Әлемдік экономиканы бүге-шігесіне дейін зерттеп-зерделеп жүрген «Korn Ferry» халықаралық консалтингтік компаниясы әлемде білікті мамандардың жетіспеушілігі 2030 жылға қарай қатты білініп, бұл саланың дамуына барынша бөгет болады деп болжам жасапты. Онда қаржылық қызметтер секторына кадр тапшылығы 10,7 млн адамды құраса, экономикалық шығындар жыл сайын 1,3 трлн доллардан асатын көрінеді. Осылайша, маман тапшылығына ұрынатын барлық салада технологияның дамуы тежеліп, кадр тапшылығы 4,3 млн адамға жетеді-мыс. Соның нәтижесінде, 2030 жылға қарай жыл сайын 1 103,25 млрд доллар көлеміндегі пайданы жоғалтады екенбіз. Өндіріс саласы бойынша еңбек нарығындағы сұраныс ұсыныстан 7,9 млн адамға асып кетеді екен. Бұл – әлемдік деңгейде аталып отырған көрсеткіш.
Ал елімізде жоғары және орта арнаулы білімі бар білікті мамандар тапшылығы әсіресе, электр энергетикасы саласында айрықша сезіліп отыр. Электр және жылу энергиясын өндіру секторы жоғары білікті мамандарды қажет ететін ерекше сала болғандықтан, мұнда төменгі лауазымның өзіне арнайы білім мен біліктілік аса маңызды рөл атқарады. Ірі кәсіпорындардан бастап тұрмыстық қызмет көрсету орындарына шейін электр энергетигі мамандарына сұраныс үнемі жоғары. Жауапкершілік пен қауіптіліктің жоғары деңгейіне қоса, жалақысының аздығы тағы бар, осы негізден келгенде бұл салада білім алып, жұмыс істеуге бел буғандар қатары жылдан-жылға кеміп барады. Кейінгі кездері аталмыш салада жас кадрлар саны айтарлықтай азайғанын аңғаруға болады. Есесіне жасы ұлғайған мамандар саны артып отыр. Жекелеген кәсіпорындар бұл саладағы жұмыс күшінің жеткіліксіздігі 15%-ға, ал кей жағдайда 20%-ға жетіп отырғандығын алға тартады.
Осы ретте «Қазақстан электр энергетика қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен Ғұмарбек Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде «Жаңа міндеттер жағдайында энергетика саласы үшін кадрлар даярлау» тақырыбында өткен басқосуда біраз мәселелер талқыланды.
Жиынды ашқан аталған қауымдастықтың басшысы, әрі форум модераторы Талғат Темірханов: «Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауының бірінде елге техникалық білімді мамандар қажет екендігін атап өткен болатын. Жаңартылатын энергия көздерін қоса алғанда энергетика секторын дамытып және біліктілігі жоғары мамандармен толықтыруда сапалы кадрларды даярлау мәселесі энергетика саласы үшін аса маңызды. Сол себепті жоғары оқу орындары мен энергетика саласының кәсіпорындары арасында тығыз ынтымақтастық қажет деп есептеймін», деп сөзін бастаған болатын.
Аталған білім ордасының ректоры Мұрат Сыздықов: «Мамандандырылған жоғары оқу орындарында еліміздің электр энергетикасы үшін білікті кадрларды даярлау маңызды. Іскер серіктестіктермен және жетекші шетелдік университеттермен бірлесе отырып, білім беру бағдарламасын жетілдіру қажет. Жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамын, энергетиканы, жасыл технологияларды және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша өңірлік әрі республикалық сараптау комиссиясының жұмысына белсенді қатысуға шақырамын», деді.
Одан кейін сөз алған Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры Төлеуғали Тайтөлеевтің «Колледж – Университет – Кәсіпорын» ынтымақтастығы траекториясын, «Жас маман» жобасы аясында өңірлік құзыреттілік орталығы арқылы оқу үдерісін ұйымдастыру мен электр энергетикасының саласына кадрларды даярлау жөніндегі баяндамасы қатысушыларға ой салғаны бар.
