Жетісулық шаруа қожалықтары жұмысшыларының табысы мен санын жасырған. Мәселен, өңірде 19 931 шаруа қожалығы тіркелсе, кірістер департаментінде 19 239 тұр. Қалған 692 қожалық санда бар да сапада жоқ. Кейбір кәсіп иелері артық салық төлеуден осылай амалдаса керек. Қазір департамент мамандары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Осыған сәйкес, иелігінде 100 гектардан астам жері және ауылшаруашылық техникасы бола тұра жұмысшылардың санын көрсетпейтін 1 226 қожалыққа талап қойылды. Олар жалдамалы жұмысшыларды тіркеуге міндеттелді.
«Ауыл шаруашылығы саласында тағы бір өзекті мәселе – жұмысшылардың табысы мен санын жасыру фактілері орын алып отыр. Ол өз кезегінде өзін өзі қамтығандардың санын арттырады. Талдау нәтижесінде кірістер департаменті мен статистика департаменті арасында ауытқулар бары анықталды. Статистика бойынша 19 931 шаруа қожалық тіркелсе, кірістер департаментінде – 19 239, айырмашылық – 692 қожалық. Бұл ең алдымен ауылдық округ әкімдерінің жергілікті жерде шаруашылық кітабын дұрыс толтырмайтынын және жаңартпайтынын көрсетеді. Бұл өз кезегінде статистиканың жалған деректеріне әкеледі», дейді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.
Оның айтуынша, 194 шаруашылық 335 жұмысшыны тіркеп, декларация тапсырды, нәтижесінде, жұмысшылардың әлеуметтік төлемі қамтылды. Зейнетақы қорына 11 млн 368 мың теңге, медициналық сақтандыру мен әлеуметтік аударымға 4 млн теңгеден аударылған. Дегенмен иелігінде айтарлықтай мал саны және көлігі бола тұра жұмысшылардың санын аз көрсеткен шаруашылықтардың тізімі жасалып, аудандардағы кірістер департаментінің бөлімшелеріне жіберілді.
Биыл өңірде ауыршаруашылық саласына 46 млрд теңге қаражат қарастырылған, оның ішінде өндірісті субсидиялауға – 23,2 млрд теңге, «Ауыл аманатына» – 3,2 млрд теңге және «Үлкен жобалар» бағдарламасына – 2,0 млрд теңге бөлінген. Оған қоса су шаруашылығы объектілерін жөндеуге – 7,1 млрд теңге бағытталған. Оның сыртында, «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» ұйымдары арқылы тауар өндірушілерді несиелендіруге 10 млрд теңге жұмсалмақ.
Ал егін шаруашылығында дақылдардың егу көлемі 1,9 мың гектарға артып, 519 мың гектарға жететін болады. Қазіргі уақытта көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде, шаруашылықтар тұқым, минералды тыңайтқыш пен дизель отынымен толық қамтылған.
Егін дегеннен шығады, мәселен Панфилов ауданында жалпы 44 350 гектар жерге әртүрлі дақылдар мен көкөністер өсіру жоспарланды. Оның ішінде егін шаруашылығында негізгі жетекші дақыл жүгерінің егістік көлемі 26 620 гектарды қамтымақшы. Бұдан басқа мың гектарға жуық арпа, бидай, 920 гектарға картоп, 595 гектар жерге көкөніс, 130 гектарға бақша, 115 гектарға көпжылдық шөп, 36 гектар күнбағыс өсіру көзделуде. Көктемгі егіс жұмыстарына 665 тонна жүгері, 79,6 тонна арпа, 103,4 тонна бидай тұқымдары дайындалған.
Жүгерішілер жылдағыдай сәуір айының алғашқы аптасынан бастап алдымен егіс алқаптарын суғарып алып, одан соң іле-шала жер жыртып, тұқым себуді бастап кеткен болатын. Оған дейін топырақ жылуын талғамайтын жаздық бидай, көп және бір жылдық шөп, картоп, майлы дақылдар егу жұмыстары қолға алынып, жоспарланған іс тиянақты атқарылды.
