«Жансарайдың» кезекті қонағы – қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл АСАНҒАЗЫ мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату мақсатында әлі де еңбек етіп келеді. Оған сұхбат барысында тағы бір мәрте көз жеткіздік. «Біздің ең басты трагедиямыз – тарихымызды білмедік», деген кейіпкеріміз соңғы бір аптада 300-ден астам мемлекеттік қызметшіге «Тіл құбылысының ұлттық мазмұны мен мемлекеттік мәртебесі» тақырыбында дәріс өткізген. «Сол 300-дің ең құрығанда 30-ының жүрегіне сөзім жетсе, бұл – мен үшін жеңіс», дейді өзі.
– Оразкүл Асанғазықызы, осыдан 30 жыл бұрын Алматыдағы жиында мінберге шығып қазақ тілінің мәселесін көтердіңіз. Сол кезде ұлттық намыс туралы айттыңыз, қазақ тілінің тағдырына алаңдадыңыз. Қазақтілді қоғам құру үшін тынбай еңбектеніп келесіз. Содан бері не өзгерді?
– Ол кезде мен Сарыағаш ауданының әкімімін. Тіл туралы заңның қабылданғанына 3 жыл өткен. 1984 жылы қайта құру басталғанда жұрттың сана-сезімі, рухы оянып, өзінің төл тілін, дәстүрі мен салтын, Наурызы мен айтысын қайтару үдерісі де кеңінен жүрді. Халқымызда ұлт болуға, ұлттың құндылығына деген үлкен бір серпіліс, керемет бір талпыныс пайда болды. Бұл ауылдағы қарапайым халық та, биліктегі азаматтарымыз да ұлттық құндылықты қайта әкелуге жанталасып жатқан кез еді. Мен 1985-1990 жылдары қазіргі Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, бұрынғы Шымкент облысының Алғабас ауданында қызмет атқардым. Ауыл-аймақтарда өткізген алтыбақан, бәйге, көкпар, Наурыз мерекелеріне халықтың лек-легімен келіп, зор ынтамен қатысқанын көрдік. Сол кезде әрбір аудандық мекеменің алдында күндіз ұлттық спорттан, ал кешке ән-күйден түрлі сайыс ұйымдастыратынбыз. Мәдениет үйінің алдына алтыбақан құрып, ақсүйек ойнатқанда, мыңдаған адам жиналатын. Осы бастамамызды тележурналист марқұм Нұртілеу Иманғалиұлы естіп, маған хабарласып: «Оразкүл, сендер алтыбақан өткізген екенсіңдер, неге телевидение шақырмадыңдар?» дегендей ренішін де білдірді. Шыны керек, біз кез келген істі жарнама, өз-өзіңді дәріптеу үшін емес, ең алдымен халық игілігі үшін жасайтынбыз. Ал 30 жыл қазаққа не берді десек, әрине, Аллаға шүкір дейтін тұстарымыз бар. Ең біріншіден, демографиямыз жөнделді. Қазір қазақтың саны 70 пайыздан асты.
