Геосаяси үдерістер аясында Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынас тың қарқын ала бастады. Өңір елдері экономикалық тұрақтылық, ортақ мүдде үшін ынтымақтастықтың өзектілігі артқанын растап отыр. Жуырда Алматыда өткен екінші «Еуропалық одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы қазіргі сын-қатерлер жағдайында көпқырлы әріптестікті әрі қарай нығайтуға негізделген маңызды іс-шара болды.
Орталық Азия ‒ Еуропа әріптестігі энергиямен жабдықтаудың баламалы бағыттарын құру арқылы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік желілерін дамыту, тұрақты да қауіпсіз цифрландыруды ілгерілету, адамдар үшін жұмыс орындарын ашатын «жасыл», орнықты және климаттық бейтарап экономикаға көшу сынды стратегиялық салаларды қамтиды. 80 миллионға жуық халқы бар Орталық Азия ‒ өсіп келе жатқан нарықтың, транзиттік мүмкіндіктердің, жаһандық энергетиканы қолдаудың қуатты аумағы саналады. Орталық Азияның географиялық орны, Еуропа мен Азияны жақындастырудағы, жалпы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі шешуші рөлі, орасан зор энергетикалық ресурстары мен елеулі нарықтық әлеуеті Еуропалық одақтың осы өңірдегі мүддесін бекіте түсетіні белгілі. Бұл ЕО-ның қайта қаралған Орталық Азия мемлекеттерімен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) нұсқасы бойынша анағұрлым заманауи және әртараптандырылған серіктестік құруға ұмтылысынан да көрініс табады. ЕО ‒ Орталық Азиядағы бес елдің негізгі сауда серіктесі. 2021 жылы оның сыртқы саудадағы үлесі 23,6%-ды құрады. Сауда ағыны 2022 жылы өсуін жалғастырды. Орталық Азия аймағына 40%-дан аса тікелей шетелдік инвестиция ЕО-ға мүше мемлекеттерден келеді.
Бүгінде еліміз Орталық Азия елдерінің ішінде ЕО-мен тығыз байланыс орнатқан негізгі ойыншыға айналып отыр. Арадағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім экономикалық және қаржылық, энергетика және көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі, жұмыспен қамту, мәдениет, білім және ғылыми зерттеулерді қоса алғанда, ынтымақтастықтың 29 саласын қамтиды. ЕО-мен дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жылдың ішінде экономикамызға 170 миллиард долларға жуық еуропалық инвестиция тартылды. Еліміздің сыртқы саудасы мен шетелдік инвестициясының 30%-дан астамы ЕО үлесіне тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша тараптар арасындағы тауар айналымы 39,9 млрд долларға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 38%-ға жоғары. Экспорт 32,3 млрд долларды, импорт 7,6 млрд долларды құрады. Бұл ретте еуропалық компаниялардың елімізге салған инвестициясының көлемі 2022 жылы 23 пайызға өсіп, 12,5 миллиард долларға жетті.
Былтыр Еуропалық кеңес төрағасы Чарльз Мишельдің, одан кейін ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррельдің елімізге сапарлары күрделі геосаяси және экономикалық жағдайларда екіжақты қатынастардың дамуына соны серпін берді. Сондай-ақ Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен Египеттегі COP27 климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы аясында шикізат, аккумуляторлық батареялар және жаңартылатын сутектің тұрақты құн тізбектері саласындағы стратегиялық әріптестік туралы еліміз бен ЕО арасындағы өзара түсіністік меморандумына қол қойған болатын. Жақында Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапарымен барып, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың ағымдағы күн тәртібін және оны одан әрі дамытудың перспективалық бағыттарын талқылау үшін Еуропалық одақтың жоғары лауазымды өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Елдеріміз арасындағы бұл үдерістер жоғары деңгейдегі саяси диалогтің, экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты сипаты мен өсу динамикасын аңғартады.
2022 жылы еліміз ЕО-мен сирек кездесетін металдар, көліктік-логистикалық әлеуетті дамыту, сондай-ақ тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыру секілді жаңа бағыттар бойынша серіктестікті дамытты. Мемлекет басшысы мен Еуропалық Кеңес төрағасының қатысуымен Еуропаның ірі «Svevind» компаниясымен Батыс Қазақстанда жел мен күн электр стансаларын орнату бойынша құны 30-40 миллиард еуроны құрайтын маңызды келісімге қол қойылды. 2030 жылдан бастап 3 миллион тонна «жасыл» сутегін өндіретін бұл жоба ЕО-ның осы өнімге қажеттілігінің бестен бірін қамтамасыз ететін болады. Сол секілді еліміз ЕО-мен Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға да басымдық беріп отыр.
ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясына негізделген экономикалық форум екі өңір серіктестері арасындағы диалогтің өңірлік платформасы ретінде маңызды рөл атқарады. Іс-шара Орталық Азия экономикасын одан әрі әртараптандыру, аймақішілік және аймақаралық сауданы жандандыру, заң үстемдігін нығайту мен нормативтік базаны жаңғырту арқылы инклюзивті және тұрақты даму мақсатында ықпалдастықты ілгерілетуді көздейді. Орталық Азия бизнес пен инвестицияға мол мүмкіндіктер ұсынады. Сондықтан форум барысында жеке сектор өкілдерінің пікір алмасуына алаң құрылып, ЕО мен Орталық Азия арасындағы іскерлік байланыстарды жеңілдету мәселелеріне көңіл бөлінді. Бұл ретте маңызды құрылымдық реформаларды жеделдету, тартымды бизнес-орта мен қауіпсіз инвестициялық ахуал құру, жаһандық экономикаға интеграциялау арқылы аймақтың әлеуетін ашу ‒ ортақ мүдде.
Форумда ЕО мен Орталық Азияның «жасыл» және цифрлық күн тәртібіне көшуіне, бизнес-ортаны жақсартуға, сауда мен өзара байланыстарды дамытуға баса назар аударылды. Сонымен қатар 2021 жылы Бішкекте өткен экономикалық форумның қорытындылары, бүгінге дейін қол жеткен жетістіктер сараланып, интеграцияланған экономиканы одан әрі дамыту үшін қажетті саясат, бағдарламалар және инвестиция бойынша алға жылжу жолдары қарастырылды. Жаһандық шлюз, Еуропалық «жасыл» мәміле, Цифрлық күн тәртібі, ЕО аймақтық және екіжақты бағдарламаларын қоса алғанда, жаңа бағдарламалау цикліне сәйкес тұрақты өсім мен өзара байланыстың жоғарыда аталған негізгі аспектілері бойынша сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер бағамдалды. Форумға қатысушылар компаниялар алдында тұрған практикалық міндеттер, сондай-ақ өңірлердің сауда әлеуетін ашуға, өзара сауда қатынастарын жеңілдетуге бағытталған бизнес пен үкіметтердің басымдықтары туралы пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар екі аймақ арасындағы іскерлік, экономикалық байланыстарды ынталандыру мен кеңейту үшін Орталық Азия мен ЕО-да енгізілген озық цифрлық шешімдер талқыланды. Орталық Азия елдерінің мемлекеттік және жеке секторы өкілдерінің қатысуымен «Іnfo Trade Central Asia Gateway» сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі өңірлік портал ресми түрде іске қосылды. Бұл жүйе бизнес-қоғамдастыққа Орталық Азия дәліздері бойындағы трансшекаралық жағдайларға шолу жасайды. Сондай-ақ Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) жүзеге асырып жатқан тұрақты көлік байланыстары туралы зерттеу таныстырылды. Делегаттар Орталық Азия экономикаларының үздіксіз трансформациясы бағытында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдірді.
Бүгінде өңірлер арасындағы сауда ағындарының өсуімен қатар соңғы геосаяси оқиғалардың әсерінен дәстүрлі көлік дәліздері тізбегі бұзылуда. Форум барысында Еуропа мен Орталық Азияны көлік-логистикалық бағыттар арқылы байланыстыру мүмкіндіктері мен сауда-саттықты кеңейту мәселелеріне ерекше ден қойылды. Еуропалық одақ санкцияға ұшыраған елдер арқылы өтетін жүктерді тасымалдауға мүдделі емес. Сондықтан Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасындағы «тар дәлізді» дамыту қажет. Транскаспий халықаралық көлік жолы (ТХКБ) Қытайдан Еуропаға Қазақстан, Оңтүстік Кавказ және одан әрі Түркия арқылы Шығыс Еуропадағы Қара теңіз порттарына шығумен жүк ағынын өткізуге мүмкіндік береді. Соңғы 4-5 жылда ТХКБ арқылы контейнерлік жүктерді тасымалдау көлемі айтарлықтай өсті. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, былтыр жүк тасымалдау көлемі 1,5 млн тоннаға жетті. Бұл ретте қазақстандық жүктің экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 6,5 есе өсіп, 891 мың тоннаға жетті. Контейнерлермен 33,6 мың TEU (жиырма футтық эквивалент) тасымалданды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 33%-ға жоғары. Дегенмен бұл жолдың көптеген проблемасы бар. Мысалы, сұраныс оның өткізу қабілетінен 2-3 есе асып түседі. Ал Ақтау порты жылына небәрі 4-5 миллион тонна жүк жөнелте алады. Баку халықаралық теңіз сауда порты да жүк тасымалының өсуі аясында қолданыстағы қуаттарды жеделдете кеңейтуді талап етеді. Сондай-ақ темір жол ұлғайып келе жатқан жүк тасымалын көтере алмайды. Бұған қоса ТКХБ елдері үшін бірыңғай тарифтің болмауы да кедергі келтіруде. Сондықтан дәліздің мүмкіндігін кеңейтіп, инфрақұрылымды жаңғыртуға инвестиция салу қажет.
