• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 06 Мамыр, 2023

Қосымша гранттың жүгі

451 рет
көрсетілді

Ұлттық бірыңғай тестілеуге санаулы күндер қалды. Алайда биылғы түлектер білім гранттарынан әлі бейхабар. Тізімді тиісті министрлік жариялаған жоқ. Сарапшылардың уәжіне құлақ түрсек, жыл сайын мамандар тарапынан талқыланып, ұсыныс айтылғанмен, бұл мәселе шешімін таппай келеді. Салдарынан білім саласында мамандарды да, ата-аналар мен түлектерді де әбігерге түсірген «игерілмеген грант» ұғымы пайда болды.

Жақында Ғылым және жоғары бі­лім министрі Саясат Нұрбек батыс өңір­лер­ге өткен жылы бөлінген 10 мың оқу гран­тының 2 500-і ғана игерілгенін хабарлап, себептерін ақпараттық жұмыстардың жет­кі­лік­сіз­дігімен байланыстырған болатын. Өткен жылы 170 мыңнан астам тү­лек еліміздің жоғары оқу орындарының сту­денті атанса, бөлінген грант 90 мың­ға жуықтаған. Көрсеткіш салыстырмалы кезеңге қарағанда 19 пайызға артып отыр. Осыған орай министрлік еліміздегі студенттер санының артқанын негізге ала отырып, 2025 жылға дейін мемлекеттік грант санын жыл сайын 10 пайызға кө­­бейтуді жоспарлаған еді. Бірақ осы жо­лы ведомство басшысы грант көлемін ұл­ғайта берудің тиімсіздігін алға тартты. С.Нұрбектің айтуынша, жеңілдетілген несие жүйесі қарастырылып, гранттарға қа­тысты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Биылдан бастап әр өңірдегі жоғары оқу орнына квоталық гранттар беріліп, бөлінген грантқа нақты оқу орны жауапты болады.

Негізгі айтпағымыз, биыл нау­рыз айында министрліктің «Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқу үшін мемлекеттік білім беру гранттарын беру туралы» бұйрығына сәйкес, ұлттық бірыңғай тестілеу серти­фикаттары балының негізінде кон­­курстық іріктеуден өткен түсу­ші­лерге мемлекеттік білім гранттары берілді. Оқу жылының аяқталуына екі ай қалғанда үлестірілген грант 2022-2023 оқу жылында жоғары оқу орындарына тапсырған түлектер үшін күтпеген жағдай болды. Бүгінде олардың басым көпшілігі өзге оқу орындарында немесе өзі тапсырған оқу орнында ақылы бөлімде, сондай-ақ әкімдіктер бөлген гранттар негі­зін­де білім алып жатыр.

Биыл наурыз айында тиісті ми­нис­трлік бұйрығымен жоғары оқу орын­дарына қосымша грант бөлінді. Осы орайда Сәтбаев университетіне 34 грант бөлініп, оның 28-і игерілді. Оның ішінде «В031-Сән, интерьер дизайн және өнеркәсіптік дизайн» – 9 грант, «В044-Менеджмент және басқару» – 1 грант, «В046-Қаржы, экономика, банк және сақтандыру ісі» – 1 грант, «В073-Сәулет» – 15 грант, «В095-Транспорттық қызмет» – 2 грант бөлінді. Сонымен қатар «В031-Сән, интерьер дизайн және өнер­кәсіптік дизайн» (3 грант), «В046- Қаржы, экономика, банк және сақтандыру ісі» (2 грант), «В075-Кадастр және жерге орналас­ты­ру» (1 грант) мамандықтары бо­­йынша грант иегерлері гранттан­ бас­ тартты. Ғылым және жоғары білім министрлігінің 27 наурыздағы бұй­рығына сәйкес, Абай атындағы ҚазҰПУ-ға барлығы 415 қосымша грант берілді. Оның ішінде игеріл­ме­­ген грант саны – 152.

Осы орайда Астанадағы Қайым Мұха­­медханов атын­дағы №90 гимназия директоры Аятжан Ахмет­жан­ұлының пікірінше, «иге­рілмеген грант» ұғымының өзі дұрыс емес.