– Ал тәуелсіздік алғанда тілімізді төрге шығару үшін не істедік?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде ұлттық құндылықты жоқтайтын «Азат», «Алаш», «Желтоқсан» париялары құрылған еді. Бірақ уақыт өте бұлардың барлығы шеттеп қалды. «Қазақ тілі» қоғамының өзі халықаралық ұйымға айналып, ауқымды істерді қолға алды. Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбаев бастаған ағаларымыз аймақтарға барып, «Қазақ тілі» ұйымдарын құрған кезде осы істердің басы-қасында облыс басшылығының өздері жүретін. Бұл сол кездегі қазақ тіліне, «Қазақ тілі» қоғамына деген құрметтің көрінісі-тін. Сол жылдары еліміздің әр түпкіріндегі әрбір ауыл-аймақтағы әрбір мемлекеттік мекемеде қазақ тілі ұйымы құрылды. Сол ұйымдарда қазақ тілінің шынайы жанашырлары жүрді. Уақыт өте Тіл комитеті, облыстық, қалалық, аудандық әкімшіліктерде басқармалары құрыла бастады. Олар жақсылы-жаманды іс-шаралар өткізіп тұрды. Оқимын дегендерді оқытты, елді мекендердің атауын қазақшалады, мектеп бағдарламаларына қазақ тарихы, әдебиеті, мәдениетін енгізді, «Балаларыңды қазақ сыныбына беріңдер!» деген үгіт-насихат жүргізілді – жалпы ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылды. Алайда елде қысқарту жүргізілгенде ең бірінші осы тіл басқармаларының жұмысы тоқтатылды. Қазір бірде-бір ауданда тіл басқармасы жоқ, оның біреуін мәдениет, енді бірін білім басқармасына қосты. Осылайша, аудандарда бір-бір ғана тіл маманы қалды. Ал аудандарда, әсіресе солтүстік, орталық өңірлерде бұл бағытта істейтін жұмыс жетіп-артылады. Ең жұмысы көп, қазақ тілі қолданысқа енбей жатқан Алматы қаласының тіл басқармасын 5-6 жыл бұрын мүлдем жауып тастады. Өйткені жоғары жақтан тілдің жағдайын ешкім сұрамайды. Талап жоқ, талап қойылмаған соң талпыныс та жоқ. Әкімнен ешкім сұрамайтын сала әкімге керек пе? Қазір менің білуімше, елімізде санаулы облыстарда ғана тіл басқармасы жұмыс істеп тұр. Олардың өзін ешкім қолдамайды, іздемейді. Былайғы жұрт сол басқармалардың бар-жоғын да білмейді.
– Осыдан 6-7 жыл бұрын мемлекеттік мекемелерде «Мемлекеттік тілді дамыту» деген басқармалар болды. Кейін атаулары өзгерді. Атауы өзгерген соң, жұмыс бағыты да өзгеріп сала берді. Сіздің айтып отырғаныңыз да осының кері емес пе?
– Бір нәрсе айқын. Біздегі мәселе – мемлекеттік тілді қолданысқа енгізу. Кешегі кеңес өкіметі кезінде елімізде 72 ауданда іс-қағаздар қазақша жүргізілген. Сол кездің өзінде Мәскеу, Алматыда орысша өткен съезд, конференция, пленумның бүкіл баяндамасы сол аудандарға қазақша аударылып жеткізілетін. Қандай тақырыпта өтсе де, сол баяндамалар толықтай қазақшаға аударылып, таңертең таза қазақ тілінде жарияланатын. Сол аудандарда орыс тілінде іс-қағаздарын жүргізетін басқа аудандардағыдай барлық құрылым – саясат, экономика, қаржы, білім басқармалары болды. Сол кездегі барлық жиналыстарды өткізіп, құжат әзірлеуге қазақ тілі жетіп-артылатын. Сол тілді қолданысқа енгізу қажет. Өкінішке қарай, билік осы қажеттілікті туғыза алған жоқ. Ал халықтың осыны биліктен талап ету деңгейі енді-енді ғана өсіп келеді.
«Тілдер туралы» заң 1989 жылы қабылданды. Бірақ 2006 жылы Мұхтар Шаханов Парламент Мәжілісінің депутаты болғанша бұл салаға қаражат бөлінген жоқ. Мәжілісте сөйлеген сөзінде ол: «Сендер 70 жыл табанда жатқан тілді 1 шақырым жолға кететін ақшамен қайтарамын деп отырсыңдар ма?» деп, мәселені төтесінен қойғаннан кейін ғана алғашқы миллиардтар бөлінген еді. Сол кезде 1 шақырым жолға кететін қаржы көлемі 60 миллион теңге екен.
Бұл мәселе қазіргі шынайы өмірдегі проблемамен салыстырғанда түкке тұрғысыз болып қалды. Қазіргінің ең өзекті мәселесі – смартфон. Еліміздің түпкір-түкпіріндегі бір орысы жоқ ауыл баласының өзі орысша сөйлейді. Себебі оның қолындағы смартфон сол тілде сайрап тұр. Оның ішіндегі баланы қызықтырып, бірден өзіне баурап алатын мультфильм, кино, түрлі бейнеролик пен ойынның бәрі орыс тілінде. Сондықтан Үкімет мультфильм, тарихи кинолар түсіруге, балалар өнімі арқылы тарихымызды танытуға, қазақтың ұлт мақтаныштарын, Алаш арыстарын дәріптеуді мықтап қолға алуы керек. Ал енді мультфильм түсіре алмасақ, шетелдің жақсы дүниелерін қазақша сөйлету керек. Рас, кейінгі кездері «Ұлт ұстазы», «Оян, қазақ!», «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» секілді Алаш арыстарын ұлықтаған біраз фильм жарыққа шықты. Бірақ осы ұлт тұлғаларын ұлықтаған дүниенің бәрі отыз жыл бұрын қолға алынып, жұртқа ұсынылғанда ұрпағымыздың сана-сезімін таза күйінде сақтап қалар едік. Ұлттық рухымыз қазіргіден де мықты әрі биік болар еді. Ал бізде жыл өткен сайын мемлекеттік тілге қаржы бөлу де, көңіл бөлу де төмендей берді.