Форумның негізгі сессиясында Еурокомиссия вице-президенті Валдис Домбровскис Еуропа мен Орталық Азия арасында жаңа көлік дәлізін құру бойынша басталған бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте ол Еуроодақ Орталық Азия елдерінде бизнес ортаның тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектесетін арнайы бағдарлама әзірлеп жатқандығын, бұл өңірге жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік беретінін жеткізді. «Біздің бәріміздің басты міндетіміз ‒ Орталық Азия елдерінің экономикасын әртараптандыру және тұрақты ету. ЕО-ға мүше елдер бұл аймақ үшін тікелей шетелдік инвестицияның ең ірі көздерінің бірі болып табылады. Еуроодақ ‒ Орталық Азия елдеріндегі ең ірі инвестор, өйткені аймақтағы жалпы инвестицияның жартысына жуығы ‒ 40%-дан астамы ЕО елдерінен келеді. Бұл Қытай мен Ресейдің инвестициясынан көп», деді ол.
Премьер-министр Әлихан Смайылов атап өткендей, еліміз темір және болат өндірісі, машина жасау, тамақ өңдеу және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда құны 2,3 миллиард доллар болатын өңделген өнімнің 175-тен астам түрін ұсына алады. Біз ірі астық өндіруші ретінде жаһандық азық-түлік күн тәртібін жүзеге асыруда ЕО-ның стратегиялық серіктесі бола аламыз. «Біз Еуропалық инвестициялық банктің Орталық Азияда екі аймақтық өкілдік ашу туралы бастамасын да қолдадық. Бұл өз кезегінде Еуропа өкілдерімен инвестиция тартуға тың серпін береді. Жалпы, Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы дәстүрлі қарым-қатынастар халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі дами беретініне сенеміз», деді Әлихан Смайылов.
Экономикалық форум аясында талқыланған негізгі тақырыптың бірі ‒ ЕО-ның Ресейге қарсы санкцияларының 11-ші пакеті аясында Орталық Азия елдеріне қарсы қайталама санкциялар енгізу мүмкіндігі болды. Бұған дейін Еуроодақ кейбір қазақстандық компанияларға санкция салу мүмкіндігін қарастырып жатқаны жайында хабарланған болатын. Сөйтіп, антиресейлік санкциялар пакеті аясында Мәскеумен ынтымақтасатын Қытай, Иран, Қазақстан және Өзбекстанның он шақты компаниясының «қара тізімге» енгізілуі мүмкін екендігі айтылған-ды. Осы орайда Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакала санкциялар әлі де Ресейге бағытталғанын және Орталық Азия елдеріне қарсы іс-шара емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ЕО санкциялары Орталық Азия елдері мен Қазақстанға қарсы емес, геосаяси жанжалға жауап болып отыр. Хакала Еурокомиссияның Қазақстанмен диалог орнатқанын, ағымдағы мәселе бойынша ортақ түсіністік пен қажетті шешімдерді қабылдауға әрекеттесетінін баса айтты.
Осылайша, Еуроодақ пен Орталық Азия елдері аймақтағы мемлекеттердің өркендеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету ортақ мақсатқа қол жеткізуге ықпал етеді деген келісімге келді. Тараптар ортақ құндылықтар мен өзара мүдделерге негізделген берік, көпқырлы әрі болашаққа бағдар алған әріптестікті одан әрі дамытуға деген бірлескен мызғымас бейілділігін растады. Еуропаның елімізге деген ерекше көзқарасы туралы жуырда шетелдік БАҚ та жазған еді. Американдық Politico басылымының жазуына қарағанда, Еуропалық одақ Ресей мен Қытайдың ықпалын қайтарып алу үшін төрт басым елге: Бразилия, Чили, Нигерия және Қазақстанға қатысты жеке жоспарлар әзірлеуде. «Құпия құжатты» Еуроодақтың ресми өкілдері таратқан. Жоспар ықтимал сауда келісімдерін, сондай-ақ энергетика, көші-қон, экономикалық даму және қауіпсіздікті үйлестіруге қатысты жеке ұсыныстарды қамтиды. Басылым жоғарыда аталған мақсаттар туралы мәлімдемеге қарамастан, Еуропалық одақтың автократтардың жетегінде кетпей, келешектің экономикасын құруға деген ұмтылысын оқуға болатынын атап өтеді. «Біз бәсекеге қабілетті геосаяси ортадамыз. Сондықтан өз ұсыныстарымызды жетілдіріп, олармен қарым-қатынасымызды нығайтуымыз керек», делінген құжатта. Бұл ретте басылым құжатта Қазақстанға ерекше назар аударылғанын, ЕО-ның мүддесі ‒ Қазақстан арқылы Ресейге қарсы халықаралық санкцияларды айналып өтуге жол бермеу екенін келтіреді. Сондай-ақ ЕО біздің елімізге шикі мұнайды Ресей арқылы тасымалдамай, Еуроодаққа тікелей экспорттау үшін көмектесуге ниетті екені айтылған.