрасы» қоры мұрындық болды.
Іс-шараға Түркі академиясының президенті Шахин Мустафаев, «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Гүнай Эфендиева, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш және мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар қатысты.
Халықаралық конференцияда алғаш болып сөз алған Түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаев тарих тудырған тұлғаның саяси аренадағы елеулі еңбегіне тоқталды.
– Гейдар Әлиев түркі әлемін біріктіруге, халықтарымызды жақындастыруға зор күш жұмсады. Ол түркі мемлекеттерінің интеграциясына қызмет ететін ынтымақтастық ұйымдарын құруға елеулі үлес қосты. Қазіргі Түркі мемлекеттерінің ұйымы және Түркі академиясы сияқты ұйымдарды құру идеясы Г.Әлиевтің отаны – ежелгі Нахчыван жерінде дүниеге келгені кездейсоқ емес. Бұл – үлкен символдық мәнге ие факт, – деді Ш.Мустафаев.
Басқосуда «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Гүнай Эфендиева ұлы ақын Мұхаммед Физулидің 500 жылдығын және Қорқыт атаның 1300 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту, Түркі әлемі көшбасшыларының саммиттерін ұйымдастыру Гейдар Әлиевтің есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Конференция қатысушылары да баяндамаларында әзербайжан халқының көшбасшысы Гейдар Әлиевтің түркі әлемінің мәдени және рухани мұрасының тамаша білгірі болғанын, бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға зор үлес қосқанын тілге тиек етті.
– Бакуге ат басын бұрған сайын алдымен Гейдар Әлиевтің музейіне баруға тырысамын. Өйткені оның өмір жолынан әзербайжан тарихын, сонымен қатар ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісін көруге болады. Гейдар Әлиев – бір халықтың көшбасшысы ғана емес, жалпы түркі әлемінің де тұғырлы тұлғасы. Демек, мерейтойдың күллі түркі әлемінде кеңінен тойлануы заңды. Биыл құрылғанына 30 жыл толған ТҮРКСОЙ-дың да негізінен осы тұлғаның қолтаңбасын көруге болады. Гейдар Әлиев қазақ халқына өте жақын болды. Абайдың 100 жылдығына келіп, арнайы сөз сөйлегенін жақсы білеміз. Жалпы, Гейдар Әлиев – арманы ақиқатқа айналған абыз адам, аңыз адам. Оның кезеңінде басталған әзербайжан тұтастығы жолындағы күрес шындыққа айналды. Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы терең стратегиялық байланыстарды реттейтін құжаттарға қол қойды. Каспий теңізі екі елді жағалаулары арқылы жақындастырса, Гейдар Әлиев те сол ынтымақтастықтың дәнекеріне айналған тұлға, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Тәуелсіздігін қатар алған екі ел алғашқы жылдары тығыз дипломатиялық қатынас орнатты. Одан бері де отыз жылдан астам уақытта алыс-беріс, барыс-келіс іркілмеді. Нәтижесінде, 140-қа жуық іргелі құжатқа қол қойылды. Қазақстан тарапы сарабдал саясаткер Гейдар Әлиевтің 95 жылдығына «Еліне жол ашқан» атты арнайы кітап шығарды. Ғасыр толған ұлт көшбасшыларының мерейтойында әзербайжан бауырларға «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы дайындаған Г.Әлиевтің өмірі мен қызметі туралы «Ғазиз ғұмыр» деректі фильмі көрсетілді.
– Біз – күллі түркі мемлекеттерінің тілеуін тілеп отырған жандармыз. Кеңес заманында Қазақстан орталық партия комитетінің идеология бөлімін басқардым. Сол жылдары түрлі жиындарда Гейдар Әлиевті жиі көретінбіз. Осынау дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры, ғибратқа толы істері, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, терең мағыналы ойлары әркімнің көкейінде. Менің ойымша, академия атынан үлкен бір халықаралық сыйлық тағайындалғаны дұрыс. Бұл марапат түркі халықтарына ерекше еңбегі сіңген азаматтарға берілсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді сөйлеген сөзінде мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.