«Тілдер туралы» заңның 23-бабына сәйкес әрбір мамандықтың тізімі жасалып, қай маман қандай және қанша сөзді игеруі керек деген ауқымды жұмыс істелді. Бірақ құжатты бекітуге келгенде Үкімет те, Президент Әкімшілігі де ширақтық танытқан жоқ. Сол кездегі босаңсудың салдары күні бүгінге дейін сезіліп отыр. Мемлекеттік тілдің мемлекеттік қызметке қатысты талабы ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома болуы керек еді. Мемлекеттік қызметке келдің бе, мемлекеттік тілді білуің керек! Арнайы заң қабылдамасақ та, қолда бар «Тілдер туралы» заңның 23-бабына бір құжат дайындау керек еді. Өкінішке қарай, біз мұны да жасай алмадық.
Ең өкініштісі, «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға жіберген жастарымыздан да осыны талап ете алмадық. Болашағынан үміт күттірер жастарды шетелде оқыту тәжірибесі бұрын да болған. «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға баратын әрбір жас міндетті түрде ана тілін білуге тиіс деген мәселені сол кездегі ел зиялылары көтерді. Бірақ олардың үнін билік тағы естіген жоқ. Біздің жіберген ең үлкен қателігіміз де осы – «Болашақпен» кеткен жастардың мемлекет тілін білуін қадағалай алмадық.
Рас, олар білімді, Еуропа көрген. Алайда сол жастар ертең туған еліне келгенде қазаққа қызмет ете алмайды. Өйткені қазақтың тілін білмейді, мінезін тани алмайды, табиғатын түсінбейді, салтын сақтамайды, дәстүрін дәріптемейді. Сонда біз өз ұлтын сүймейтін білімділердің қатарын ғана көбейткеніміз ғой. Ал Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» демеп пе еді? Яғни біз келер ұрпақтың мінезіне мән бермедік. Бұл – ең үлкен кемшілігіміз.
– Мемлекеттік мекемелерде дәріс оқып жүрсіз. Тіл жанашырларын таба алдыңыз ба?
– Өте көп. Мен соны көріп қатты қуандым. Шүкір, бар екен. Мемлекеттік тілім – қазақ тілі деп, игі істер жасап жүргендер жетерлік, әрине. Бірақ «орыс тілімен-ақ күн көруге болады» дейтіндердің де көбесі сөгілмей тұр. Ақын Серік Сейітманның «Қажет емес заң маған, Заңсыз-дағы қадірлеймін халқымды, Заңсыз-дағы кірлетпеймін Туымды» дейтін өлеңі бар. Қазірдің өзінде әрбір адамның Ата заң, «Тілдер туралы» заңмен-ақ қазақ тілін қолданысқа енгізуге толық мүмкіндігі бар.
– Қайрат Жұмағалиев ақын ағамыздың сіз туралы айтқан бір сөзін оқып едім. «Егер біздің елімізде Оразкүлдей он қыз болса, Тіл туралы заңды қабылдаудың да қажеті жоқ» деген...
– Бұл сөзді жалғыз Қайрат аға емес, көп адам айтты. Өскемендік ақын Амангелді Дүсіповтің «Бір Оразкүл керек-ақ Өскеменге» деп өлең шығарғанын білемін. Ешкім өткізбеген Алаштың 90 жылдығын Астанада алғаш ұйымдастырып, басы-қасында жүргенде азаматтар «Алаш тек Асанғазыға керек пе?» деп «Астана ақшамы» газетіне мақала жазды.