Осы университеттің «Электр энергетикалық жүйелер» кафедрасының профессоры Ертуған Үмбетқұлов көпшілікті электр энергетика саласына арналған жоғары оқу орны бағалау көрсеткішінің даму ерекшеліктерімен таныстырды. Ол өз баяндамасында Білім және ғылым министрлігі Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының қолданыстағы бағалау көрсеткішін әзірлеуде жаңа әрі инновациялық жаңарту бойынша ұсыныстарын білдірді. Айтылған жайтқа байланысты энергетика саласының біліктілік шеңберіндегі талаптар мен кәсіби стандарттарды, «Жаңа кәсіптер атласынан» құзыреттерді есепке алуға ерекше назар аударылу қажеттігін жеткізді. Ол сонымен қатар «Дәстүрлі энергетикалық жабдықтарды жаңғырту жөніндегі инженер» жаңа кәсіпке негізделген бағалау көрсеткішін әзірлеу, модернизацияның маңыздылығына тоқталып, дәстүрлі жылу электр стансасының негізгі жабдықтарын, соның ішінде электр желілерінің көпшілігі 40 жылдан жоғары пайдаланып, оның 50%-дан астамы тозығы жеткен технологиялық құрал-жабдықтардың қыс мезгілінде апаттық жағдайлардың орын алуына себеп болатындығын айтып өтті.
«Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс және активтерді басқару жөніндегі атқарушы директоры Руслан Тұрғамбаев Алматыдағы ЖЭО-2 және басқа да жылу электр стансаларын қайта құру мен дамытуда еліміздің оңтүстік аймағында қуаттылығы 1200 МВт жаңа ЖЭО салу жоспарларын жан-жақты баяндап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде «Жылуэнергетика» МК грантының күрт төмендеуі, ЖЭО мамандарын даярлауға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмей отырғандығын, еңбекақының төмендігі мен өзектілігі бар қазандықтарда және турбиналық цехтарда кадрлардың тұрақсыздығы әрі еңбек жағдайының мәселесін көтерді. Қыс мезгілінде қазандықтар мен жылу электр стансаларының жаппай апатқа ұшырауының бір себебі – суды дайындау және тазартудағы мамандарға көңіл бөлінбейтіндігінен деп те айтылды.
Энергетика саласының кәсіпкерлік субъектілерін қолдау аясында кадрларды даярлаудың ерекшеліктері туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры Жақып Хайрушев атап өтті. Бұл ретте ол соңғы жылдары электр энергетикасы саласындағы қызметкерлердің жалақысы 2 есе төмендегеніне талдау жасап, аталған салада кадрларға қатысты күрделі жағдай қалыптасқанын, мамандар өңірлерден кетіп, тұрғылықты жерін ауыстыратындығын, жалақысы жоғары басқа салада жұмыс істейтіндігін және ЖОО түлектері еңбекақының аздығынан электр энергетикасына жұмысқа тұрғысы келмейтіндігіне де баса назар аударды. Әрине, оған құлақ түрер жан болса...
«Alageum Electric» компаниялар тобының басқарма төрағасы Нұржан Стваев компанияның стратегиялық серіктестігі саналатын географиялық аумақты алып жатқан Кентау, Шымкент, Алматы, Түркістан, Ақтау, Қызылорда, Орал, Петропавл және Бішкек қалаларының бірқатарында электр энергетикасының өнеркәсіптік кәсіпорындары ашылып, орта кәсіптік оқытудың дуальды жүйесі жолға қойылғандығын, Алматы, Шымкент, Орал, Петропавл және Кентау қаласында кәсіби колледждерде жас мамандардың әлеуметтік мәселелер жағы сәтімен шешіліп жатқанын, соның нәтижесінде өз колледждерін бітірген түлектердің 70%-ы «Alageum Electric» компаниялар тобының кәсіпорындарына жұмысқа орналастырудан хабардар екенін айтты. Ол сонымен қатар материалдық және әлеуметтік шектеулерге байланысты мамандандырылған жоғары оқу орындарының түлектері өңірлерге ұмтылмайды, сондықтан компания АЭжБУ және ҚазҰТУ өз кәсіпорындары үшін кадрлар даярлауда білім және ғылыми қызмет саласында бірлескен ынтымақтастықты ұсынды.