– Бұл тиісті ведомство жұмы­­сы­­ның бюрократиялық келең­сіз­дік­тер­­ге ұшырауы мен шалалығының ке­сі­рі. Мемлекеттік грант тізімі түлек құ­жатын оқуға тапсырар мерзімнен кемінде бір жыл бұрын жариялануы қа­жет. Бұл жағдайда конкурстың нақ­тылығы, болашақ түлек таңдаған ма­ман­­дыққа қатысты ақпараттың ашық­ты­ғы маңызды. Сонда ғана грант мәселесі әл­де­қайда жеңіл әрі ретімен жүзеге асады. ҰБТ-ға аз ғана уақыт қалды. Алайда 2023-2024 оқу жылына арналған грант тізбесі әлі жарияланған жоқ. Былтырғы жылдың тамыз-қыркүйек айында биылғы оқу жылына арналған грант тізімі жария етілген бол­са, онда көп мәселе өздігінен шешілер еді. Ал мемлекеттік тапсырыстың осындай жүйесіздігінен мемлекет қаржысына да залал келетіні түсінікті, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Грант тізімінің уақтылы жария­­­­­лан­бауының бір себебі уни­­­­­вер­­­ситеттердің ми­нистрлікке тиіс­­ті ақпараттарды дер кезін­де­ жет­кіз­­беуімен және жеткі­лік­сіз­ді­гі­мен де байланысты екенін атап өт­кен А.Ахметжанұлы осы орайда жо­ғары оқу орындарына еліміздің оңтүс­тігіндегі Жетісайға келіп үгіт-на­си­хат­ жұмыстарын жүргізіп жүрген Ре­сей университеттерінің ісі үлгі дей­ді. Сарапшы уәжіне сүйенсек, бү­гінде түлектердің шетелдегі білім­ге басымдық беруі әрі мақтан ете­ті­ні де құп­тауға болмайды. Бұл да жер­гілікті уни­верситеттердің өз жетіс­тік­терінен жария етпеуінің салдары­нан­ туындап отырған жағдай. Тіп­тен, Ресейдің бірқатар жоғары оқу­ орындарының білім деңгейі ел­де­гі орташа университеттердің көр­сет­кі­шінен төмен бола тұра көрші елде оқу­ға құлшынған жастардың саны азаяр емес. Сарапшының айтуынша,­ оқу­шылар арасында олимпиадалар­ өткізіп жүрген бірді-екілі универ­си­теттер болмаса, Алматыда және Астанадағы университеттер ел мек­тептерін аралап, насихат жүр­гізбейтіні бел­гілі жайт. Бұл жай ғана кемшілік емес, жоғары оқу орындарына студенттің керек емес­тігін, грант санының шектен тыс көп екендігінің, мемлекеттік уни­­версиеттердің саны қуалап кетуі­нің­ айқын көрінісі. Ал оның астарында «студент төрт жыл тыныш жүріп, оқуын бітірсе болды» деген себептің бой тасалап жатқанын жасыра алмаймыз. Оған төрт жылдан кейін дипломы бар сауатсыз мамандардың, жұмыссыздардың көбейіп отырғандығы дәлел. Осы орайда А.Ахметжанұлы «Грантты үйіп-төгудің салдары міне, осындай жағдайларға түрткі болып отыр. Осы кемшіліктерді жою үшін де білім, ғылым саласында екі бірдей министрліктің құрылғаны белгілі. Осы орайда іске асатын мәселелерге орай мамандар тарапынан ұсыныстармен қатар мәселенің күрделене түсетіні, бюрократиялық кедергілердің де орын алатыны ескертілген болатын. Әзірге нәтиже көңілге қонымды емес. Мұндай жағдайда тіптен Президент тарапынан айтылған мәселелердің де талқыға салынуы демократиялық қадамдардың көрінісі болатыны анық», дейді.

Елімізде жемқорлықтың тамырына балта шабылмай, таныс-білістікпен жетістікке жету үрдісі тоқтамай, мем­лекеттік үлкен қызметтерге бару жем­қорлықпен немесе «ұрпақ жал­­ғас­ты­ғы» сияқты белең ала бере­тін болса, талант­тылардың сырт­қа шашылғаны шашылған. Осы мәселені алға тарта отырып, сарап­шы грант үлестіруде «өгіз де өлмей­тін, арба да сынбайтын» мынандай жол­дар бар дейді: Яғни стипендия­ төленетін шамамен – 30 мың, стипен­дия алмай­тын, оқуға ақша төлемейтін – 50 мың, оқу ақы­­сының 50 пайызын мемлекет төлеп беретін тәсілдерге қол жеткізсек, бұл уни­­­верси­тет үшін де қолайлы, студенттің де жауап­кер­шілігін арттыратыны анық. Нәтижесінде, мемлекетке түсетін сал­мақ та біршама жеңілдейді. Ал ұлттық, ел­дік ерек­шеліктерді қа­перге ала отырып, қа­зір­гі ішкі-сыртқы демографиялық ахуалды ескеріп, кейбір универсиеттерді басқа өңірлерге көшіру арқылы студент­тер­ көп шоғырланған аумақтар жү­гін жеңілдетуге әрі жатақхана жетіс­пеу­ші­лігін де реттеуге болады.

