Әлемдік «Ethnologue» сараптама орталығының мәліметінше, дүниежүзі халықтарының арасында ағылшын тілі өте танымал екен. Көпшіліктің қызығушылығына айналған тағы бір тіл – қытай тілі. Ал қазақ жастары қандай тілді үйреніп жүр? Олардың таңдауы қай тілге көбірек түседі?
Бүгінде жаһанда қолданыста жүрген 7 мыңға жуық тіл бар. Оның ішінен топ ондыққа ағылшын, қытай, хинди, испан, араб, орыс, бенгал, индонезия мен португал және француз тілі енді. Қазір жер шарының үстінен үстемдік ететін қытай тілінде 1 284 млн адам, испан тілінде 437 млн, ағылшын тілінде 372 млн азамат жатық сөйлейді.
Танымал тілдерді меңгеру адамның білім алуына, табыс пен өркендеуге жол ашатыны белгілі. Мұны мектеп кезінен ұстанымына айналдырып, 13 тілді жетік меңгерген кейіпкеріміз Диана Ғалымжанованың тәжірибесі айғақтай түседі. Бүгінде 25 жастағы ару шет тілін жасөспірім былай тұрсын, зейнеткер әжелер де еркін оқытып жүр. Шамамен 5 мыңнан аса шәкірті бар.
– Бірде анам екеуміз автобуспен кетіп бара жатқанда қасымызда отырған қыз телефонмен бірнеше тілде сөйлесіп отырды. Үйге келген соң анам маған көптілді білгеннің пайдасын, таным көкжиегін кеңейтудегі рөлін жан-жақты түсіндіріп берді. Осылайша, 8-сыныптан бастап менде «мейлінше көптілді білу, үйрену қажет» деген ой қалыптасты. Негізінде мектепте ағылшын тілін ұнатпайтын едім. Тек баға үшін оқыдым. Ал жалпы тіл үйренуге қытай тілі арқылы қызыға бастадым. Оны үйрену қиынға соқты. Шамамен бір жылдай уақытым кетті. Ізінше, жапон тілін 9 айда үйрендім. Неғұрлым көптілді меңгерсең, соғұрлым басқа да тілдерді оқып кету жеңіл болады. Адамдарға үнемі айтып жүретін бір кеңесім бар: егер қандай да біртілді үйрене алмай жатсаңыз, онда басқа тілді байқап көріңіз деймін. Себебі бүгінде бір ағылшын тілінің өзін жылдап оқитындар жетеді. Білім алушы біртілді меңгере алмай жатса, екіншісін жеңіл қабылдауы мүмкін. Бұған өз тәжірибемде көзім жетті. Педагогика және Шығыс Еуропа тілдерін оқыту, халықаралық қатынастар мамандықтары бойынша білім алдым. Ресей, Азия, Еуропа елдерінде тәжірибеден өтіп, бірнеше шет тілінен сабақ бердім. Қазір 13 тілде жатық сөйлеймін: қазақ, орыс, ағылшын, испан, италиян, француз, неміс, чех, поляк, португал, жапон, қытай, кәріс тілдерін біліп қана қоймай, еркін, кәсіби деңгейде аударма жасай аламын, – деді полиглот.
Диана секілді көп тіл біліп, көптің назарына ілікпесе де, әлемнің әйгілі тілі – ағылшыншаны меңгеріп алсам жеткілікті дейтіндер бар. Солардың бірі – Айдана Саламатова.
– «Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың» деген сөз бекер айтылмаған ғой. Басқа тілді меңгеру арқылы адам өзге ұлттың мәдениеті, салт-дәстүрі, ерекшелігімен таныс болып, өмірге деген көзқарасың кеңейе түседі. Оған қоса бәсекеге қабілетті маман ретінде дамуыңа жол ашады. Қазір мұнай саласында қызмет істеймін. Мамандығым – химик-технолог. Жұмыс барысында ағылшын тілі өте қажет. Әрі мансабымның көтерілуіне де көмектеседі. Сол үшін міне 6 айдай болды, ағылшын тілінен курсқа аптасына 3 рет үзбей барып жүрмін. Нәтижесін де көріп жатырмын. Таным көкжиегің кеңейеді дегені рас. Бұған қоса, жаһандану орын алған сайын, ағылшын ортақ тілге айналды. Ағылшын тілін білсең, еркін саяхаттай аласың, – деді ол.