Егіншіге мәлім, құйқалы құнарлы жер ғана – жомарт. Аудандағы егін егілетін суармалы жердің бәрі дерлік табиғи құнарынан айырылған. Сондықтан тәжірибелі егіншілер тыңайтқыштарды молынан пайдалануға үміт артады. Ал мемлекеттен жүгері өсіруге жеңілдікпен бөлінетін минералды тыңайтқыш сатып алу жоспары 8 403 тонна болса, бүгінгі күнге дейін нақты сатып алынғаны 5 500 тоннаға дейін жетті. Ақтау қаласындағы «ҚазАзот» кәсіпорны мен Тараз қаласындағы «Қазфосфат» зауытымен 2 525 тонна тыңайтқыш алуға келісімшарт жасалған.
Бүгінде Алтынкөл стансасына 22 вагон тыңайтқыш жеткізілді. Бұл биыл өсірілетін жүгері алқабын құнарландыра түсуге жеткіліксіз. Жүгерішілерге нақты мүмкіндігіне қарай жоспарлағандағыдан екі есе артық минералды тыңайтқыш қажет. Бұл орайдағы тапшылық тауқыметін егіншілер «құрыққа сырық жалғап», мал қораларынан шыққан көңді алқаптарына шашып амалдап жүр. Биыл аудан бойынша жалпы 33 000 тоннадан астам органикалық тыңайтқыш егістіктерге сіңірілді.
Егіншілер дала өндірісінің жаңа технологияларын қолдануға ерекше ден қойып келеді, әсіресе тамшылатып суару әдісі тиімділігін танытып тұр. Аудан бойынша 2 128 гектарға тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілі қолданылады. Оның ішінде «Жаркент-фрукт» ЖШС 1 050 гектар жеміс бағын, «Көктал-Агро» ЖШС 303 гектар егістік алқабын тамшылатып, 300 гектар көпжылдық шөбі мен жүгерісін жаңбырлатып суаруды бастағалы төрт жыл болса, өткен жылдан бастап Қоңырөлең ауылдық округінің диқандары 72 гектар көпжылдық шөпті жаңбырлатып суаруды қолға алды. «ОТ Агрохолдирг» ЖШС 250 гектар, «Нұрқайрат» ЖШҚ 40 гектар алқабына жаңбырлатып суару әдісін пайдалануда. Бұлардан басқа «Айкерім», «Айсұлтан», «Илманов.Қ» қожалықтары да жаңа технологияны қолдана бастады. Бұл егін суаратын суды үнемдеуге айтарлықтай көмегін тигізіп келеді.
Панфилов ауданындағы жүгері егістігінің көлемін игеру толықтай техникаға тәуелді. Сондықтан өңірдегі жеке шаруа қожалықтары тапқан табысының басым бөлігін ауылшаруашылық техникаларын сатып алуға жұмсап жүр. Яғни өңірде жер өңдейтін тегеурінді темір тұлпарлардың паркі жыл өткен сайын жаңаруда. Үстіміздегі жылы көктемгі егін егу науқанына ауданда жалпы 1 231 бірлік ауылшаруашылық техникалары қатысады. Бұдан тыс үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында ғана жаркенттік шаруалар 110,6 млн теңгеге ауылшаруашылық техникасын сатып алды.
Ал мал шаруашылығында негізгі мәселенің бірі – жылма-жыл қаражат жетіспеушілігі. Мысалы, 2022 жылы сатып алынған жем-шөпке биыл 2,4 млрд теңге субсидия төленді. Яғни осы салаға ағымдағы жылға бөлінген жалпы қаражаттың 40 пайызын алып отыр. Облыста мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, 2027 жылға дейін жалпы құны 46 млрд теңгеге 55 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Жетісу облысы