Бұрын біз барлық сала қызметкерлеріне қазақ тілі бойынша дәріс оқитынбыз. Қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлары таңғы 5-те жиналады десе, 5-те барамыз. Жол сақшылары түнгі 21-де жиналады десе, «жақсы, біз де сол уақытта боламыз» деп түнімен инспекторларға «Жазатының 2-ақ сөйлем, соны қазақша жаз. Аудармасы жоқ болса, міне қазақшасы» деп, хаттаманың үлгілерін жасап беретінбіз. Ел көп жиналатын халыққа қызмет көрсету орталығы, көші-қон полициясы, емхана – тіл туралы заңға қатысы бар барлық салаға өз аяғымызбен барып, семинар сабақтар өткізіп, заң баптарын тәптіштеп түсіндіріп, міндеттері мен құқықтарын жіктеп беретінбіз. Әр ұжымнан тіл жанашырларын тауып, солармен жұмыс істеуге баса мән бердік. Мәселен, ономастикалық комиссияда қызмет еткен Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Мырзатай Серғалиев, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы, Нұрғожа Ораз, Алдан Смайыл, Ханкелді Әбжан бастаған азаматтар бізбен бірге тізе қосып жұмыс істеді. Жұмыс халыққа керек болғаннан кейін бастамаларымызға ғалым, сенатор, жазушы, әкім, журналист – зиялылардың бәрі келетін. Өйткені біз қолға алған іс-шара елге, ертеңге керек еді.
– Тіл мәселесі – өте нәзік мәселе. Бұл бағытта біз неден ұтылдық? Қай жерден қателестік?
– Ұтылған тұсымыз әрі ең өкініштісі – тілімізді қажеттілікке айналдыра алған жоқпыз. Билік айналдырмаса, халық осы мүддеге жету керек еді. Қазақ тілі кедей тіл емес. Басқаны былай қойғанда орыс тілінен кедей емес. Ал «Түркі тілінің ішіндегі гауһары» деп Мәшһүр Жүсіп айтқан біздің тіл табалдырықта тұр.
Тіл тағдырына араша түскені үшін Амангелді Айталы, Мұхтар Шаханов, Әбіш Кекілбаев секілді ағаларымызды ағаш атқа олай да, бұлай да отырғызып, популист санадық. Сондай ұлт тұлғалары бірен-саран болғаннан кейін «жалғыздың үні шықпады». Ал бүкіл халық талап етсе, билік ешнәрсе де істей алмайды. Елмен санасуға тура келеді. Бірақ алдымен осыны халық түсінуі қажет. Ұлт болып сақталудың төте жолы – өз тіліңде өмір сүру.
Алғабас ауданына қызметке келгенде аймақта сол кезде 50 мың халық тұрды, 50 елді мекен болды. Емге іздесең, бір орыс таппайсың. Сол 50 елді мекеннің 38-інің атауы орысша еді. «Табандарың тиген жердің атауын өзгерт!» деген патша бұйрығы орындалған. Бұл – адамның жадын қалыптастыру үшін жасалған қадам еді. Бәйдібек бабамның мүрдесі тұрған жер Китаевка, оң жағы – Михайловка, сол жағы – Орловка. Сан ғасыр бұрын осы топырақта өмір сүрген Домалақ ананың жатқан жері – Прогресс, оның жаны – Красная нива. Осы 38 елді мекеннің атауын 1988 жылы Алғабас аудандық Халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы болғанда бір сессияда ауыстырдық. Еліміздегі қалалардың ішінде Алаш арыстарының, еліміздің қай өңірінде дүниеге келсе де, ұлт үшін қызмет еткен азаматтардың есімін ұлықтаған шаһар – Шымкент. Шымкенттегі бірталай мектеп, көшеге Алаш зиялыларының есімін бергізіп, ұрпағымен ұлағатты кездесулер, тарихи сабақтар өткіздік. Жұмабек Тәшенов тұрған көшеге атын бергенде мен Әл-Фараби ауданының әкімі едім. Сарыағаш ауданына әкім болып барғанда да ең бірінші қолға алған жұмысым – елді мекен атауларын өзгерту. Ауданның Өзбекстанмен шекарасындағы ауылдың атауы – Черняев, одан кейін – Тоболин, Тельманов, Комсомол... Осылай тізбектеліп кете береді. Осы атаулардың бірін Жібек жолы деп атап, екіншісіне өзінің Дербесек деген тарихи атауын қайтардық. Дербесек – Өгем тауынан бастау алып, сол ауылдың үстінен ғана өтетін қоңыр салқын самал жел. Тарихта қолдан жасалған зорлық пен қиянатты қайта қалпына келтіру – ұлттық намысты ғана емес, қайрат-жігерді де талап ететін жұмыс. Осы жұмыстарды атқара жүріп менің көзім ашылды, төл тарихымызды тани түстім.
