• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Құрылыс 11 Мамыр, 2023

Сарқандағы құрылыс қарқыны

364 рет
көрсетілді

Жетісуда биыл құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Пандемияның кесірінен тоқтап қалған кейбір нысандар еңсесін көтере бастады. Мәселен, осы жылы Сарқан ауданында бірнеше әлеуметтік-мәдени орындар ел игілігіне берілмек.

Биыл Көктерек, Алмалы ауылдарында Мәдениет үйі, Бірлік, Тополевка ауылдарында жаңа мектеп бой көтеретін болады. Бұл тұрғындардың көптен айтып жүрген тілегі еді. Қазір мамандар күн-түн демей жұмыс істеп, нысандарды мерзімді уақытында тапсыруға күш салып жатыр.

Бірлік ауылында «Құ­рылысшы ТБС» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі қолға алған 25 орындық шағын орталығы бар 120 оқушыға арналған жаңа мектептің құ­рылысы жалғасып жатыр. Құрылыс жұмыстары алдыңғы жылдың қараша айынан бас­тау алса да қымбатшылыққа орай өткен жылы нысанның жобалық-сметалық құжатта­масына түзету енгізілген. Со­ған қарамастан бүгінде жо­баланған ауқымды жұмыстың дені реттеліп, жаңа оқу жылына дейін шәкірттерге мектеп есігі айқара ашылатын болады.

«Қазандық пен стадионның салынуы және аумақтың абаттандырылуын қосқанда мектеп құрылысының жалпы құны – 1 млрд 389 млн 520 мың теңге. Биылға дейін осы қаржының 749 млн 451 мыңы игерілді, жұмыс жоспарға сай жүріп жа­тыр», дейді құрылыс, архитектура және қала құрылысы бө­лімінің басшысы Мұратбек Рымбаев.

Бірлік орта мектебінің қ­азіргі балалар оқып жүрген екі қабатты ғимараты 1971 жылы салынған. Онда акт за­лы мен спорт залы жоқ. Орын жетіспейді, сондықтан мұн­дағы 123 оқушы екі ауысымда оқуға мәжбүр. Олардың көз алдарында қабырғалары биіктеп, күннен-күнге әрленген заманауи мектептің пайдалануға бе­рілер сәтін асыға тосып жүр­гені даусыз.

Қабырғалары әрленіп, шатыры қағылып, электрмен жаб­дықталып, жылу трассасы, кәріз жүйесі толықтай іске қо­сылып алыстан көз тартатын ғимараттың өңдеу жұмыстары белгіленген мерзімде жүзеге асырылса, тамыздың аяғында берілмейтін несі қалды?

Учаске жетекшісі Марат Ілиясовтың айтуынша құры­лысқа 60 жұмысшы тартылып, 7 блоктан тұратын нысанда шәкірттер үшін барлық жағдай қарастырылған деседі.

Екіаша ауылдық окру­гіне қарасты Тополевка ауы­лын­­дағы 25 орынды шағын ор­талығы бар 80 оқушыға ар­налған мектеп құрылысына бюджет қоржынынан 1 млрд 315 млн 497 мың теңге бөлі­ніпті. Осы қаржының жартысына жуығы игеріліп, мердігер тамыз айының басында жаңа нысанды пайдалануға беруді көздеп отыр.

Мұнда да 48 адам, 7 техника жұмылдырылып, қауырт жұмыс қызған шақ. Үш қабатты мектептің шатыры жабылып, терезе блоктары орнатылып, әрлеу жұмыстары талапқа сай жүргізілуде. Су құбыры, кәріз және жылу жүйелері жұ­мыс істеп тұр. Ішкі әрлеу жұ­мыстары қарқынды жүріп, спорт алаңдарына асфальтбетон төселіп, жоба талабына сәй­кес салынып жатқан еңселі жаңа нысан білім теңізіне бой­лауды мақсат тұтқан жас өрен­дердің алтын ұясына айналары сөзсіз.

Келесі аялдаған нысан – Алмалы ауылында құрылысы жүріп жатқан мәдениет ошағы. Учаске жетекшісі Қайрат Ра­хымбердиевтің айтуынша қазынадан 503 млн 710 мың теңге бөлініп, 30 шақты аза­мат жұмысқа тартылып, 140 орынға лайықталған мәде­ни-тұрмыстық нысан құ­ры­лысының 40 пайызы орын­далған. Ағымдағы жылдың шілде айының басында Мә­де­ниет үйін қолданысқа беру жоспары тұр.

Ал аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас­шысы Дамир Каиповтың сөзінше аталған нысанға 23 млн 159 мың теңгеге мате­риалдық-техникалық базаны жабдықтау жоспарлануда. Ауылдық Мәдениет үйі қызметкерлерінен бөлек кі­тапханашылар да осында орналасады. Мәдениет нысанына 14 штат бірлігі қарастырылып отыр. Жертөлесінен тренажер залы ашылып, ол жерге теннис үстелін орнату да жоспарда бар. Өткен ғасырдың 1967 жылдары салынған ғимаратты «ГрадСтройСервис» ЖШС қазіргі заманға сай өрнектеп, қалыпқа келтіретін күн де алыс еместей.