Педагог Диана Ғалымжанованың айтуынша, қазақ жастары ағылшын тілінен бөлек, корей, қытай, жапон тілдерін үйренуді трендке айналдырған. Оған басты себеп, креативті экономикамен ұпайын арттырып отырған елдердің өнімдері. Яғни корей дорамалары мен қытай анимелері. Мәселен, корей тілін жетік меңгеріп, Корея үкіметі бөлген грантты жеңіп алған Айзере Орымбай студент кезінен осы елдің доромаларын көргенді ұнататынын жасырмайды.
– Одан қалды жасөспірім шақтан шетелде оқуды армандайтынмын. Өзіме мақсат қойып, корей тілін үйрене бастадым. Оған шамамен үш жылдай уақытым кетті. Бакалаврды Қазақстанда оқығаннан кейін, магистратураға түсу жолдарын қарастырдым. Осылайша Корей үкіметі бөлген грантты ұтып алдым. Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласындағы Кенбук ұлттық университетіне грантқа түстім. Мамандығым – «Медиа және коммуникация». Олар менің оқу ақымды, баратын ұшақ билетімді толық өтеді. Бұған қоса ай сайын 380 мың теңге көлемінде шәкіртақы береді. Мұндай мүмкіндіктер өзге елдер де бар. Тек оны қалт жібермей, талабына сай құжатыңды тапсырып, қажетті тілде еркін сөйлесеңіз болғаны. Меніңше, бұл білім-білігіңді шыңдайтын оңтайлы жол – деді магистрант.
Айтпақшы, осы «SIL International» ұйымы жасап шығаратын әлем тілдері бойынша ең танымал «Ethnologue» мәліметі дүние жүзінде қазақ тілін білетін азаматтар саны 22 миллионнан асқанын жариялады. Оның 14 млн-ға жуығы өзіміздің отандастар болса, қалғаны Қазақстаннан тыс жердегі азаматтар. Демек, тілге шетелден де сұраныс бар.
– Бала кезде географияға қатты қызықтым. Он жасымда ма екен, нақты есімде жоқ, Қазақстан туралы кітап оқыдым. Содан әсем жерлерге, онда тұратын халықтың мәдениетіне тамсандым. Сөйтіп бес жыл бұрын қазақ тілін өз бетімше үйрене бастадым. Интернеттен қажетіме жарайтын бірнеше материал тауып алдым. Әрі «Ninety One» тобының шығармашылығымен танысып, қазақ тілін үйренуге деген құлшынысым үдей түсті. Сөйтіп, 2020 жылдың жазында АҚШ-тың Висконсин университетінде қазақ тілінен сабақ беретін Гүлнара Глоацкидің интенсив курсына қатыстым. Бір сыныпта төрт адам оқыдық. Үшеуі орыс тілін біледі. Ал мен орысша бірде-бір сөз білмейтінмін. Десе де, қазақ тілін тез үйреніп, емін-еркін сөйлеуге асықтым. Негізі, мен үнемі Қазақстанға барғым келетін. «Фулбрайт» бағдарламасы туралы естігенімде бірден Қазақстанға баруға жақсы мүмкіндік екенін түсіндім. Сөйтіп, 2021 жылдың қазан айында «Фулбрайтқа» құжат тапсырдым. Мұнда іріктеу жұмысы ұзаққа созылады. Сөйтіп, 2022 жылдың сәуір айында Тараз қаласына келдім. Қазір ағылшын тілінен сабақ беремін. Әрі IELTS-қа даярлық курсын жүргіземін, – деді АҚШ азаматы Эван Аллен.
Айтпақшы, зерттеушілер жоғарыда аталған 7 мың тілдің шамамен 40 пайызға жуығына жойылу қаупі төніп тұрғанын анықтаған. Бұған көрші Ресейдегі Ғылым академиясы Тіл білімі институтының ғалымдары «алаңдатарлық жайт» деп баға берген. Алайда енді бұл үдерісті тоқтату қиын. Өйткені тілдер бір-бірімен бәсекеге түскен жағдайда оларды қолданушылардың түрлі әлеуметтік-экономикалық деңгейлері көбінесе тілдік теңсіздікке әкеледі екен. Бұған жарты ғасырдан астам уақытта толықтай жойылып кеткен 700 шамасындағы ұлт пен ұлыстың төл тілінің тағдыры мысал бола алады...