– Орысшасы сірескен Целиноградтың жағдайы қалай еді?
– Ал Целиноградта қазақ зиялысының аты тұрмақ, қазақша аталатын көше болмаған еді. Қазақта «Жеңіс» деген сөз жоқтай, «Победа» даңғылы, «Бейбітшілік» деген сөз жоқтай, «Мир» көшесі деп атайтын. Сол жылдары мыңдаған көше, аялдама, 700 ғимараттың атын қазақшаладық. «Синема ситиді» «Самұрық», «Сити маркетті» «Қазына» деп ауыстырдық. Қазір айтуға оңай көрінгенімен, ол кезде мұның өзі үлкен қажыр-қайратты талап етті. Күніне ғимараттарына ағылшынша, қытайша, орысша атау берген 15-20 кәсіпкерді кабинетіме шақырып алып: «Бабаңның қанымен қалған жерге сен мейрамхана, сауда орталығы, сән салоны, бизнес орталығын салып тұрсың. Сөйте тұра, нысанды ағылшынша, орысша атайсың. Сонда ұлттық намысың қайда?» деп үгін-насихат жүргіземін. Бірі түсінеді, енді бірі өзіңе қарсы шығады. Сол күні келген 15 кәсіпкердің ең құрығанда 5-уі ғимаратының атауын қазақшалағанда мойнымнан ауыр жүк түскендей үйіме қайтатын едім. Ал қалғандарын қайтара шақыратынмын. Таңертең жұмысқа келгенше 5-6 балабақша мен мектепті аралап, кешке үйге қайтқанша 15-20 кәсіпкермен сөйлесіп кететінмін. Соған Алла Тағала маған күш-қуат берді. Осы жылдарда түсінгенім – ұлтқа қызмет етсең, аштан қалдырмайды, шаршатпайды да. Ең соңғы демім қалғанша еткен еңбегім осы болмақ. Қазақта «Тамшы тас теседі» деген сөз бар. Менің де сөзімді сөйлейтін, түсінетін халық көбейіп келе жатыр. Тілге қызметте шаршауға болмайды.
– Сіз соңғы уақытта әлеуметтік желінің мүмкіндігін өте жақсы әрі сәтті пайдаланып жүрсіз. Әсіресе Instagram арқылы. Мұнда қазірдің өзінде 100 мыңға жуық оқырманыңыз бар екен. Instagram-дағы парақшаңызды ашқанда, «Отбасылық бақытты насихаттаймын» деп жазып қойыпсыз. Ал сол «Отбасылық бақыт» дегеніміз не?
– Отбасылық бақыт – ең бірінші ерлі-зайыптының түсіністігі деген сөз. Мәшһүр Жүсіп бабамыз «Әйелің жақсы болса, үйіңде күнде жұмақ. Әйелің жаман болса, үйіңде күнде тозақ» деген. Отбасына еге болар отағасы шаңырағын шайқалтпай, қамқор, қорған бола алса, ғана бақыт тұрақтайды.
Шыны керек, бірнеше мәрте әлеуметтік желідегі осы жобамды тоқтатып тастаған едім. Алайда оқырмандарымның сұранысымен қайта бастадым. Әрине, оған да ізденіс, дайындық, уақыт керек. Бірақ халық кәдесіне жаратып жатса, неге қолға алмасқа?
– Ұрпақ, ұл мен қыз бала тәрбиесі, келін мен ене, әйелдің рөлі, жеңгелер институтына қатысты біздің қоғамда мәселе өте көп. Сұрақтар да сан алуан...
