Шымкентте 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне тұспа-тұс келген Ұлттық теннис орталығындағы Juniors Billie Jean King және Дэвис кубоктары үшін жасөспірімдер арасында Азия және Океания елдерінің Әлем чемпионатына іріктеу турнирі де өз мәресіне жетті. Халықаралық жарыста әлемнің 16 мемлекетінен 48 спортшы бақ сынады. Олардың ішінде Қазақстан құрама командасының мүшелері, Әлем кубогының, Азия чемпионатының және Халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды.
Өз кезегінде қала әкімі Мұрат Әйтенов турнирдің салтанатты ашылуында қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл чемпионаттың жастарымыздың спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, теннисте жаңа белестерді бағындыруда маңызы зор екенін атап өткен еді. Шаһар басшысы жарыстың жас өрендердің тенниске қызығушылығын арттыратынына мол сенім білдірді.
Сонымен 16 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Juniors Billie Jean King кубогы (командалық әлем чемпионаты) Азия – Тынық мұхиты аймағы бойынша іріктеу турнирінің ақтық сынында Ярослава Шведованың шәкірттері жарыстың бірінші ракеткалары – Жапония құрамасына есе жіберіп алғанымен, алғаш рет командалық әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды. Оның алдында Қазақстан қыздар құрамасы Billie Jean King кубогінің бес дүркін чемпионы Аустралия командасын 2:0 есебімен ұтқан еді. Енді ұлттық құрама тамыз айында Чехияда өтетін теннистен әлем чемпионатында бақ сынайды. Оған осы жарыста алғашқы үш орын алған топтар ғана қатысады. Былтыр Қазақстан құрамасы Үндістандағы жарыста 4-орын алып, әлемдік теннис додасына қатысуға мүмкіндіктен айырылып қалған еді. Биыл олжа салып, әлемдік чемпионатқа жолдаманы жеңіп алып тұр.
Осы қуанышқа орай Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов өз пікірін білдірді.
«16 жасқа дейінгі қыздар құрамасын әлем чемпионатына жолдама алуымен құттықтаймын. Команда өз жерімізде іріктеу сатысынан сәтті өтіп, күшті құрамаларды жеңді. Әсіресе, жартылай финалда жасөспірімдер арасында Билли Джинг Кинг кубогінің бес дүркін чемпионы – Аустралиядан басым түскені таңғажайып оқиға. Финалдағы тартысты бәсекеде Жапонияға жол бергенімен, басты міндет орындалды. Алғаш рет 16 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатына шықты. Осы жарыста бапкерлер үмітін ақтаған жасөспірім қыздар жоғары деңгейде өнер көрсете білді. Бұл біздің Қазақстан теннисін дамытудағы жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Іріктеу сайысындағы жеңістер әлем чемпионатында жалғасады деп сенемін», деді Б.Өтемұратов.
Мегаполистегі Ұлттық теннис орталығында 16 жасқа дейінгілер арасында теннистен әлем чемпионатына Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу кезеңінің жеребесі тартылып, бозбалалар арасында жарыс басталды. Бұл 7-13 мамыр аралығында өтеді. Чемпионатқа 16 команда қатысады.
Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Дияс Досқараевтың айтуынша, халықаралық теннис федерациясы еліміздің өтінішін қабылдап, матчты өткізуге дәл Шымкент қаласын таңдаған. Өйткені мегаполис ауқымды жарысты ұйымдастыруға барлық талабы жағынан қолайлы болған. Біріншіден, спорттық инфрақұрылымы ұнады. Екіншіден, ойыншылардың жүріп-тұруына ыңғайлы деп танылды. Қонақүй мәселесі де халықаралық теннис федерациясының көңілінен шыққан. 16 мемлекеттен командалар ұшып келді. Оларды күтіп алу, орналастыру жағы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлттық теннис орталығы тек жарыс алаңы емес, тәжірибе алмасу орны болды десек болады. Өйткені еліміздің барлық өңірінен бапкерлер келіп ойынды тамашалады. Екінші командалар да, жасы кіші спортшылар да ұлттық құрамаға жанкүйер болды. Олар тек жарыстың қызығын тамашалап қоймай, мықты командалардың ойын өрнегін, әдіс-тәсілдерін де бақылап, іштей ой түйіп отырды.
Теннис федерациясының вице-президенті Д.Досқараев баяндағандай еліміз бойынша 400-ден аса корт бар. Соның ішінде Шымкентте 40 корттың игілігін теннисшілер көріп жүр. Ұлттық теннис орталығына 20 корт тиесілі. Одан басқа «Сұңқар», «Динамо», «Спартак» спорт клубтарында жекеменшік корттар орналасқан. Дей тұрғанмен халқының саны миллионнан асатын мегаполис үшін әлі де корттар керек.