«Joo.kz» компаниясының директоры Қанат Өксікбаевтың пікірінше, білім гранттарын үлестіру, жариялау мерзімі заңнамалық құжаттармен бекі­тілуге тиіс. Өйткені қолданыс­та­ғы заңнамада ескеретін тұстар бар­шылық. Игерілмеген грант мәсе­ле­сіне қатысты кәсіби мамандар үне­мі­ ұсыныс білдіріп келеді. Алайда әлі күнге нәтиже жоқ. Игерілмеген грант үрдісіне тосқауыл қоюдың жолы – мақсатты грант, білім топтары­на­ қатысты ақпаратты жел­тоқсан емес, тамыз айының соңында жария ету.­ Осы орайда грантты жариялау уақы­ты­ мен ережесін қайта қарап, нақтылау уа­қыт күттірмейтін мәселе. Ал егер қазір­гі үрдіс қайталана беретін болса,­ мұның салдары жемқорлыққа соқ­ты­руы­ мүмкін.

– Мақсатты гранттың кеш жариялануы, әсіресе шығармашылық ма­мандықтарға тапсыратын түлек­тер­ үшін тиімсіз. Бір жоғары оқу орны келесі бір оқу орнының нәти­же­сімен қабылдамайды. Бұл түлек­тер құқығын шектеумен­ пара-пар. Ал тиісті органдар грант тізі­­мінің кеш жариялануын түр­лі­ министрліктерден қандай ма­ман­­д­­ықтарға қажеттілік бар еке­ні­не қатысты ақпараттардың ке­ше­уіл­деуімен байланыстырып жүр. Сон­дық­тан бұл мәселені де заң аясында қарастырып, жоғары оқу орын­да­ры­ның да жауапкершілігін күшейту қа­жет. Мемлекеттік порталда қыс айла­рында тізімде тұрған мамандық жаз айында тізімнен түсіп қалып жататын жағдайлар да кездеседі. Оның себебі университеттердің аттестациялануымен де байланысты болуы мүмкін. Бірақ мұның салдарын түлектер көреді. Тіптен, кей­бір жоғары оқу орындарының қыз­меткерлері нақты қандай маман­дық­тар­дың бар екендігінен де бейхабар. Ендігі кезекте уни­верситеттер алдында абитуриент­ тар­ту мақсатында жарнамасын жа­сап, жүйелі жұмыстар жүргізу мін­де­ті тұр, – дейді Қанат Өксікбаев.

«Qazbilim» компаниясының жоба­лар директоры­ Гүлбану Қанай да грант тізі­мінің кешеуілдеуі мектеп түлек­те­­рінің дайындығына қиындық ту­ғы­зады деген пікірде. Қазіргі кез­де болашақ түлектер ҰБТ-ға­ да­йындық үстінде. Таңдау пәні де­ белгілі. Алайда мамандықтар бойынша берілетін гранттар тізімі белгісіз. Г.Қанай атап өткендей, Президент тапсырмасына орай жыл сайын грант саны көбейіп келеді. Негізінен дайындыққа 11-сыныпта­ күш­ салынатындықтан, білім гранттарына қатысты мәліметтер оқу жы­лының басында белгілі болуы­ керек. Ал шығармашылық маман­дық­тарды таңдайтын түлектер үшін мүлдем қиынға соғады. Олар өзі таңдаған мамандық бойынша тек бір ғана жоғары оқу орнына құжат тапсыра алады. Ал грант саны кеш шыққанына байланысты таңдалған жоғары оқу орнында грант болмауының ықтималдығы жоғары. Салдарынан оқу­ға түсе алмаған түлек те, ата-анасы да әбі­герге түседі. Мысалы, 2021 жылы «Жал­пы медицина» мамандығына бөлінген грант саны бірден 2 147-ден (2020 жылы) 1 575-ке дейін, яғни 572 грантқа кеміп кет­кен. Пандемиядан соң бұл салаға қажеттілік артады деп бол­жан­­ған. 2021­ жы­лы «Ақпараттық қа­уіп­­сіздік» мамандығына 2020 жыл­­ға қарағанда 1 552­ грант көп бөлі­­ніп, жалпы саны 2 152-ге жетті. Бір­ мамандықтың грант са­ны 500-1 500-ге дейін өзгеріп кетуі және мә­лі­мет­тің құжат қабылдауға 1 апта ғана­ қалғанда жария болуын қалай түсі­ну­ге болады?

