Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті жазушы-драматург, аудармашы, қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың туғанына 110 жыл толуына орай «Рахметолла Райымқұловтың әдеби мұрасы: көркемдік және ұлттық мінез» атты ғылыми тәжірибелік конференция болып өтті. Мерейтой қарсаңында ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің ұйымдастыруымен ұлттық әдебиеттің беделін көтеріп, жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру мақсатында жарияланған республикалық әдеби байқаудың қорытындысы мәлім болды.
Белгілі қаламгерлер қазылық жасаған байқауға проза, публицистика және қаламгердің шығармашылығына арналған үш аталым бойынша 107 шығарма келіп түскен. Ғылыми конференцияда студенттер, магистранттар мен жас ғалымдар арасында өткізілген осы байқаудың қорытындысы бойынша үздік жұмыс пен жүлдегерлер есімі анықталып, оларға қаржылай сертификат табысталды.
Марапаттау рәсімінен соң қаламгердің әдебиеттегі орны, шығармашылығындағы ерекшелік туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы «Туындыларын уақыт жеңе алмаған жазушы» атты баяндамасында егжей-тегжейлі әңгімеледі.
Әдебиеттің алтын ғасырында өндіре жазған қаламгерлердің бірі Р.Райымқұлов болды. Ұлы Мұхтар Әуезовтің көзі тірі болмағанымен, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Хамит Ерғалиев, Тахауи Ахтанов, Ілияс Есенберлин сынды әдебиеттің классик тарландарымен бірге қалам тербеген Рахметолла есімі елге кең жайылды. «Қазақ әдебиеті мен руханиятының тынысы тарылып, қаладан, орталықтардан ауылға қарай ығыстырылуы ұлы империялық шовинизмнің большевиктік партиясы үстемдік құрған тоталитарлық жүйесі қазақ ұлтына оң қабақ танытқан жоқ. Әсіресе түркі жұртын түгел уысында ұстады. Тарихи кезеңдер мен тарихи оқиғалардың барлығы Рахметолла Райымқұлов шығармаларының тақырыптық арқауы болды» деді профессор Қансейіт Әбдезұлы.
Автор өз басынан өткерген, өзі өмір сүрген осынау кезеңнің тыныс-тіршілігін суреттеп, көркем кестелеп, құнарлы, бейнелі тілде өз туындыларында баяндады. Қаламгердің әр жылдары жарыққа шыққан шығармалары жүз мыңдаған тиражбен қазақ оқырманының қолына тиді. Ғалымның айтуынша, 65 жасында өмірден ерте өткен қарымды қаламгер шығармалары ұлтпен бірге жасай береді.
Мемлекет басшысының тапсыруымен жиынға арнайы келіп қатысқан Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев конференция қатысушыларына Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Рухани мұралары қымбат қазынаға айналған қаламгер мерейтойына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің жолдаған лебізін «Қазақ газеттері» бас директорының орынбасары Думан Анаш жеткізді.
Руханият қайраткерлеріне тағзым жасалатын тағылымды басқосудың көңіл толқытар сәті – тарих қойнауында қалып бара жатқан есімді естелікпен жаңғырту. Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков қаламгер ағасымен аралас-құраластығы туралы әңгімесін «үлкеннің кішіге қамқорлығы» дейтін ұмытылып бара жатқан ерек қасиетпен байланысты өрбітті. Ол кезде Рахметолла ағасы «Жұлдыз» журналының проза бөлімін басқарады. Әдебиетті сүйетін жас жігіттің Мәскеу түбіндегі қалың орман ішінде әскери борышын өтеп жүріп жазған ең алғашқы әңгімесі «Гауһартастың» өн бойына тұнған сұлулықты танып, бір күліп, бір жылап оқып ұнатып, әдеби басылымда жариялануына жәрдем бергенін, қаламгер қамқорлығынан басталған сол сыйластықтың өмірінің соңына дейін жалғасқанын еске алды. Сондай-ақ Р.Райымқұловтың «Түйелі адам» шығармасының желісі бойынша «Мақшар түнгі махаббат» атты пьеса жазғанын, пьеса желісімен сахналанған спектакльдің М.Әуезов атындағы драма театрының репертуарынан түспей, табысты қойылып келе жатқанын айтты.