«Осыдан екі жыл бұрын қала әкімі Мұрат Әйтенов пен федерация президенті Болат Өтемұратов арнайы келісім жасап, теннис спортын дамытуға уағдаласты. Осыған орай арнайы жоба жасалып, ол қазіргі күні дайын тұр. Осы жоба аясында биыл үлкен теннис спорт кешенінің құрылысы Шымсити аумағында басталады. Бұл шаһардағы екінші үлкен теннис орталығына айналады. Жылдан жылға балалар саны көбейіп келеді. Соның есебінен теннис спортына да қызығушылық артып жатыр. Халықаралық дәрежеде спортшыларымыз үлкен нәтижелер көрсетіп жатқан соң да балаларда теннисші болсам деген жақсы ой қалыптасуда. Теннис – елімізде кейінгі жылдары тез дамып келе жатқан спорттың бірі. Бүкіл еліміз бойынша бүгінде теннис секциялары толып тұр. Теннис спортын қолға алу 2007 жылдан басталды. Федерацияның жаңа президенті инфрақұрылымды дамытуға өз есебінен мол қаражат құйды. Қосымша демеушілер де тартылды. Адамдардың бұл спортқа әуестігі де өсе түсті. 2007 жылы 500 адам тенниспен айналысса, бүгінде олардың саны 30 мыңнан асты. Тенниске қызығушылықты арттыру үшін 10 жасқа дейінгі балаларға арналған «Бейби теннис» бағдарламасы құрылды. Одан бөлек «Team Kazakhstan» академиясы ашылды. Оған дарынды ойыншыларды өңірлерден іріктеп аламыз» деді Д.Досқараев.
Теннис федерациясының өкілі Шымкенттен шыққан талантты өрендерді де атап өтті. Олардың ішінде 12 жасқа дейінгі ұлттық құрама сапында өнер көрсететін Сабина Шұхратова, сол секілді Никита Николенко сынды жақсы ойыншылар бар. Сондай-ақ мегаполисті теннис спорты үшін ерекше маңызды аймақ санайды. Себебі теннис жазғы спорт түріне кіретіндіктен қыстан кейін ең бірінші сыртқы кортта ойын бастайтын Шымшаһар саналады. Инфрақұрылымы жақсы болғандықтан Өзбекстанның құрама командасы осында жаттығу жасап тұрады. Ұлттық теннис орталығы республикалық спорт кешеніне жатпайды. Бұл жерде әлемдік теннис додасына лицензиялық жарыстар ұйымдастырылады. Теннистен халықаралық Азия федерациясының орталығы болып саналады. «Үлкен дулығаға» жол салу үшін Азияның мықты ракеткалары осында дайындалады. Республикалық теннис федерациясының Шымкент филиалында 20 адам жұмыс істейді. Олар құрама команданы Қазақстан кубогіне, шетелдік жарыстарға баптайды. Сонымен бірге бүгінгідей халықаралық жарыстарды өткізуге атсалысады.
Теннистің артықшылығы туралы айтқан маман бұл спорттың жекелей сынға арналғанын баян етті. Сондықтан шешім қабылдау жеке спортшының өзіне байланысты болады. Сонымен бірге теннис спортшының бойында қайсар мінез, табандылық өз-өзіне деген жауапкершілікті сезінуді қалыптастырады. Ракеткамен допты ұру тек қимыл-қозғалыс емес, ол сонымен қатар дене бұлшықеті мен миды дамытады. Теннис те шахмат секілді. Алдағы ойыныңды жоспарлап отырасың. Бірақ мұнда тез шешім қабылдау керек. Әлемнің көптеген зерттеушісі 5 жыл бойы қай спорт адамға пайдалы екенін зерттепті. Сонда теннис бірінші орын алған. Өйткені жоғарыда айтылғандай теннисте көз де, ми да, аяқтан бастап бүкіл дене қимыл-қозғалыста болады. Сондай-ақ әрбір матч алдында ойыншылар бір-бірін сыйлауға, ережені бұзбауға ант береді. Сондықтан Д.Досқараев теннисті адамды ізгілікке, тәртіпке тәрбиелейтін ең ардақты спортқа жатқызады.
Екі мыңыншы жылдардың басында тенниспен шұғылдану спортшыларға қымбатқа түсетін. Онымен негізінен қалталы азаматтар айналысатын. Дей тұрғанмен еліміздің теннис федерациясы теннисті бұқаралық спортқа айналдыру үшін алдына үш стратегиялық мақсат қойды. Ол біріншіден корттар санын көбейту яғни инфрақұрылымды дамыту. Екіншіден, жоғары дәрежелі білікті бапкерлерді дайындау. Үшіншіден, тәжірибе алмасу үшін түрлі халықаралық жарыстар ұйымдастыру. Міне осы мақсаттың үшеуі де Шымкент қаласында сәтті жүзеге асып келеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде теннис спортының бағасы арзандады. Бапкерлер саны артты. Шымшаһарда 1994 жылы 2 топырақты корт салынғанын айтады маман. Оның алдында спортшылар асфальтта ойнаған. Кейін 2004 жылы Сұңқарда 4 корт бой көтерді. 2010 жылы Ұлттық теннис орталығы ашылады. Содан соң қосымша 8 корт пайда болды. Мегаполисте жан басына қаржыландыру бағдарламасы – Артспорты бойынша 190 бала теннистен тегін секцияларға қатысып жүр. Ал 20 кортпен жабдықталған бұл орталықта қазір 500-ден аса кәсіби спортшы жаттығуда. Қазақстанда 10 жасқа дейінгі дарынды балаларды дәл осы спорт бойынша іріктеп алуға арналған бағдарлама жұмыс істейді. Оған жылына 115 мың доллар бөлінеді. Бұл қаражатқа тенниске қажетті барлық ойын құралдары сатып алынады. Федерация соны барлық өңірге теңдей үлестіріп береді. Енді федерация үлкен қалаларда емес, аудандар мен шалғай ауылдарда да теннис спортын дамытуды алдына мақсат қойып отыр.
Мегаполисте теннистен 30 бапкер жұмыс істейді. Жалпы Шымкент, Астана мен Алматы секілді республикадағы теннис спорты дамыған қалалардың алдыңғы үштігіне кіреді.
ШЫМКЕНТ