– Осы айтылғандардың ішінде қазір ене мен келін мәселесі өткір тұр. Маған қойылатын сұрақтардың көбі ене мен келін қарым-қатынасына қатысты. Қазір қоғамда ажырасу көп. Соның бір ұшы енеге барып тіреледі. Ақиқатын айту керек, біздің кезіміздегідей енелер қазір жоқ. Қазіргі енелердің дені кезінде өз енелерін қарық қылып бақпаған, бірақ үйіне түскен келінге талабы күшті. Еркектердің де арасында ең алдымен әйеліне жағдай жасауды емес, талап етуді білетіндер көп.
Біз ұл-келінмен бірге тұрамыз. Мысалы, мен қазір үйге барғанда немерелерім алдымнан жүгіріп шығып, әжелеп мойныма асылғанда, күні бойы шаршағанымды бір сәтте ұмытып кетемін. Әлемде немеренің еркелегеніне, иісіне, тәтті тілі мен қылығына ешнәрсе жетпейді ғой? Бұл – Құдайдың берген бақыты.
– Ал өзіңіз қандай енесіз?
– Ең бастысы, қазымыр ене емеспін.
– Сізді көпшілік «орақ тілді, өткір сөзді, қатал мінезді» деп таниды. Ал өзіңіз ше? «Адамның мінезі – тағдыры» деп жатамыз. Егер өзгертуге болса, қай мінезіңізді өзгертер едіңіз?
– Мені сыртымнан танитын адамның көбі солай ойлайды. Ал жақын араласып, бірге шай ішіп жүргендердің олай айта қоюы екіталай. Сұс деген бар, сосын мінез деген бар. Мінезсіз адам жұмыс істей алмайды. Мемлекеттік қызметте әр адамның өзіне тән мінезі болуы керек. Аллаға мың шүкір, осындай мінез бергеніне. Ешқашан бір жерде артық айттым, бір тұста кем сөйледім деп өкінген емеспін. Мен 65-ке толғанда Таразда кездесу болды. Сол кезде белгілі журналист, жазушы Жұмагүл Қуанышбекқызы: «Оразкүлге ақпарат Алла Тағаладан келеді. Ақпарат оған құйылып тұрады», деген еді. Сол айтпақшы, мен аузыма келген сөзді қайтармаймын. Маған келеді, соны айтамын және оған ешқашан өкінбеймін.
Әкем шопан болған. Мені атына мінгестіріп алып: «Ел басқаратын қызым келе жатыр!» деп есіктің алдында шеру жасайды екен. Әкенің тілеуі қабыл болады дейді ғой. Расымен де, мектептен бастап біріншілердің қатарында жүрдім. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында оқып жүргенде Ленин стипендиясының иегері атандым. Институтта 2-курс оқып жүрген кезім. Алты факультеттің комсомол комитеттерінің хатшыларын жинаған оқу ордасының басшылығы «Лениннің 100 жылдығына әрқайсың өз мамандықтарыңа сәйкес кеш өткізесіңдер» деген тапсырма берді. Сол кешке екінің бірі қолы жетпейтін, ең танымал «Дос-Мұқасан» ансамблін шақырып, концерт ұйымдастырған едім. Қазір осының бәрін еске алғанда, не деген батылдық, не деген қайсарлық деп өз-өзіме таңғаламын. Осы жеткен жетістігімнің бәрі ең бірінші Алланың, әке-шешемнің және осы мінезімнің арқасы.
– Өмірдің шуақты белесіне шықтыңыз, қандай күйдесіз?
– Әлемнің бүкіл дәрігері де, психологі де айтатын бір сөз бар. Олар жетпіс деген – ең керемет жас дейді. Адамның нағыз жетілген, білімің бар, тәжірибең бар, айтарың бар – нағыз өзіңе де, халыққа да қызмет ететін жас деп білемін. Ал осы да жетер, болдым, толдым деп тоқтасаң, қартаю деген санаулы-ақ сәтте. Мен сол үшін де үйде отыра бергім келмейді. Жұртқа білгенімді айтып, білімімді жетілдіремін, кітап оқимын, түрлі кездесуге, сұхбаттарға барамын. Іздену, ізденіс адамды қартайтпайды. Халқымызда «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деген сөз бар. Мал емес, білім жинау керек екен. Бәрін біліп, түбіне жеткен адам жоқ себебі. Менің де білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Бану ӘДІЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»