• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тәрбие 17 Мамыр, 2023

Тәрбие мен саламаттылық зәрулігі

356 рет
көрсетілді

Республикада мектепке дейінгі тәрбие ошақтарында 200 мыңнан астам орын жетіспейді. Бүгінде еліміздегі 11 мыңға жуық балабақшаның 5 мыңнан астамы жекеменшік секторға тиесілі. Мектепке дейінгі жекеменшік тәрбие ошақтарының көбеюін мамандар бәсекелес ортаның қалыптасуына ықпал ететін жағымды үрдіс деп бағалап отыр.

Алматыда «Bilim Invest» ұлттық республикалық қауымдастығы өткізген «Балалық шаққа инвестиция» ІV рес­пуб­ликалық форумында Оқу-ағарту ми­нистрлігі Мектепке дейінгі білім депар­таментінің директоры Наталья Жұ­м­а­ділдаева елімізде балабақша же­тіс­пеушілігінің басты себептеріне тоқ­талды.

– Жекеменшік балабақшаларға сұра­ныс­тың жоғарылығы бәсекелестіктің дамуына жол ашады. Дегенмен оларды тіркеу барысында белгіленген талаптар қатаң сақталуы қажет. Өйткені біздің ведомство себепсізден-себепсіз тәрбие ошақтарына тексеру жүргізе алмайды әрі бұл бизнестің ісіне араласу болып саналады. Сондықтан санитарлық-эпи­демиологиялық, төтенше жағдайлар­ды қадағалайтын органдар мектепке дейін­гі тәрбие орындарындағы балалар қауіп­сіздігінің маңызды екенін қаперден шығар­мауы қажет. Бүгінде еліміздің Қызыл­орда, Алматы, Шығыс Қазақстан об­лыс­тарындағы мектепке дейінгі ор­та­лық­­тар жұмысы республикадағы өзге тәрбие ошақтарына үлгі, – деді Н.Жұ­маділдаева.

Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балаларды ерте дамыту институтының директоры Манара Адамованың айтуынша, балалық шаққа салынған инвестиция тәрбие ісінде ұлттық бағдарламалар жүйелі іске асқанда ғана жемісін береді. Осыдан екі жыл бұрын қолға алынған қанатқақты жоба аясында еліміздің бар­лық аймағынан 20-дан астам бала­бақша өз тәжірибесімен бөлісті. Бұл осы игі шараны алдағы уақытта да жал­ғастыру қажеттігін көрсетіп отыр. Ендігі кезекте оқу-әдістемелік кешендер, экологиялық қолжетімді ойыншықтармен қамтамасыз ету, балалар қауіпсіздігін сақтау, тәр­биеші-педагогтердің біліктілігін арттыру, оларға әлеуметтік жағдай жасау міндеті тұр. Бір-бірімен тығыз байланысты осы талаптар орындалғанда балабақшалар жұмысының заманауи бағытта дамитыны сөзсіз.

Бүгінде 500-ден астам балабақша мен 20-ға жуық мектепті біріктіріп отырған «Bilim Invest» қауымдастығының вице-президенті Күләнда Батырбекованың айтуынша, жекеменшік балабақша ашқан жеке кәсіпкер балалар алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, сапалы білім мен өнегелі тәрбиені қамтамасыз етуі қажет. Бүгінде салада білікті мамандар тапшылығымен қатар баланың жасына лайықты, дамуына ықпал ететін ойыншықтар, оқу-әдістемелік құралдар жеткіліксіз. Сонымен қатар олардың дұрыс тамақтануына көңіл бөлу бірінші кезекте тұрғаны анық.

Осы орайда С.Асфендияров атында­ғы Қазақ ұлттық медицина уни­вер­си­­теті нутрициология кафедрасы­ның доценті, PhD, Ұлттық саламатты тағамтану орталығының маманы Ай­гүл Қожахметова еліміздегі бала­бақ­ша­лар мен мектептердегі тамақтану жүйе­сіне Қазақ тағамтану академиясы мен Ұлттық саламатты тағамтану ор­талығы тарапынан көңіл бөлініп отыр­ғанын жеткізді. Маманның айтуынша, осы мақсатта ЮНИСЕФ бағдар­ламалары аясында тиімді жобалар жүзеге асырылып келеді. Балалардың денсаулығына алаңдаушылық білдірген ол мектеп асханасындағы олқылықтарға тоқталып, жабдықтардың, әдістемелік нұқаулықтардың ескіргенін алға тартты.

