• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Театр 04 Мамыр, 2023

«Әкемтеатр» әкелген тарту

379 рет
көрсетілді

Елордада М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының есеп беру гастрольдік сапары өтіп жатыр. Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында мамырдың 1-і мен 7-сі аралығында «Әкемтеатр» ұжымы өз репертуарындағы үздік қойылымдарын бас шаһар көрермендеріне тарту етеді.

Астана халқы бір апта бойы алматы­лық әртістердің үздік қойылымдарын тамашалайды. Атап айтсақ, М.Әуезовтің «Қарагөз», Б.Шоудың «Сүйікті менің періштем», Абай Құнанбайұлының қара сөздері бойынша қойылған «Қара», А.Володиннің «Қоштасқым келмейді», Б.Брехттің «Пері қатын», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер. Ақбала», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» қойылымдары театрсүйер қауым назарына ұсынылады.

 – Қазіргі заманның сипаты кешегі­ні тезірек ұмытып, ертеңгі күнге алаңдап өмір сүру сияқты болып көрінеді. Сәл бір-екі жыл шегініспен артқа көз сал­сақ, бүкіл әлем үлкен пандемиядан шық­ты. Шыны керек, әрі-бері жүру, әсіресе, ­театр фестивальдеріне қатысу, гастроль жасау өте күрделі болды. Міне, сол екі орталықта М.Әуезов театрының Астанаға келмегеніне де 5-6 жыл болып қалған екен. Осы уақытта қойылып, сахналанған елдің аузы, көрерменнің көкейінде жүрген спектакльдерді әкеліп бас қаланың зиялы жұртшылығына көрсетіп қайтайық деген шешім қабылдадық. Ұсынысымызды Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, осылайша Астана көрерменімен сағыныса қауышып жатқан жайымыз бар, – деді театр директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек.

Еркін Тілеуқұлұлы мәлім еткендей, Арқа төрінде мәдени оқиға жасауға Алатау баурайынан 70-ке жуық театр қызметкері, оның ішінде 40-тан аса актер мен екі үлкен көлік театр декорация­сы ат арытып асыға жетіпті. Сол еңбек пен талпынысқа орай елорда халқының саф өнерге деген ықыласы да өте жоғары екен. Тіпті гастроль кестесіне енген кей­бір қойылымдарды қайталап қоюын сұрап жатқан жұртшылық жетерлік. Солардың ішінде, әсіресе, жастардың ықылас-құлшынысы көңіл қуантады. Бұл – әлбетте халықтың театр өнеріне деген үлкен сүйіспеншілік пейілінің пайда болғандығының белгісі екендігіне де театр басшылығы баса тоқталды. Директордың айтуынша, қазір театрлар арасында бәсекелестіктен гөрі бауырмалдық басым. Демек, ондай ортада өрелі өнер тудыруға да тамаша жол ашылады. Мұның жарқын мысалы – алматылық М.Әуезов театры мен астаналық Қ.Қуанышбаев теат­рының өнер көрсетер театр алаңын алмастырып, бірдей уақытта бір-бірінің сахнасын­да қойылым ойнауы, сол арқылы көрер­мендерге де тамаша тарту жасауы. Қазір қос қалада да билет таппай сабылған көрер­мен санында шек жоқ. Бұл да болса өнер­дің өскендігінің, сол саф өнерді баға­лаушы көрерменнің талғамының қалып­тасқандығының белгісі екендігі сөзсіз.

– Қазір театрлардың арасында жарыс емес, ауызбіршілік пайда болды. Бір-біріне көрсететіндей үлкен актерлік, режиссерлік мектеп қалыптасты. Өнер ұжымдары арасында режиссерлер ауысып, бірінің режиссері екіншісінің театрына барып спектакль қоятын жақсы бір үрдіс қайтадан қалпына келе бас­тады. Бұл жалпы қазақ сахна өнерінің кеңістігінде болып жатқан жаңалықтар мен жақсылықтар екендігін баса айтқым келеді. Біраз жылдан бері ұмытылып кеткен «Театрға билет бар ма екен?», «Қайтсек орын табылады?», «Артық билет сатыңыздаршы» деп есіктің алдында жүрген адамдарды жиі көзіміз шалатын болды. Бұл да, шыны керек, қоғамның жақсаруының, халықтың шынайы, тірі өнерге деген көңілінің қалыптасуының арқасы, – деді театр директоры.

