Көптеген әлем еліндегідей Қазақстанда да «бұлтты» сервистерге сұраныс артып келеді. Қандай да бір деректер қорын сақтауда «бұлтты» сервистер ауқымының кеңеюі ақпараттық қауіпсіздікті сақтаумен қатар компаниялардың экономикалық дамуына ықпал етіп жатыр.
Құлашын кеңге сермеп бара жатқан еліміздің «бұлтты» сервистер нарығы зерттеу агенттіктері дерегіне сәйкес, былтыр 23,7 млрд теңгені құраса, 2027 жылға қарай мемлекеттік сервистерді қоса алғанда 72,5 млрд теңгеге жетеді деген болжам бар.
Алматыда «QazCloud» және «VK Cloud» компаниялары әріптестігі аясында өткен конференцияда еліміздегі «бұлтты» технологиялардың болашағы, IT-нарығындағы трендтер және киберқауіпсіздік мәселесі талқыланды. «VK Cloud» «бұлтты» платформаларын отандық нарыққа бейімдеу еліміздегі «бұлтты» сервистерді дамыту қажеттілігінен туындап отыр. Аталған платформа «QazCloud» деректер орталығында жұмыс істейтін болады.
«QazCloud», «VK Cloud» бұлтты платформалары шағын және ірі бизнес пен стартаптардың сандық жобаларын дамыту, нарыққа жылдам икемдеу серсивімен ерекшеленеді. «Бұлтты» платформа 20-дан астам конфигурацияланған «IaaS» және «PaaS» қызметтерінің жиынтығы ретінде кәсіпорындардың деректерін сақтаумен қатар санаулы минут ішінде инфрақұрылымды орналастыру, ақымды деректерді әзірлеу мен өңдеуде заманауи әлеуетке ие.
«VK Tech» басқарушы директоры Павел Гонтаревтың айтуынша, «бұлтты» қызметтер цифрлық өнімдер әзірлеу мен дамытудың стандартына айналып, нарыққа шығаруды жеделдете отырып, бәсекелестік артықшылығын қамтамасыз етеді. Олар икемді IT-инфрақұрылым түзу, киберқауіпсіздікті, деректерді сақтау, өңдеумен қатар ML-модельдерімен жұмыс істеуге дейінгі кезеңді қамтиды. «VK Cloud» платформасының Қазақстандағы «QazCloud» серіктестігінің жергілікті деректер орталығында орналасуы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге ғана емес, деректердің жоғары деңгейде қорғалуына ықпал етеді.
«QazCloud» инфрақұрылым провайдері IT-инфрақұрылымды қолдау, қызмет көрсету мен жаңғырту, виртуал ресурстарды жалға алу және орналастыру, IT-аутсорсинг, ақпарат қауіпсіздігі және жүйелерді техникалық сүйемелдеуімен ерекшеленеді. «QazCloud» бас директоры Қасым Есергепов атап өткендей, Астанада жасыл технологиялар бойынша салынған «QazCloud» дата-орталығы «VK Cloud» локальды платформасымен бірлесіп, отандық IT-мамандарға барлық қажеттілікті ел аумағында артық шығынсыз алуға көмектеседі. «Қазіргі кезде еліміздегі көптеген компания өз деректерін «Google», «Amazon», «Yandex» сияқты шетел платформаларында сақтауға мәжбүр. Бүгінде аталған компаниялардың өзі жеке деректерінің құпиялылығына аса мән беруде. Ендігі кезекте «бұлттық» сервистік платформалардың өз елімізде дамуы отандық компаниялар деректерінің ашықтығы мен қауіпсіздігінің кепілі бола алады. Отандық компанияларға тиесілі деректердің шетелдерде емес, отандық «бұлтты» платформаларда сақталуы көптеген мәселенің шешілуіне ықпал етеді», дейді Қасым Есергепов.
«QazCloud» В2В корпоративті клиенттермен жұмыс жөніндегі директоры Мейіржан Омаров бұлтты платформалардың отандық компаниялар, стартаптар үшін тиімділігі жоғары екенін айтты. Отандық IT-нарық дамып келеді дегенімізбен, біздегі платформаларда сервистер аз. Еліміздегі шағын және орта бизнестің 60 пайыздан астамы «Google», «Amazon», «Microsoft», «Yandex.Cloud» сияқты шетелдік сервистер қызметіне жүгінуге мәжбүр. Олардың өңдеу орталықтары Еуропада, Қытайда, басқа да елдерде орналасқандықтан, сервистік деректер де шетелдер аумағында сақталады. Ал софттардың қашықтығы жергілікті компаниялар үшін интернет қолжетімсіз болған жағдайда қолайсыздықтар мен тәуекелдер туғызады.
Бүгінде «QazCloud» платформасында 400-ден астам отандық IT-маман жұмыс істейді. Жергілікті университеттердің түлектері мен студенттері аталған платформада тәжірибеден өтіп, таяу болашақта салада кәсіби мамандардың артуына ықпал етеді. «Осы орайда жоғары оқу орындарындағы студенттермен IT-комьюнитилер өткізу, әртүрлі қоғамдық жұмыстарға тарту, мотивация беру, гранттық жобалар жасау цифрлы технологияларды меңгерген мамандардың өсуіне ықпал етеді. Қазіргі кезде еліміздегі цифрлы нарықтың дамуына IT-мамандардың жетіспеушілігі кедергі болып отыр. Сонымен қатар шетелдік платформаларда жұмыс істеп, тәжірибеден өтіп жатқан ІТ-мамандардың елге келгені маңызды», дейді М.Омаров.
«VK Tech» компаниясының көпжылдық тәжірибесін пайдалану, бұлтқа негізделген платформаларын игеру ел нарығында ІТ-мамандардың жаңа толқынының, заманауи сервистердің дамуына серпін береді. Осы тұста сарапшылардың мына пікіріне назар аудара кеткенді жөн көріп отырмыз. Бүгінде отандық IT-мамандардың біліктілігі жоғары екенін халықаралық цифрлы кеңістіктегі сұранысқа қарап екшеуге болады. Сондай-ақ еліміздің банк секторы, мемлекеттік сервистердің сапасына да өзге елдер тарапынан қызығушылықтың туындап отырғаны мемлекеттің цифрлық саясатының тиімділігі мен IT-мамандар біліктілігінің жоғарылығымен байланысты.
АЛМАТЫ