Жылу энергетикасындағы кадр мәселесіне АЭжБУ «Жылу электр станциялары» бөлімінің басшысы Андрей Кибарин: «Энергетика саласы жыл сайынғы 1200-1300 деңгейінде жоғары білімі бар жылу энергетикасы мамандарына қажеттілікті сезінеді. Қазіргі уақытта еліміздің жылу-энергетика саласы апатты жағдайда тұр, бұл тек ЖЭС және жылу желілері жабдықтарының тозуына ғана емес, сонымен қатар кадрлардың тапшылығы мен біліксіздігіне де қатысты. Осы себептен жылу желілеріндегі апаттар мен энергетикалық жабдықтардың істен шығуы жыл сайын артып отыр», деді.
«Qazaq Green» қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов те елімізде жаңартылатын энергия көздеріне кадр даярлау мәселесіне тоқталды. Ол елімізде жаңартылатын энергия көздері қуатының үдемелі өсуін, былтырғы жылдың соңында ЖЭО орнатылған қуаттылығы 2,4 ГВт-қа жеткендігін, алдыңғы жылмен салыстырғанда 18,8%-ға, 2017 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7 есеге жуық артқандығын атап өтті.
Бүгінгі күні елімізде энергия жеткізуші ұйымдарда 34 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Алайда соңғы жылдары саладағы мамандар өндірістің мұнай, газ және құрылыс секілді өзге саласына және көршілес мемлекеттерге кетіп жатқаны байқалады. Олардың басқа жұмысқа ауысуы жалақының төмендігінен болып тұрған жайт. Мәліметтерге қарағанда, біздегі жылу электр орталығы өндірістік қызметкерінің орташа жалақысы 2021 жылы 224 100 теңгені құраған. Жылу электр орталығында шығындар жылу және электр энергиясы бойынша тарифтердің 5%-ы жыл сайынғы еңбекақы төлеу қорын өсіруге бағытталғанымен, еңбекақы төлеудің төмен деңгейі әлі де бұрынғы күйінде. Сол себепті жалақысы 1,5-2 есе жоғары ұқсас кәсіптерге және әлеуметтік қолдау мәселелері шешілген аралас салаларға білікті кадрлардың кетуі орын алып отыр.
Білікті қызметкерлердің жетіспеушілігі қалған басқа қызметкерлердің еңбек жүктемесін арттыратыны анық, бұл жұмыстың сапасы мен тиімділігіне әсер етпей қоймайтынын ескеруіміз керек. Елімізде орын алып отырған маман тапшылығын былтыр Мемлекет басшысы да сынға алды.
«Бұл Қазақстанда энергетика саласы үшін кадрлар даярлайтын 24 жоғары оқу орны бар екеніне қарамастан электромонтерлер, жоғары вольтты желілерді жөндеушілер және басқа да жұмысшы мамандықтар жетіспейді. Инженерлік-техникалық персоналдың орташа жасы шамамен 50 жасты құрайды. Үкіметке саланың кәсіби кадрлық әлеуетін және еңбекақы төлеудің бәсекеге қабілетті деңгейін қалыптастыру жөніндегі шараларды іске асыруды тапсырамын», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кадр тапшылығы мәселесін жоғарыда айтқанымыздай бүгіннен қолға алмаса, болашақта оның зардабын тартатын түріміз бар. Министрліктер тарапынан да азды-көпті жұмыстар атқарылып жатыр деуге болады. Ең бастысы, кадрды ұстап тұру жалақының төмендігіне келіп тіреліп отыр. Бұдан басқа Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген Заң жобасына сәйкес коммуналдық салада өтінім берудің алдындағы жылдағы статистикалық деректері бойынша қалыптасқан экономикалық қызмет түрлері де өңірлер бөлінісінде өндірістік және әкімшілік-басқару қызметкерінің орташа айлық жалақысын айқындау жөніндегі норма белгіленіп, ұлттық жоба бекітілді. 2025 жылға қарай сала мамандарының жалақысын 2020 жылғы деңгейге қарағанда 50%-ға ұлғайту көзделген.
«Жаңа міндеттер жағдайында энергетика саласы үшін кадрлар даярлау» форумы энергетика саласын одан әрі дамыту, кадрлардың кетуін қысқарту және жас мамандарды тарту бойынша ұсыныстарды талқылау бүгінгі энергетика саласындағы мәселені шешуге жасалған бір нақты қадам деуге болады. Осы ретте «Қазақстан электр энергетика қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мен Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл электр энергетика саласына жастарды тартуға ықпал етері сөзсіз.