– Балабақшадағы бөбектер бүгінгі күн үдесіне сәйкес келмейтін осыдан он жыл бұрынғы нормалармен тамақтанып жүр. Қазіргі ұрпақтың болмыс-бітімін осыдан он жыл бұрын туған балалармен салыстыруға келмейді. Олардың ақпаратты қабылдауы мен дамуында акселерациялық өзгешеліктер бар. Сондықтан жаңа буынға жаңаша ас мәзірін дайындайтын кез келді. Осыған байланысты елімізде өсетін көкөністер мен жемістерді, ұлттық тағамдарды ас мәзіріне қосу міндеті тұр. Халқымыздың ұлттық коды ұлттық тағамнан бас­талады десек, ғарышкерлердің де ас мәзіріндегі маңызды тағам саналатын шұбат, қымыз, саумал, ет, қазы сияқты ұлттық өнімдердің құнары жоғары екені белгілі. Осы орайда нормативтік-құқықтық құжа­ттарды әзірлейтін, құрастыратын, қада­ғалайтын мамандардың құлағына алтын сырға. Ұлттық тағамдарды эпиде­миялогиялық тұрғыдан жарамсыз немесе қолжетімсіз, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне сәйкес келмейді деген желеумен алшақтатуының салдарынан, балабақшалар мен мектеп­тердің ас мәзіріне құнары аз, сапасы төмен та­ғамдар еніп кеткен. Бүгінгі балалар келешегіміздің діңгегін ұстайтын азаматтар болғандықтан, инвестиция­ны мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар денсаулығына, біліміне салып, ас мәзірі жасына, тіптен жынысына, талғамына сай заманауи түрде өңделуі қажет. Бұл жерде балиғат жасына толған қыз және ер балалардың тамақтануында да өзіндік ерекшеліктер бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зиянды тағамдар тізіміне енген тағамдарды жөнсіз тұтыну салдарынан жасөспірімдердің бір басында түрлі аурулар пайда болып, зат алмасу үрдісі бұзылып жатыр. Отбасындағы мерекелік шараларда қазақтың ұлттық тағамдарын тұтыну, тағамтану өнегесін үлгі еткеннен гөрі зиян тағамдарға тапсырыс беріп, тіптен өзге елдердің дастарқанына, экономикасына үлес қосып келеміз. Салдарынан өз құндылықтарымызды жоғалтып аламыз ба деген қауіп бар, – дейді А.Қожахметова.

Бүгінде мектепке дейінгі тәр­бие ісін­де ұлт­тық кадрлар даярлау ісі уа­­қыт күт­тірмейді. Ұлттық тәр­бие құнды­лық­­тарын заманауи жетістік­термен ұш­та­стыра отырып тәрбиелеудегі тәжіри­бесімен бөліскен «ФаиЗаман» ЖШС директоры Бақзат Қасымбекова аталған серіктестікке қарасты 4 балабақ­шада 625 бала тәрбиеленіп жатқанын жеткізді.

– Балаларға қамқорлық ол ұлттық тәрбиеден бастау алады. Бүгінде Талғар, Іле аудандарындағы балабақшаларда өзге ұлт өкілдерінің балалары да қазақ халқының дәстүрі мен қазақ тілін меңгеріп жатыр. Шетелдердің тәжірибесімен таныса келіп, жақсы қасиеттерді бойына сіңірген қазақтың баласындай бала жоқ екеніне көз жеткіздім. Осы он жылдықта «Фаи­Заман» балабақшалар желісінде мең­ге­рушілер мен әдіскерлердің жаңа толқыны тәрбиеленді. Көптеген білікті маман балабақшаларда тәжірибе жинақтай отырып, жекеменшік балабақ­шалар ашып, ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосумен қатар кәсіпкерлікті де қатар алып келеді. Өз ісіне адал мамандардың арқасында ата-аналар да баласының қауіпсіздігіне алаңдамайды, – дейді Б.Қасымбекова.

 

АЛМАТЫ