• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 10 Мамыр, 2023

«Дос-Мұқасанның» деканы

241 рет
көрсетілді

Былтыр елімізде «Дос-Мұқасан» көркем фильмі көрерменге жол тартты. Бұл 1967-1974 жылдардағы Қазақ политехникалық институтының Автоматика және есептеу техникасы факультеті студенттерінің вокалдық-аспаптық ансамблінің құрылуына, қалыптасуына және оның музыкалық-тәрбиелік маңызын елге таратуға арналған туынды болатын. Онда техникалық оқу орны студенттерінің республикада үздік музыкалық ұжым ұйымдастырғаны, бүкілодақтық байқаулардың жеңімпазы атанып, еліміздің эстрададағы аңызға айналғаны көрсетілген.

Аталған туындыда факультет деканы Баян Рақышевтың есімі бірнеше рет аталады. Атап өту керек, Б.Рақышев 1967-1974 жылдары Автоматика және есептеу техникасы факультетінің деканы, кейіннен Қазақ политехникалық институтының ректоры, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің құрметті ректоры болған. Сондай-ақ ол – Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Әйгілі музыкалық ұжымның қалыптасуында оның рөлі ерекше. «Дос-Мұқасанның» деканы болған Баян Рақышев әйгілі ансамбльдің құрылуына қатысты тың деректермен бөлісті.

– 1966 жылдың соңында Қазақ поли­техникалық институтының оқу жөніндегі проректоры Өмірбек Жолдасбеков Автоматика және есептеу техникасы факультетін басқаруды ұсынды. Осыған дейін Жезқазған тау-кен металлургия және Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинаттары карьерлерінің жұмыс жүргізу қызметтерін тексеру жөніндегі екі комиссияның құрамына енген болатынмын. Сондықтан Қоңырат кенішінде жарылыс жұмыстарын қауіпсіз жүргізу бо­йынша Балқаш тау-кен металлургия комбинатымен екі келісімшарт жасасқанымды әрі базалық білімім автоматика және есептеу техника мамандарын даярлауға сәйкес келмейтінін айтып, бас тарттым. Өмірбек Арысланұлы өзінің де автоматика және есептеу машиналары бойынша маман емесін, бірақ біз өткізіп жүрген пәндер аталған мамандықтардың негізі, олардың білімі осыдан басталатынын айтты. «Теориялық механиканы, пәндердің өзара байланысын жақсы меңгердің, ұжымның тілін тауып, әріптестер арасында беделге ие болдың, енді біраз уақыт ұжымға да жұмыс істеуің керек», деді. Сонда да келіспедім. Алайда екінші семестрдің басында институттағы партия комитетінің отырысына шақырып, ректор Г.Ескіргеновтің көзінше партия комитеті менің кандидатурамды Автоматика және есептеу техникасы факультетінің деканы лауазымына ұсынатынын айтты. Бұл – басшының сөзін тыңдамағандарға қолданылатын белгілі әдіс. Сонымен 1967 жылдың наурызынан бастап 1963 жылы ұйымдастырылған Автоматика және есептеу техникасы факультетінің төртінші деканы болып бекітілдім. Факультеттің бірінші деканы жоғарыда айтып өткен Ө.Жолдасбеков, одан кейін П.Шамин және М.Зуб болған, – дейді Баян Рақышев.

Оның айтуынша, Автоматика және есептеу техникасы факультеті ол кезде республикадағы ең мәртебелі, ең беделді, ең қажетті оқу саласы болған. Мамандар әлі даряланып шықпағанмен, «Автоматика және телемеханика», «Машина-санау құралдары» мамандықтарын таңдаған студенттер мен олардың ата-аналары бұл мамандықтардың ғылымды қажет ететін, жоғары технологиялық, келешегі зор бағыт екенін бірден білген. «Сондықтан конкурс әрқашан жоғары болатын. Бір орын үшін 10-нан аса адам таласқа түсетін. Айталық, 1966 жылы жоспарланған 125 орынға 120 медаль иегері құжат тапсырған. Міне, осыдан-ақ «Дос-Мұқсанның» ителлектуал­ды деңгейі қандай биік болғанын аңғара беріңіз. Баян Рақышұлы үлгерімі жоғары студенттерді ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту жұмыстарына, спортқа және әуесқой көркемөнерпаздыққа көбірек тартқан. «Дос-Мұқсанның» да алғашқы қадамы осылай басталған.

