• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Мамыр, 2023

Қырғыз бен қазаққа ортақ ұл еді

1700 рет
көрсетілді

1-4 маусым күндері Қырғызстанның астанасы – Бішкекте күрес түрлерінен үшінші әлемдік рейтингтік турнир өтеді. Келесі жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарына қатысу үшін ұпайлар берілетін байрақты бәсекеде көптеген мемлекеттен келген белді балуандар бақ сынайды. Солардың қатарында Қазақстанның ұлттық құрамасы да бар.

Аталған жарыс Қожомқұл Қабауұлы мен Ратбек Са­натбаевты еске алуға арналған. Бұл есімдер көп­­шілікке жақсы таныс. Қожомқұл (1888-1955) – танымал қоғам қайраткері. Ұзақ жылдар басшылық қызметте болған ол қырғыз халқының әл-ауқатын көтеруге айрықша еңбек сіңірді. Сонымен қатар, Қабауұлы дүлей күш иесі және өз заманында жауы­рыны жерге тимеген балуан болған деседі. Қазіргі кезде Біш­кектегі спорт сарайы дәл сол кісінің есі­мімен аталады. Қырғызстанның бас шаһарында жыл сайын Қожомқұлдың құрметіне еркін күрестен халықаралық турнир ұйымдастырылады.

Ал өмірі қысқа болған Ратбек Санатбаев қырғыз бен қазаққа ортақ ұл еді. Ол 1969 жылы Жалалабадта дүниеге келді. Жастайынан грек-рим күресімен шұғылданып, талай биік белесті бағындырды. Кезінде қырғыз күресі құлдырап тұрған тұста Санат­баев жалғыз өзі осы өнерді өрге сүйреді. Аталған бал­уан 1994 және 1998 жылдары Азия ойындарында күміс медаль иеленді. 82 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ол Хиросимада қазақтың даңқты балуаны Дәулет Тұрлыхановтан ұтылса, Бангкокта Оңтүстік Корея өкілі Пак Менсокқа есе жіберді. 1999 жылы Афинада ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола медаль олжалады. 1995-2000 жылдары өткен Азия чемпионаттарында 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленді. Ратбек 1996 жылы Атланта және 2000 жылы Сидней Олимпиадаларына қатысты. Сондай-ақ Гран-при додаларында 12 рет бас жүлдені қан­жығасына байлады. Ол ХХ ғасырдағы Қырғыз­станның ең үздік грек-рим күресі шебері деп танылды. Расында да, тоқсаныншы жылдары Алатаудың арғы бетінде Санатбаевтың алдына түсетін балуан жоқ еді.

Ратбек «Қырғыз бен қазаққа ортақ ұл еді» деуі­міздің өзіндік себебі де бар. Тоқсаныншы жылдары Қырғызстанда спорт саласына қажетті көңіл бөлінбеді. Соның салдарынан бірқатар спортшы шекара асып, өзге мемлекеттердің азаматтығын алды. Дәл сол кезде Дәулет Тұрлыханов Ратбек Санат­баевты өз қамқорлығына алды. Ол бірер жыл даңқты жерл­есіміздің үйінде тұрып, ірі халықаралық жарыстарға Қазақстанда даярланды. Дәулет бауырынан еш көмегін аяған жоқ. Нәтижесінде Ратбек спорттың бұл түрінде сол күнге дейін қырғыздың бірде-бір балуанына бағынбаған белестердің бірінен кейін бір бағындырды.

Бозкілеммен қоштасқаннан кейін Санатбаев Қырғызстан спортының көсегесін көгертуге қамдан­ды. 2005 жылдың қыркүйек айында Ұлттық Олим­пиада комитетінің президенті Баяаман Эркімбаевты белгісіз біреулер атып өлтірді. Сол кезде орынтаққа талас басталды. Басшылық қызметке өз кандидатурасын ұсынғандардың бірі Санатбаев еді. Бірақ оның бұл жоспары жүзеге аспады. 2006 жылдың 8 қаңтарында ол Бішкекте қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Ратбек небәрі 36 жаста еді...