• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Мамыр, 2023

Алаш рухты Шарғын ақын

938 рет
көрсетілді

Әдетте Алаш ардақтылары туралы сөз болғанда Жетісу өлкесінен, оның ішінде Алматы облысынан Ыбырайым Жайнақовты, Садық Аманжоловты ғана ауызға аламыз да, бұлардың айналасында да Алаш идеясын жақтаушылар болғанына көңіл аудара бермейміз.

Мысалы, Қапездің «Алаш қонған ақ боз үй бос қалды ма?» деген сөзінің астарында қандай шындық бар еді? Өз заманының озық ойлысының үйіне қонғандар – «алты алаш» деген ұғымға кіретін ұлт я ұлыс балалары ма, әлде нақты Алаш қозғалысының мүшелері ме? Әсте, қазақ өз руларынан бөлек адамдарды да «алаштың баласы» дей береді. Сондай-ақ түркі тектес ұлттар мен ұлыстарды қосып «бір алаштың баласымыз» дейді. Біздіңше, Қапез алты алаштың баласын да, Алаш қозғалысы мүшелерін де айтып отыр. Олай дейтініміз – Қапез­дің үйінде қырғыздың, татар­дың, ұйғырдың оқығандары да, Алаш қозғалысының бел­сенді мүшесі, заңгер Садық Аман­жолов та, Мұхтар Әуезов те, Ілияс Жансүгіров те қонған. Өл­кеде әр саланы басқарған Ораз Жан­досов, Ыдырыс Көшкінов, Нұрбапа Өмірзақов, Біләл Сү­леев, Әубәкір Жүнісов, Майлы Орманов, Нұрбек Балабеков, Әбен Атамқұловтар да болған. Олардың бәрі ас ішіп, аяқ босату үшін емес, елдік мәселесін ақылдасу үшін келетін. Мұхтар мен Ілиястың тапсырмасымен Қапез 1925 жылы Шәлкөдеге барып, Көдектің өз аузынан өлең­дерін хатқа түсіреді де Ілияс Жансүгіровке табыстайды. (Ілияс­­тың мұрағатындағы Қапез жа­­зып алған Көдек жырларын Ф.Ға­би­това 1941 жылы Ғылым Ака­­де­миясының қолжазба қоры­на №38 тіркеткен).

Сталиндік-голощекиндік реп­рессия бір-бірімен дос адам­дар­дың ғана емес, бір анадан туғандардың да арасына күдік пен күмән уын таратып, сенбес­тік пен секемшілдік пиғы­лын өршіткенінің кесірінен бірі екіншісімен дос, туыс екенін айтудан қорықты. Соның салдарынан көп шындық айтылмай қалғаны жасырын емес. Өзгелерге қарағанда Алаш қайраткерлерінің аты жүрген жерге ерекше алакөзбен қараған кеңес үкіметі Қапез секілді арыс­тың мұраларын да «жау» деп білген.

Қапездің замандасы Шар­ғын ақынның да Алаш қайрат­керлерімен байланысы бары бүгінге дейін жария болған жоқ.

Қаңылы Аюкенің Садығысың,

Тәңірім сені берді халық үшін.

Қайратсыз қазағыңа

қарның ашып,

Болғанмен сыртың салқын,

жалын ішің.

Қазақты заң жолымен

қорғаймын деп,

Жаныңды құрбан еттің

арың үшін, –

деген өлеңі (ҚР ҰҒА М.О. Әуе­зов атындағы ӘЖӨИ Қол­­жаз­балар қорындағы 1348-2 ті­­зім­де сақтаулы. Қорға тапсыр­ған Ті­леухан Шарғынұлы) Шар­ғын ақынның Алаш заң­гері Садық Аманжоловпен мұ­рат­тас, мүдделес болғанын дә­лел­дейтін айғақ. Олардың түпкі мақ­сатының бір болуы ішкі рухани жақындығынан көрінсе, екінші жағынан олар жерлестер де еді. Екеуі де Алматы облысынан. Бірі – Нарынқол ауданының, бірі – Шелек ауданының тумасы болатын. Олар бір-бірімен кездеспеді деп ешкім айта алмайды. Осы Садық арқылы Ыбы­райым Жайнақов басқарған Алаш қозғалысының Жетісу об­лысындағы Қазақ комитетінің жұмы­сына Шарғынның атса­лысқанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ атсалысқанын дәлелдейтін нақты айғақ та айта алмай қиналады. Өйткені олар өзара тілдескенін, айтқандарын өздерімен бірге ала кеткен. Және Шарғын өмірі әлі жан-жақты зерттеу нысанына айналған жоқ.