– Соңғы жылдары Ұлттық тес­ті­леу орталығы жыл сайын кейбір қо­сым­ша білім беру орталықтары мен ҰБТ бағытында жұмыс істеп жүрген мамандарды шақырып, осы саладағы мәселелерді талқылайды. Бірақ грант саны туралы бірнеше рет талқыға түсіп, жыл сайын уәде берілгенмен, мәселе әлі шешілмей келеді. Салдарынан грантты бір жылда бірнеше рет тағайындау жүреді. Себебі дәл алдыңғы мысалдағыдай бөлінген грант саны мен соған сәйкес бейінді пәндерді таңдаушылар қатынасы сәйкес келмей қалады. Содан бір мамандықта бір грантқа 5 талапкерден келсе, енді бірінде 50 балл алғандар да оқуға түсіп, түлектер үшін әділетсіздіктер орын алуда. Өткен жылы да грант саны туралы алғашқы ақпараттар мамыр айында шыққанымен, соңғы нақты тізім және квоталар саны тек грант конкурсы басталар кезде ғана белгілі болды, – дейді Гүлбану Қанай.

Осы орайда сарапшы өткен жылы­ грант конкурсына байланыс­ты­ мынадай өрескел қателіктер орын­ алғандығын да алға тартты: «6B01 Педагогикалық ғылымдар» және «6B10 Денсаулық сақтау» білім беру бағдарламалары тобын таңдаушы талапкерлерге арнаулы­ ем­тихан, психометриялық тест тап­сыруы қажет болды. Емтихан офф­лайн форматта өтті. Айта кете­тін мәселе, бұл емтихандарды­ бар­лық жоғары оқу орындары ұйым­дас­ты­ра бермейді. Себебі медицина маман­дық­тарын оқытпайтын оқу орындары үшін ол тестті өткізу тиімсіз. Ал кейбір аймақтарда мұндай тест қабылдайтын университеттер мүл­дем­ жоқ. Сондықтан аудан, ауылда тұра­тын оқушылар басқа қалаға барып тапсыруға мәжбүр болды. Тест 2018 жылдан бері өткізіліп келеді әрі формальды емтихан ретінде қабыл­да­нады. Сондықтан мұндай қажетсіз тест­ үшін қайта-қайта баланы да, ата-ананы да сенделтудің қажеті ша­малы.

– Ақпараттар жүйесі орталық­тан­ды­рылмағандықтан, жоғары оқу орындары өз қалауына орай қи­мыл­дауда деуге негіз бар. Конкурс бас­талмай, нақты ақпарат белгілі бол­май жатып, «құжатты оффлайн тап­сыру керек» деп түлектердің құ­жаттарын алып қалатын оқу орын­да­рының да бұл ісі дұрыс емес. Соның салдарынан 120 балл алып тұрып, грантқа түсе алмай қалған жағдайлар орын алды. Қабылдау комиссиясындағылардың қате­лігінен неге түлектер сергелдеңге түсуі тиіс? Бұл­ жерде таңдау реті маңызды рөл ат­қа­рады. Сонымен бірге ҰБТ 5 шіл­­де аяқталатын болса, апелляция нәти­жесі 11-іне дейін шығады. Ал кей­бір жоғары оқу орындарында арнаулы емтихан уақыты маусымда аяқталды. Осы орайда конкурсқа құжат тапсыру, арнаулы емтиханды өткізу сияқты мәселелерді толық онлайн форматқа ауыстыруды қажет деп санаймын. Түлектерде бірнеше жоғары оқу орынын таңдау құқығы болғандықтан, құжат қабылдау жүйесіне де бірізділік керек, – дейді Г.Қанай.

ТҮЙІН: Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, «бака­лавр» және «магистр» дәрежесі бері­летін жоғары білім алуға респуб­ли­калық бюджет қаражаты есебінен ақы төлеу үшін білім беру грантта­ры­ оқуға түсушілер өтініш берген­ білім беру бағдарламалары топ­та­рының кезектілігіне, тестілеу нәти­желеріне сәйкес білім беру бағ­дарламаларының нақты топтары­ бо­йын­ша конкурстық негізде беріледі. Жал­пы конкурстағы білім беру гранттары белгілі бір жоғары оқу орнына бекі­тілмейді және түлектер таңдаған жо­ғары оқу орнына бөлінеді. Осыған бай­ланысты тиісті министрлік білім беру бағдарламаларының нақты топтары және оларға бөлінген гранттар са­нының кеш жариялануына қатысты ай­тылған пікірлерді негіз деп санайды. Сондай-ақ кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тап­сырысы Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі ұсынған ел экономикасының салалары үшін кадр­ларға қажеттілікке ортамерзімді бол­жам негізінде қалыптастырылады. Бұ­дан басқа мемлекеттік тапсы­рыс­ты қалыптастыру кезінде мем­ле­кеттік бағдарламалардың не­гіз­гі­ көрсеткіштері, экономика сала­­ларының үрдістері, сондай-ақ «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы ұсын­ған­ қажеттіліктер ескеріледі.