– Жиындардың бірінде комсомол бюросының хатшысы Қамит Санбаев Қазақ политехникалық институтының әуесқой көркемөнерпаздар байқауына екінші курс студенттерінің квартетін да­йындау нәтижесі туралы баяндады. Оның айтуынша, бастауыш музыкалық білімі бар Досым Сүлеев өзінің курстастары Мұрат Құсайынов, Мейірбек Молдабеков, Шәріп Омаровқа нотаның негіздерін үйреткен. Олар гитарада ойнауды игерді. Қазақтың танымал халық әндерін бірге шырқайды. Қысқасы, жігіттер 1967 жылғы институт фестивалінде лайықты өнер көрсетуге дайын. Қатысқандардың барлығы Қамит Санбаевтың ұсынысын қолдап, алдағы байқауда табыс тіледі. Айта кету керек, аталған топтың сол кездегі ұйымдастырушысы әрі шабыттандырушысы Қамит болатын. Ол – оқу ордасына адал, жоғары интеллектуалды, сүйкімді, қарапайым жігіт. Вокалдық-аспаптық ансамбльдің одан әрі қалыптасуы мен дамуына байланыс­ты барлық мәселені өзара келісіп шешіп отырдық, – дейді ол.

Сондықтан студенттер ансамбльдің қалып­тасуындағы деканның орны мен­ рөлі туралы толық біле бермеген­ және сол кезде оған аса бір көңіл де аудармаған. Сонымен 1967 жылы Қазақ политехникалық инсти­тутының көркемөнерпаздар байқа­уында беделді қазылар алқасы «автоматчиктер» ансамбліне бірінші орынды тапсыр­ды. Бұл орындаушылардың беделін арттырды. Оларды клубтарға, түрлі кештерге шақыра бастады. Жаңа заманауи музыкалық аспаптар қажет-тін. Оларды сатып алуға керек қаражатты жинау үшін деканның нұсқауы бойынша 1967 жылдың көктемінде Алматы қаласының көкөніс қоймаларында картоп өңдеуге арналған факультет студенттерінің комсомолдық сенбілігі ұйымдастырылған. Түскен ақшаға Қамиттің курстасы Саша Ривлин Мәскеудегі таныстары арқылы қажетті музыкалық аспаптар мен күшейткіш аппаратураны (электронды гитара, саксофон және ұрмалы аспаптар) тауып, бір апта ішінде оны Алматыға жеткізген.

Жаңа аспаптармен «қаруланған» вокалдық-аспаптық ансамбль мүшелері 1967 жылдың жазында еліміздің белгілі сту­денттік құрылыс қозғалысының бел­сен­дісі, факультеттің комсомол ұйымының хат­шысы Қ.Санбаевтың жетекшілігімен Павлодар облысының Баянауыл кең­шарында құрылыс жұмысына кірісті. Әрине, олардың жұмыс күні әнмен, бимен аяқталып отырды. Олар басқа облыстар мен елдерден келген студенттердің алдында өнерлерін паш етті. Тыңдаушылар «автоматчик» студенттердің ұлттық, эмоционалды қойылымдарына таңғалды, қолдау білдірді. Олар құрылыс отрядтарының жауынгерлерінің кумиріне айналды. Ансамблді «Автоматчиктер» деп атауы да бекер емес. Ол кезде «Дос-Мұқасан» атауы қойылмаған болатын. Осы халық­аралық құрылыс жасағында жұмыс істеген Мажарстаннан келген студенттер­ ерекше таңғалды. Олар ансамбль ұжымын «Дос-Мұқасан» деп атауды ұсынды. Мажарстан студенттер құрылыс отрядының командирі Яноги Карпати «Бұл атауды қалай ойлап таптыңыз?» деген сұраққа былай деп жауап берді. «Бұл атау орындаушылардың есімдерінің алғашқы буындарынан шыққан: Дос – Досымнан, Мұ – Мұраттан, Қа – Қамиттен, Сан – Санядан (Александр) алынды». Топтың құрамы бірнеше рет өзгеріп, ансамбль 1974 жылы кәсіби мәртебеге ие болғанымен, атауы сол күйі сақталды. Бұл сапарда вокалдық-аспаптық ансамбль ұжымы толығымен аяғына тұрды. Оның музыкалық жетекшісі Досым Сүлеев ансамбльдің көшбасшысы болып мойындалды.