Десек те Шарғын екі мәрте – 1936-37 жылдары Ыбырайым Жай­нақов Құлжа қаласына келгенде және 1938 жылы Мұңғұл Күре ауданына келгенінде қыс айында жолыққан. Шарғынның Алаш қайраткерлерімен рухани жақындығы болғанына Алаш ардақтылары шетінен «халық» жауы» атанып, алды атылып, арты итжеккенге айдалып кеткенде жазған мына өлеңі дәлел:

...Бірақ, менің өзімнің

көруімше,

Оңбаған бір мінез бар сенде,

қазақ.

«Қазақ» десем айтамын

өз атамды,

Болып жүрген бір іс бар

елге мазақ.

Өзінен шыққан адал

азаматқа,

Артынан пәле жауып

терме, қазақ.

...

Шарғынның осы өлеңінің ішкі діңі Ахмет Байтұрсынұлы рухымен сабақтас:

Бұл күйге бүгін емес,

көптен кірдік,

Алды-артын аңдамаған

бетпен кірдік.

Шығармай бір жеңнен қол,

бір жерден сөз,

Алалық алты бақан

дертпен кірдік..,

– дейді Ақаң қазақ ішінің бірлік­сіз һәм тірліксіз екеніне қарны ашып. Ашынып қана отырған жоқ, осы өлеңі арқылы ұлты­ның ары мен намысына қамшы са­лып отыр. Шарғынның да көксе­гені - қазақтың төртеуін түгел қы­лып, төбедегісін келтіру, алтауын ала қылмай, ауыздағысын қалдыру. Қазақ деген ұлттың өзге өркениетті елдермен тең болғанын қалайды. Өзгелерден теперіш көріп келе жатқанына қабырғасы қайысады. Мұндай азап пен мазақтан шығудың жолын іздеп,:

Тәңірім, жоқтан бар ғып

жер жараттың,

Үстіне жер бетінің

ел жараттың.

Әлемде бәрін бірдей тең

жаратпай,

Қалайша біз қазақты

кем жараттың?

... – деп Жаратқанға жалбарынады.

Қазақтың тәуелсіздігі, азат­тығы Алаш қайраткерлерінің түп­­­кі арманы болатын. Демек, бұл бағытта да Шарғынның көк­се­гені ел бостандығы, ұлт еркін­дігі.

1935 жылы Міржақып Ду­ла­тұлы қазасына қайғырып жаз­ған өлеңі де оның Алаш рухты ақын екенін дәлелдесе керек. Осы өлеңнің: «Сөйлесе адам кө­ңілін жарқыратқан, Мі­не­зі май­да қоңыр жатық еді», – деген жолдарына қарап, «Мір­жа­қып­пен кездескен бе» деп те қала­сыз. Кездеспесе, Шарғын Мыржа­қыптың мінез-құлқын жаз­ғандарынан аңғарған және Ыбы­райым Жайнақовтан немесе Садық Аманжоловтан естіген.

Шарғын алаштықтар секіл­ді ел бірлігін, тонның ішкі бауындай ынтымағын көксейді. Рушылдыққа жаны қас. Абай айтқан «адамзаттың бәрін сүй...» деген асқақ сана Шарғынның да биік мұраттарының бірі:

... Бұрынғы білермендер айтпады ма:

Кетпесін ынтымақтан

ырысың бір...

Ұлтты бөлшектеген

рушылдың

Түбімен оның бәрі

құрысын бір....

Аспаннан түскен жанды

көргенім жоқ,

Барлығың адамзаттың

ұлысың бір, –

дейді.

