• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Табиғат 17 Мамыр, 2023

Ор қазу опық жегізеді

412 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары өңірде ақбөкеннің саны күрт көбейді. Зообелсенділер жалпы саны 6,5 миллион басқа жуықтады деген жорамал айтып жатыр. Қалай болған күнде де еселеп өскені анық.

Басы өскен соң кең өріс, шал­қар жайылым керек екені белгілі. Оның үстіне киелі жануар сан ғасыр бойы иен далада еркін, самал желмен жарысып, сары сағымды жа­мылып күн кешіп келе жатыр. Іл­кідегі үйреншікті, жыл бойы қа­лыптасқан киік соқ­пағының жолына сыналай салынып, кесе-көл­денең теміржол, авто­көлік жолы тәрізді кедергі түс­кен. Бәлкім содан ба екен, қа­лыптасқан жүрісінен жаңылды.

Біздің өңірде де қоңыр аң күрт көбейді. Қуанышымен бірге қиындығы да миллион­даған тұяқ­тың ізімен ере келді. Ырыз­дығын дала тө­сінен терген ди­­қандар кейінгі жылдары киіктің зиянынан әбден зә­ре­зап болып, зар илеу­де. Жал­ғыз диқандар ғана емес, төрт тү­лік малдың сү­ме­сімен күн көр­­ген малсақ қа­уым да жайы­лымымызды жайпап, шабын­дығымызды басып кетті деп өкпе қара қазандай болып отыр. Өңірде ақбөкеннің тұя­ғы егістік ал­қабының ту-та­лақайын шы­ғарып, шығынға батқан ауыл шаруашылығы құры­лымдары аз емес.

– Біздің өңірдің диқандары ақбөкендерден зардап шегіп отыр. Жалғыз біздің аудан ғана емес, Атбасар, Жақсы, Қор­ғал­жын ауданында да осын­дай келеңсіз көрініс қа­лыптасып жа­тыр. Қазір тығы­рықтан шы­ғар жол табу қиынға айналды. Алдымызда екі-ақ таңдау тұр: не ақбөкен өсірейік, не егін егейік. Ме­ніңше, қанша шы­ғын келсе де, ақбөкендердің өрі­сін қоршау керек. Басқа жол көріп тұрған жоқпын. Әйтпесе атуға болмайды. Тіпті үркіту де дұрыс емес. Шаруалар жаз бойы кезектесіп егістіктерін қо­ры­ғанымен, қай жақтан сап ете түсетінін кім білсін, табын-табын ақбөкен желе жоры­тып келіп, енді көктеп келе жат­қан егінді басады да кетеді, – дейді Егіндікөл ауданындағы «Қоржынкөл-А» серіктес­тігі­нің басшысы Әбілқайыр Ошақбаев.

Диқандар өздерінше қиын­дық­тан шығар жол іздеп жатыр. Атбасар, Жақ­сы, Қорғал­жын ауданда­рының ауыл ша­руашылығы құ­рылымдары егіс­тік ал­қаптарының айна­ласын шамамен үш метр тереңдікте қазып, орлап тастапты. Киік­тен қорғанған қарекеттері және оқыс әре­кеттеріне еш­бір рұқсат ал­маған. Қазір бұл қадам экология жанашырлары мен тұрғындар арасында дүмпу туғызуда. Ауыл тұрғындары егістік ал­­қаптардың ысырап болмай, қорғалуы керек еке­нін түсінеді. Диқандар миллиард­таған шығын шегіп отыр. Жел­дей ұйытқыған мың­да­ған киік егін көктеген кезде үстінен бір өтсе, бар үміті зая. Жеп тауыспағанымен, өткір тұяқтарымен тамырына дейін кесіп, қопарып кетеді. Қазір егін еккен қауым ақбөкеннен ке­летін залалды шегіртке шабуылынан бір кем емес деп отыр. Ал ор қазу оңтайлы шешім бе? Осы ауылдың тұр­­ғындарының айтуына қа­­рағанда, қараусыз мал қа­зылған орға түсіп, шығын бола бастаған. Малмен бірге жайылымға үйреніп қалған жүз сан киіктің топырлап келіп то­ғытылып түспесіне, сөйтіп, мерт болмасына кім кепіл?!