«Дос-Мұқасан» ансамблінің тез арада осындай деңгейге көтерілуіне негізгі себебі таңдап алған музыкалық жанрдың бағытында жатыр. Яғни заманауи электронды аспаптардың сүйемелдеуімен қазақтың халық және заманауи әндерін өңдеу әрі орындау. Былайша айтқанда, қазақтың алтын қорын жастардың тілегіне сай жарқыратып көрсету. Бұған сүбелі үлес қосқандар қатарында ансамбльдің дербес ақыны, Қазақ политехникалық институтындағы «Бәйшешек» әдеби үйірмесінің негізін қалаушылардың бірі, әйгілі «Той жыры» әнінің авторы, факультет студенті У.Сыдықов, ансамбльдің иллюзионисі, тау-кен факультетінің студенті Н.Буктуков, «Алатау» сияқты халық әндерінің шебер орындаушысы, профессор У.Мақанов бар.

1968-1969 жылдары ансамбль бүкіл елге танымал бола бастады. Қазақстанның музы­калық эстрадалық өміріндегі жаңа­ құбылыс ретінде қабылданды. Респуб­ли­каның ірі қалалары мен облыстарына, Кеңес одағының басқа республикаларына гастрольдер көбейді. Осыған байланысты ансамбльді батыста кең таралған электронды музыкалық аспаптардың жаңа буынымен жаңарту қажеттілігі туындайды. Осыған орай 1970 жылдың басында Қамит Санбаев деканға келіп, бесінші курс студенттерінің жаңа құралдарды сатып алу туралы өтінішін жеткізеді. Оған 25 мың доллар қажет екен. Ол кезде бұл үлкен сома әрі мұндай мәселе жоғары білім министрлігінің бюджеті арқылы шешілмейтін. Шешімнің жалғыз жолы – өнеркәсіптік министрліктер арқылы демеуші табу.

– Осы өтінішпен Қазақстанның түсті металлургия министрінің өзіме таныс орынбасарына бардым. Ол ірі комбинаттардың бірінің директоры министрге тиісті өтінішпен жүгінуі керек деп кеңес берді әрі істің шешімін бақылауды өз мойнына алды. Парткомның бұрынғы хатшысы Тельман Жақыпов екеуміз Текелі қорғасын-мырыш комбинатының директоры Ибрагим Еделбаевпен кездесу үшін арнайы Текелі қаласына бардық. Ибрагим Баймұратұлы біздің институттың түлегі әрі іскерлік байланыс­та едік. Оған «Дос-Мұқасан» ансамбліне қажетті электронды-музыкалық аспаптарды сатып алуға 25 мың доллар бөлінгені туралы баяндадық. Түсті металлургия министрлігімен болған ұзақ келіссөзден кейін ол демеушілік көмекке рұқсат алды. Бір жылдың ішінде аспаптар қолымызға тиді, – деді Баян Рақышұлы.

«Дос-Мұқасан» ансамблі ұжымының өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылысын сол кездегі Қазақ политехникалық инс­ти­тутының ректоры А.Омаров, партком хат­шылары Д.Кішібеков пен Т.Әлжанов және ҚазКСР Жоғары және орта білім министрлігінің басшылары үнемі қолдап отырған. Қазақ ұлттық музыка өнерінің білгірі, дос-мұқасандықтардың нағыз жанкүйері, доцент Т.Салибаев та өз үлесін қосты.

1967-1974 жылдардағы Автоматика және есептеу техникасы факультеті түлектерінің кәсіби қызметтегі жетістіктері де қомақты. 40-қа жуық түлек физика-математика, техника және экономика ғылымдарының докторы атанған. Осы жылдары факультет­ өзінің даму шыңына жетті. Бұл кезең Баян Рақышевтың факультетті басқару мерзімімен сәйкес келеді.

 

Дарын СЕЙІТОВ,

журналист