Шарғынның азаматтық сана-сезіміне халықтың ауызша жеткен мұраларымен бірге өзі бала кезінен оқыған, көңіліне тоқыған адамзаттық ақыл-ой сәулелерінен нәр алғаны және Абай бастаған алыптардан сусындағаны ақиқат еді. Бұған көз жеткізу үшін оның өлеңдерін оқыған абзал.

Шарғын ақын 1903 жылы Алматы облысы, қазіргі Қарадала өңіріндегі Дардамты деген елді мекеннің Арпалы деген сайында дүниеге келген. Өз қолымен жазған өмірбаянын келтірсек:

«1903 жылы 20 майда туылып­пын. Әкем Алғазы шаруа ада­мы болған, екі көзі кейінірек көр­мей қалған екен. Әкем менің 13 жасымда қайтыс болыпты. Шеше тәрбиесінде болдым (сонда Алғазы 1917 жылы қай­тыс болған). 1917 жылы кеңес үкіметі орнағаннан кейін жа­ңаша бастауыш мектепті бітір­дім. Орысша 3 сыныпқа дейін оқыдым. Мен әдебиетке жасым­нан құмар едім. Ақын-жазу­шылардың кітаптарын көптеп оқып, айтыстарын жаттап, халыққа айтып беріп жүрдім.

Ақыл айтатын ешкім болмады. Інім Арғын жас, өз ақылым­мен жүрдім. Жақсылардан үлгі-өнеге алдым. Кітаптарды көп оқыдым. Ақылшым кітап болды.

Жас кезімде елмен бірге Қы­тай жеріне ауып барып, жат елдің таяғын, сөзін жеп өстім. Екі жылдан кейін анам өліп, көп қиын­шылыққа кездестім.

Қытайдың асуын да көрдім, азабын да көрдім, қамауын да көрдім. Іле ауданы Шапшал ауданында 5 жыл болып, сол жерде мұғалім болып, 1937 жылы Текес ауданына барып мектеп директоры болдым (Шиліөзен мектебінде).

1944 жылдан үш аймақ төң­керісінде Райисполкомның оқу-ағарту бастығы болып, 1951 жыл­ға дейін жұмыс істедім. Содан кейін Қытай қамауында бір жыл жаттым. Екі жыл мәде­ниет бөлімін басқардым. 1955 жылдан 1958 жылға дейін облыстық саяси кеңесте жұмыс істе­дім. 1958 жылы өз Отаныма кел­дім. Ілгері-кейін менің өмірім­мен танысатын жан табылса, міне, осы. Бойымдағы тума талантым – өлең ғана.

 

Шарғын Алғазыұлы»

Шарғынның Отанына орал­ған­­нан кейінгі өмірі соңына дейін кеңес өкіметінің қауіпсіздік ко­ми­­­тетінің қадағалуында бол­ған. Үн­де­местер жылына бір рет арнайы іздеп келіп, өз көздерімен кө­ріп кетіп отырған. Олай бо­луы­­на ақынның ұлтшыл болуы, Алаш­тықтармен байланысы бар­­лығы және өлеңдерінде ке­ңес­­тік-большевиктік саясат­ты сы­нағандығы басты себеп екен­дігі айдай ақиқат еді. Оны өзі де, айналасы да білді. Ашық майданға шыға алмай, не жазғандарын кі­тап етіп шығара алмай, өмірінің соңына дейін ішқұса арманда өтті. 1988 жылы ұзақ науқастанып өмірден озды. Содан кейін ғана ол туралы ептеп айтыла бастады. Алғашқы жыр жинағы 1993 жылы Дәулет Ахметбайұлының құрастыруымен «Көш-керуен» деген атпен, одан кейін 2005 жы­лы Жанболат Аупбаев пен Дүкен Мәсімханұлының алғысөзімен «Атамекен» деген атпен жарық көрді.

Алдағы уақытта М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­­­титутының дайындауымен ақын шығармаларының ака­де­­мия­лық жинақтары жарық көрмек.

 

Сағатбек Медеубекұлы,

филология ғылымдарының кандидаты, өлкетанушы