Еркін Жуасбектің пікірін театр­дың көркемдік жетекшісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов те қолдап, репертуардағы үздік спектакльдер іріктеліп әкелінген дәл осындай сипаттағы гастрольдік са­пар­лардың өнерді өсіретіндігін, алдағы уақытта мұндай бастамалардың көркемдік деңгейімен қатар география аясын кеңей­туді де алға тартты.

– Кезінде біз гастрольдік сапарлар­ға айлап шығатынбыз. Бір облысты түге­лімен аралап, елдің түкпір-түкпіріне қо­йылым қоятынбыз. Республиканы былай қойғанда, алыс-жақын шетелдерге де оқтын-оқтын қазақ өнерін әйгілеп қайт­қан сәулелі сәттеріміз жетерлік. Себе­бі өнер – ұлттың өзі, әсіресе, театр мен кино өнерінде қазақтың тұтас болмысы, боя­масыз бейнесі жатыр. Сондықтан да өнер­ді идеологияның басты құралы деп бе­кер атамаса керек. Осы өлшем аясынан тарқатар болсақ, өнердің өркендеуі, көрермен талғамының қалыптасуы үшін мәдениет алмасудың маңызы зор. Театр гастрольдік сапарлардан бөлек, әртістерін шетелдерге шеберлігін шыңдауға жіберіп тұруының да сахна маманы үшін берері мол. Сонда өнер өседі, қазақ театры қа­рыштап дамиды. Менің өзім де кезінде Ресейге бірнеше мәрте барып, апталап жатып шеберлігімді шыңдап қайттым. Бұл әсіресе, тарихына 100 жыл толғалы отырған, сахнасында небір дүлдүл, ұлы тұлғаларымыздың ізі қалған әкемтеатр үшін маңызды. Қанатының астынан талай ұжымды түлетіп ұшырған М.Әуезов театры – өнердің үлкен қара ша­ңырағы. Гастролімізді жоғары деңгейде ұйым­дастырып беріп отырған Мәдениет және спорт министрлігі келешекте осы жа­ғын да ескерсе деген тілегіміз бар, – деді Асанәлі Әшімов.

Кезінде Қарагөз болып әкемтеатр табалдырығын имене аттаған актриса Данагүл Темірсұлтанова дәл осындай кәсі­би кемелденудің арқасында бүгінде Мөржан­дай аналар бейнесінің биігінде көрініп, көрерменін тәнті етті.

– Асанәлі ағамыз жақсы айтып өтті, актер үшін кәсіби тәжірибе алмасудың маңызы зор. Сол арқылы әртіс өседі, сом­­дайтын кейіпкерін кемелдендіреді, шеберлігін шыңдайды. Нәтижесінде, көрермендерімізбен сахна арқылы сыр­ласуға, өнер тілі арқылы сұхбат құру бақытына ие боламыз. Бүгінгі көрермен өте білімді әрі сезімтал және олардың талғамы әртүрлі. Сол көрермендеріміз­дің қабылдауына лайықты сан алуан қойылымдар біздің репертуарда бар. Соның бір парасын осы гастрольдік сапар бағдарламасына сыйғызып әкеліп отырмыз. Ойнаған рөліміз бен кескіндеген кейіпкерлерімізден көрермен қауым рухани азық пен ұмытылмас әсер алады деп сенеміз, деді актриса.

Расында да, М.Әуезов театрының ел­ор­да жұртшылығына әкелген қойылым­дарының қай-қайсысы да тақырыптық жағынан болсын, драматургиялық, жанр­лық тұрғыдан да көрермен көңілін қуа­нышқа бөлеп қана қоймай, ойлануға да жетелейтін мәнді, көркемдік деңгейі жо­ғары спектакльдер екендігін афишаға көз жүгіртіп-ақ аңғару қиын емес. Театрдың негізгі үш жанры – комедия, трагедия, драманы гастроль бағдарламасына тең­дей сыйғызған ұжымның көрерменін қай­таланбас сезімдер сапарына шақырары сөзсіз.