Тіршілікте санаулы сәттерде ғана кездескенін еске алған ақын Нұрлан Оразалин Р.Райымқұловтың өз жолын, өз сүрлеуін өзі салып кеткен тұлға екенін тебірене жеткізді. «Алғаш 1966 жылы «Жұлдыз» журналына өлең алып бардым. Журналдың поэзия бөлімінде Мұқағали Мақатаев бар деп естігенмін, сол кісіні іздедім. Кабинетке кіріп барсам, төрде Асқар Сүлейменов телефонмен сөйлесіп отыр, оған қарсы бетте шапшаң қимылдайтын кіші Рахаң жүр. Бір кезде Қалихан ағамыз кіріп келді. Төрде басқаларға қарағанда ересектеу ақсары кісі үндемей қарап отырды. «Кімді іздедің?» деді. Өлең әкелгенімді айтып едім, «Мұқағалиды іздеп келген шығарсың, ол далаға шығып кетіп еді, қазір келеді» деді. Көзінен қиындық көрген, өмір көрген, тағдырын әдебиетке арнаған адамның сәулесін көргендей болдым. «Проза жазбайсың ба?» деп сұрады. «Жоқ» дедім. «Ендеше...» дей бергенінде, Мұқаң кіріп келді. Осыдан кейін мені кездестіре қалса «әй, Мұқағалидың інісі» деп алыстан қолын көтеретін» дейді ақын Нұрлан Оразалин.
Жиында сөз алған қаламгерлер Р.Райымқұловпен қызық жағдайда танысқанын сөз етсе, белгілі қаламгер Сауытбек Абдрахмановтың таныстығы «шыжық» жағдайда басталғаны тыңдаушысын бірден үйіріп алды. Сол жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіне Р.Райымқұловтың «Көксерек» – шықпауына көп себеп» деген сын мақаласы жарияланады. Онда автор кино мен шығарманың алшақ кеткен тұстарын санамалап көрсете келіп, «осы фильмді М.Әуезов көрсе не дер еді? Сөз жоқ, ол кісі түңілер еді» деген ауыр түйін жасайды. Университеттің соңғы курсында диплом жазып жүрген студент С.Абдрахманов «Социалистік Қазақстанға» «Құрмаш, қасқыр және қайырымдылық» атты мақала жазады. «Көксерек» фильмі жарыққа шыққаннан кейін жоғары бағаланып, кеңес киносының атынан «Оскар» сыйлығына номинацияға ұсынылып жатқан уақыт. Фильмнің «Оскарға» ұсынылуы – үлкен баға. Жаңа фильмнің ерекшелігін жан-жақты саралаған мақаласында студент Рахметолла ағасының «Қазақ әдебиетінде» жарияланған мақаласымен келіспейтін тұсын атап көрсетеді. Осы қылығына өзі де іштей қысылып жүрген жас журналист арада жылға жуық уақыт өткеннен кейін Жазушылар одағы алдында қаламгер ағасымен кездейсоқ кездесіп қалып, қолайсыздана амандасып, аты-жөнін айтып танысады. Ол кісі жайдары қабақ танытып, сәлемін ықыласпен алғанда иығынан ауыр жүк сыпырылып түскендей жеңілдеп сала береді. Майдан көрген жазушы мақаладағы көп пікірге тоқтағанын айтып, көңілі толған ризашылық райымен жас автордың қолын алады.
Осы тектес әсерлі естеліктер түйінін белгілі қаламгерлер Смағұл Елубай мен Ақұштап Бақтыгереева да тарқатып, жазушы шығармаларының бүгінгі буынның игілігіне айналуы үшін қажырлы еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген қызы, белгілі композитор, қоғам және мемлекет қайраткері Ақтоты Райымқұловаға рахмет-ризашылығын білдірді. Конференция аясында университеттің кең залында қаламгер өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін мазмұнды көрме ұйымдастырылып, «Қазақ университеті» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жарық көрген жазушыға арналған қос жинақтың тұсаукесері өткізілді. Жазушы тұрған Достық көшесі бойындағы үйге ескерткіш тақта орнатылды.
АЛМАТЫ