Орайы келмей тұрған ты­ғы­рықтан ор қазып та шыға алмайды екенсіз. Мә­селенің мәнісін тереңдеу білетін адамдардың айтуына қарағанда, шұңқыр қан­шалықты терең болғанымен, бос топырақ қопарылып, жауып тастауы әбден мүмкін. Жап­са болды, көктемгі қы­зыл судай лықсып келген киік табыны қияметтің қыл көпіріндей тар жерден өте бермек.

– Ақбөкен қазылған ордан өте алмағаннан кейін, айнала орағытып көршілес шаруа­шы­лықтардың егістік алқап­тарына түседі. Сол кезде ор қазған­ның айдарынан жел ессе, ор қаз­бағанның ырысы үптеледі. Осыны көріп отырғандар жөнсіз істен үлгі алып, олар да қаза бастайды. Сонда не болмақ? Ауыл мал бағудан қалады ғой, – дейді Атбасар ауданының тұрғыны Серік Қапаров.

Атбасар ауданындағы Сепе, Новомариновка, Со­чин­ское, Петров елді мекен­деріндегі бір­қатар шаруа­шылық өткен жыл­дан бері егістік алқаптарын айнала ор қазып, қорғануға көшкен.

– Бұл – киіктің кесапатын көп көрген, сөйтіп, шаш­етектен шығынға батқан ша­руалардың тіршілігі. Әри­не, әкімдікпен еш­бір келі­сім жасалған жоқ. Негізін­де ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сан мәрте ша­ғым айтқан болатын. Әйтсе де ешкім құлақ асқан жоқ, – дейді Атбасар ауданы әкім­дігінің баспасөз хатшысы Ми­хаил Майер.

Облыстық орман шаруа­шыл­ығы және жануарлар әле­мі аумақтық инспекция бас­шылығы бұл істің проку­ра­ту­раға жолданғанын айтып отыр. Мекеме басшысы Ла­шын­тай Дүйсеновтің пікі­рін­ше, қазір өңірде ақбөкен мәсе­лесі өте өткір күйде. Таяу­да Степногор қаласында Эко­ло­­гия министрі Зульфия Сү­лей­­менованың қатысуымен өткен жиында да бұл мәселе көте­рілген. Мәселе жан-жақ­ты зерттеліп барып шеші­летіні мәлім етілген.

– Осындай келеңсіз жағ­дай орын алып отыр. Бір­неше аудан­дағы ауыл ша­руашылығы құрылымдары жергілікті әкім­діктің рұқса­тынсыз егістік ал­қаптарын айналдыра ор қазып тастаған. Күні бүгінге дейін бес киіктің осы орға құлап опат болғаны белгілі болып отыр. Жазықсыз жануарлардың өлек­селері шашылып жатыр. Біз өз тарапымыздан облыстық про­ку­­ратураға, экология де­пар­­­­­­та­ментіне, жергілікті ат­қа­ру­­шы органдарға жердің қор­­­ғалуы мен пайдаланылуын бақылау мекемесіне хат жаздық. Атбасар ауданын­да ар­найы жиын өткіз­дік, – дей­ді облыстық орман ша­руа­шы­лығы және жануар­лар әле­мі аумақтық инс­пек­ция бас­шысы Лашынтай Дүй­се­нов.

Жанайқайын жеткізген хат жазылуы жазылған. Бірақ әзірге күрмеуі қиын мәселенің мә­ні­сіне тереңдеп барып, жағ­дай­ды жақсартатын іс-шара қа­былданбай отыр. Тиісті мекеме басшыларының пікі­рінше, ор қазған ойсыз шаруа мәсе­ле­сін шешу бұлардың құ­зы­рына кір­мейді екен.

Міне, осылайша киікке байланысты кикілжің шеші­мін тап­пай, сыздауықша сыз­дап тұр. Әрине, табиғат жа­нашырлары өз пікірін біл­діруі мүмкін. Біз ел ырысы – егіннің ысырап болғанын қаламаймыз. Жазық­сыз жа­нуарлардың жағдайына да көңіл аударған дұрыс. Қалай болған күнде де...

 

Ақмола облысы